ГранттарCARAVAN халықаралық жобаларға грант ұсынады: кез келген уақытта өтінім бере беріңіз!

CARAVAN халықаралық жобаларға грант ұсынады: кез келген уақытта өтінім бере беріңіз!

Internews еларалық командаларды Rolling Funds принципімен контент шығару байқауына қатысуға шақырады: кез келген уақытта өтінім беруге болады, өтінімдерді тәуелсіз комиссия 2025 жылғы 31 мамырға дейін екі айда бір қарастырып отырады. Ең жарқын, креатив, ерекше жобалар CARAVAN жобасы аясында қаржылай қолдау алады.

Еларалық командалар Орталық Азиядағы өзекті мәселелер жөнінде әрі аймақтағы ынтымақтастыққа сеп болатын контент шығаруға грант алу үшін байқауға қатысуына болады.

Қазақстаннан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан өтінім берген командалар 10 мың еуроға дейін грант ала алады. Ал Өзбекстан командалары 5 мың еуродан аспайтын сомаға есептеп өтінім береді, ол сома стипендия есебінде беріледі.

Біз тек командалардың өтінімдерін қабылдаймыз: командаға Орталық Азияның түрлі елдерінен (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжістан мен Өзбекстан) редакциялар және/немесе олардың өкілдері бірігуге тиіс. Әр командаға кемі екі елдің өкілдері қатысуы керек.

Internews байқау жеңімпаздарына тренингтерге, вебинарларға, менторлық бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ контент сапасын жақсарту үшін медиаэксперттердің қолдауын алуға мүмкіндік береді.

Жобаларды іске асыру мерзімі — 11 айға дейін (Өзбекстаннан өтінім бергендерге — 8 айға дейін).

Байқауға кім-кім қатыса алады?

Байқауға жергілікті тәуелсіз медиа, продакшн-студиялар, шығармашылық бірлестіктер, азаматтық қоғам ұйымдары (ҮЕҰ) және өзге де мүдделі контент жасаушылар (блогерлер, фрилансерлер, журналистер және т.б.) қатыса алады.

Маңызды шарттар: 1) өтінім беруші өз еліндегі заңнамаға сәйкес заңды тұлға болып тіркелген болуы керек (Өзбекстаннан қатысатын өтінім берушілерге бұл шарт міндет емес, оларға қаражат стипендия түрінде беріледі); 2) өтінім беруші Орталық Азияның өзге елдерінен бір не бірнеше серіктес қосып, бірлесіп өтінім беріп, бірлесіп жоба жасауға тиіс.

Қандай жобаларды күтеміз?

Жоба аясында шығарылатын контент Орталық Азия елдері тұрғындарының қоғамға маңызды сапалы ақпаратқа қол жеткізуін жақсартса, халықтың өзі тұтынатын ақпаратты талдау машығын арттырса әрі азаматтардың өз өмірінің сапасын жақсарту жөнінде шешім қабылдауына септессе дейміз. Оған қоса, шығарылатын контент:

  • болып жатқан оқиғалар мен процестер тұтас аймаққа да, жеке-жеке елдерге де қалай ықпал ететінін түсінуге сеп болса;
  • дезинформация мен фейк ақпарат таралуына қарсы тұрса, олардың мәні мен мақсатын түсіндіре алса;
  • түрлі әлеуметтік топтар арасындағы ғадауат тілі мен өшпенділіктің өршуіне тосқауыл болса;
  • жаһандық нарыққа шығу жолындағы аймақтағы сауда-экономикалық интеграция мүмкіндіктері жөнінде айтса;
  • аймақтағы экология, климат өзгерісі мен су ресурстарын пайдалану мәселелерін көтерсе;
  • аймаққа да, елге де ықпал етіп отырған маңызды геополитикалық процестер, соның ішінде соғыстар мен қақтығыстар жайын сөз қылса; 
  • Орталық Азиядағы бейбітшілік пен толеранттық идеяларын нығайтуға сеп болса;
  • түрлі аудиториялар арасындағы диалогқа септесіп, сол қауымдар арасында тоғысу нүктелерін тауып, мәселелерді шешуге көмектессе; 
  • аймақтағы ортақ құндылықтар туралы дискуссияға түрткі болып, халық арасындағы азаматтық белсенділікке мүмкіндік туғызып, құқықтарды кеңейтсе дейміз.

Қандай жанрлар/форматтар керек?

Cараптама, журналистік зерттеу, оқытушы-ойын-сауық және ағартушы материалдар, сатира, арт-контент (клиптер, қысқа метрлі көркем фильмдер, әлеуметтік роликтер), сторителлинг, фактчекинг, деректану, сұхбат, ток-шоу сынды және басқа да түрлі жанрлар мен форматтарда контент жасауды көздейтін еларалық жобаларды қуана қолдаймыз.

Өтінеріміз — жобаңызға жанр мен формат таңдағанда аймақ елдеріндегі медиатұтыну ерекшеліктерін ескерсеңіздер екен.

Дайындық және өтінім беру сатылары:

  1. Орталық Азияның өзге ел(дер)інен байқауға бірге қатысатын ықтимал серіктес(тер) тауып, идеяны талқылап, жоба ұсынысын қалыптастырыңыздар.
  2. Өтінім (ағылшын тілінде) және бюджет үлгісін толтырып, толық құжаттар пакетіне қосып, Central-Asia-CARAVAN-Info@internews.org поштасына «Еларалық жобалар байқауына» деп тақырып қойып жолдаңыздар. Өтінімдер 2025 жылғы 31 мамырда дейін қабылданады. Іріктеу екі ай сайын, өтінімдер келіп түскеніне қарай өткізіледі. Жобаларға қолдау көрсетуге бөлінген қаражат шегіне ерте жетсе, байқау 2025 жылғы 31 мамырда аяқталуы да мүмкін. Internews өтінім қабылдау жабылғанын міндетті түрде алдын ала хабарлайды.
  3. Өтінімдер орыс не ағылшын тілдерінде қабылданады.

Қосымша ақпарат

Грант қаражатын контент шығару және шығарылған контентті жариялап-тарату, ілгері жылжыту барысындағы еңбек ақысын төлеуге, жұмыс сапарларына, операциялық шығындарға, құрал-жабдықты ішінара жаңартуға жұмсауға болады.

Құжаттар пакеті толық берілген өтініштер ғана қарастырылады (толық құжаттар пакетінің тізімін өтінім үлгісінен қараңыз). Internews бір не бірнеше құжаты берілмеген жоба өтініштерін қарастырмай қоюға қақылы.

Байқау кезеңдері:

Бірінші кезең: жоба ұсыныстарын техникалық тұрғыдан іріктеу (құжаттар пакеті толық болғанын, байқау шарттарына сәйкестігін тексеру).

Екінші кезең: байқау мақсаттарына барынша сай келетін жоба өтініштерін іріктеп алу (шорт-листинг).

Үшінші кезең: екінші іріктеу кезеңінен өткен жоба командаларының (финалистер) жобасын таныстыратын питчингі.

Жеңімпаз командаларға қазылар алқасының ескертулеріне қарай жобасын жетілдіріп, түпкілікті бюджетін құрап, қажет құжаттарын жинауға бір апта беріледі. Командалар жобасын іске асыруды шартқа қол қойылғаннан кейін бастайды.

Іріктеу шарттары:

  • Орталық Азия елдерінің бірінің (Өзбекстаннан өтінім берушілерден өзге) жергілікті заңнамасына сай заңды тұлға (ЖК, ЖШС, ЖШҚ, ҚБ және т.б.) болып тіркелу;
  • контент шығарудағы бұрынғы тәжірибесі бір жылдан кем болмаса;
  • жұмыстар портфолиосы болуы, команда мүшелерінің тәжірибесін көрсету;
  • толық құжаттар пакеті болуы керек (тізімді өтініш үлгісінен алуға болады);
  • жобаға қатысушы елдердің мемлекеттік тілінде контент жасау керек;
  • идея бірегей, түпнұсқа, креатив және жаңашыл болуға тиіс;
  • жоба ұсынысы байқауда жарияланған тақырыптарға сай болуға тиіс;
  • кең аудитория қол жеткізе алатындай (контент таралуы) болуы керек;
  • жоба аясында шығарылатын контент жарияланатын платформалар – жұмыс істеп тұрған медиаресурстар (өзінікі не кросс-постинг серіктестерінікі) болуға тиіс. Контент бірліктерінің бәрі форматына қарай кемі бір медиаресурстың сайтында және/немесе әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жариялануға тиіс (Өзбекстаннан өтінім берушілерден өзге);
  • жобаны іске асыруға қажет техникалық базасы болуға тиіс;
  • команда мүшелерінің CARAVAN жобасы аясындағы оқыту-үйрету іс-шараларының бәріне белсене қатысуға келісімі болуы керек;
  • сапалы журналистиканың кәсіби және этика стандарттарын толық ұстану керек.

Байқауда:

  • Орталық Азия аудиториясына өтетін форматтарды қолданып контент шығаратын;
  • ақпарат таратудың түрлі арналарын пайдаланып, контентін түрлі алаңдарға бейімдей алатын;
  • контентін жергілікті тілдерде шығаратын не сол тілдерге бейімдейтін;
  • еларалық жобаларға қатысып, оларды іске асыра алатын тәжірибесі барын дәлелдей алған командаларға басымдық беріледі.

Жобаларды іске асыру барысында командаларға Internews ұсынатын қолдау

Байқау жеңімпаздары вебинарлар мен тренингтерге қатысып, менторлардың қолдауын ала алады. Оқыту-үйрету редакция саясаты, фактчекинг, дерек талдау, цифрлық мультимедиалық баяндау, этика стандарттары, сондай-ақ цифрлық және құқықтық сауат пен физикалық қауіпсіздік сынды салаларды көздейді. Серіктестердің қажетіне қарай бағдарламаға контент тарату стратегияларын әзірлеу және табыс көзін әртараптандыруды көздейтін бизнес жоспарын жасауды үйрету де қосылады.

Тағы сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз! CentralAsiaCARAVANInfo@internews.org электрондық поштасына жазған хаттардағы сұрақтарыңызға қуана жауап береміз. Хаттың тақырыбын «Еларалық жобалар байқауы» деп қоюды ұмытпаңыз.

Грант алуға байқау Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен іске асырылып отырған «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында өтеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи