Internews Батыс Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта медиасауаттылық тренингтерін өткізетін серіктестер іздейді. Серіктестерді байқау арқылы анықтайды.
Медиа-ақпараттық және цифрлы сауатқа оқытатын онлайн-тренингтер Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қазақ, орыс тілдерінде ұйымдастырылуы керек. Төрт тренингтің әрқайсысы бойынша кемі 25 адамды оқыту жоспарланған.
Байқауға аталған облыстардан медиа-ақпараттық және цифрлы сауаттылықты дамытуға мүдделі медиа ұйымдар, коммерциялық емес, қоғамдық және білім беру ұйым өкілдері шақырылады.
Тренингтер 2021 жылғы шілде айынан кешіктірілмей өткізілуі керек.
Талаптары: серіктес ұйымның медиасауаттылық бойынша көпшілік іс-шаралар, тренингтер өткізу тәжірибесі, медиасауат тренерлері немесе оқытушылары болуы шарт. Авторлық оқыту бағдарламасын ұсынуы қажет.
Internews жобаны іске асыруға қаржылай және консультативті қолдау көрсетеді.
Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 2 сәуір, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.
Internews өтініштерді қарастырып, 2021 жылғы 15 сәуірге дейін шешім қабылдайды. Барлық өтініш берушіні қабылданған шешім жөнінде 19 сәуірден кешіктірмей электронды пошта арқылы хабардар етеміз.
Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.