ОқиғаларҚаскелеңде Media Literacy Week қалай өтті?

Қаскелеңде Media Literacy Week қалай өтті?

Интернетте ВИЧ-жұқтырған жемістер туралы посттар лаулағанда қоғам қақ жарылды. Фейк ақпаратқа сенбегендер және «бірдеңе болса қалса» деп туған-туыс, дос-жарандарына ескерткендер болып екіге бөлінді. Қоғамдық белсенді, СДУ-дегі Журналистика мектебінің оқытушы-ассистенті Оразай Қыдырбаев жұртшылықты төнген қауіптен құтқаруға ынты-шынтысымен кіріскен адамның бірімен кездейсоқ ұшырасады. Ол жаңажылдық дастарханға арнайы дүңгіршектен мандарин сатып алайын десе, мандарин жоқ екен. Сұрастыра келсе, дүңгіршек иесі ВИЧ жұқтырудан қауіптеніп, мандарин жемісін әкелуді доғарған.

Оразай Қыдырбаев мандарин туралы оқиғасын айтып жатыр

Бұл оқиға медиасауаттылықтың жас шамасына да, мәртебесіне де, кәсібіне де қарамайтын тақырып екенін тағы бір дәлелдейді. Оразай Қыдырбаевтың Media Literacy Week фестивалінде айтқан осы оқиғасы аудиторияны күлкіге қарқ қылды. Фестиваль қатысушылары ВИЧ-жұқтырған жемістер өтірік екенін іштей түсінсе де, соны қалай тексеріп, қалай дәлелдеу керегін түсінбеді.

Media Literacy Week жиынын Қаскелеңде орналасқан Сүлеймен Демирель атындағы университеттің Журналистика мектебі ұйымдастырды. Медиасауат сабағына 56 адам, дәлірегі ҚазҰУ, Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА, «Тұран» университеті, СДУ-дің оқытушылары мен студенттері және журналистер жиналды. Басты мақсат – желіде жазылып жатқан ақпаратқа сыни пайыммен қарауды үйретіп, күмән тудырған хабарламалардың шынайылығын қалай тексеретінін көрсету.

Media Literacy Week қатысушылары

— Әу баста 45 адамға арнап өткізуді жоспарлаған едік. Онлайн-тіркеу сабақ басталуына бір күн қалғанда аяқталды. Барлығы 84 өтініш түсті. Іріктеу жасап, СДУ-дің төменгі курс студенттерін қатыстырмауға тура келді,-дейді Media Literacy Week ұйымдастырушысы Сүлеймен Демирель атындағы университетінің әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, «Журналистика» бағдарламасының үйлестірушісі Мадияр Сауытбаев.

Ұйымдастырушылар Media Literacy Week өтетін хабарландыруды Instagramдағы парақшада жариялаған. Фоллоуерлер шақыртуға белсенді жауап беріп, қатысуға ниет білдіріпті. Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА әкімшілігі қатысушыларды Алматыдан Қаскелеңге алып келіп, алып қайтатын арнайы автобус та берген. Бұл автобус қатысушыларды үш күн бойына Алматыдан Қаскелеңге және кері тасымалдады. Мұндай белсенділік – медиасауат тақырыбының қаншалықты өзекті әрі қажет екенінің, оқу бағдарламасы сапасының басты көрсеткіші.

Media Literacy Week

— Өнерде де медиасауатсыздық кездеседі. Дәлірегі, өнер және мәдениет тақырыбында хабар жасайтын журналистер өсек-аяң, жалған ақпар да таратады. Өз жанына қосып, қалай қаласа, солай жазады. Міне, сондықтан да медиасауаттылық тек сол ақпаратты тұтынатын аудиторияға ғана емес, журналистердің өзіне де қажет,-дейді Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА-ның II курс студенті, Media Literacy Week қатысушысы Әсем Сәлібаева.

Іс-шара бағдарламасы расында да әдепкі медиасауат сабақтарынан өзгеше жасалған. Media Literacy Week ұйымдастырушылары фейк, манипуляция және пропаганда туралы базалық семинарлардан бөлек, фактчек ерекшеліктеріне де жіті көңіл бөліпті. Бұрыс визуализацияның жалпы көріністі қалай бұрмалайтынын айтып, дұрыс графика, кестелер мен диаграммалар қалай жасалатынын түсіндірді. Сондай-ақ, уоркшоп барысында сенімді ашық деректерді қайдан алуға болатынын, сол деректермен қалай жұмыс жасау керегін де көрсетті.

Сенімді ашық дереккөздермен жұмыс бойынша уоркшоп

Media Literacy Week фестивалінде сөйлеген спикерлердің бірнеше қызық тезисі мынадай:

  • Адам миы визуал контенттен 70% ақпарат қабылдайды. Фейк жасаушылар мұны жақсы біледі, әрі мейлінше пайдаланады. Міне, сондықтан да күмән тудырған вижуалдарды екі мәрте тексеру қажет.
  • Foto Forensics, Google Image Search, Tineye, WalframAlpha, Google Street View – визуал контентті тексеруге арналған ең танымал әрі ең тиімді сервистер. Әйтсе де трендтерді қадағалап отыруды ұмытпаңыз, фактчекерлерге арналған құралдар үнемі жаңарып, жаңалары шығып отырады.
  • Егер видеоның сенімділігін тексергіңіз келсе, онда скриншот жасап, сурет түрінде зерттеңіз. Суретке фактчек жасау, бастапқы видеоны табуға көмектеседі. Осылайша, видеоны тексерудің күрделі қадамдарынан құтыласыз.
Media Literacy Week

«Туран» университеті Журналистика факультетінің магистранты Дастан Аққожа Media Literacy Week фестиваліне тартылған қатысушы. Ол пікірталастарға белсенді қатысып, оқиғаларын айтып, сарапшыларға сұрақтар қойды.

— Мені спикерлер мен ұсынылған тақырыптар тартты. Өзімді «толыққанды медиасауаттымын» деп айта алмаймын, өйткені көптеген амал-тәсілдерді, дағдыларды, стандарттарды білмеймін. Соның барлығын біліп, үйренемін. Соңғы уақытта негізінен қоғамдық жұмыспен айналысамын, әлеуметтік жобалардағы волонтерлердің жұмысын үйлестіремін. Мамандығыма жаңа қырынан қарағым келеді. Тек журналистикамен не тек қоғамдық жұмыспен айналысқым келмейді. Екеуін өзара үйлестіргім келеді. Медиасауаттылық – маған осындай мүмкіндік береді,-дейді Дастан.

Ол енді медиасауаттылық бойынша сабақтар өту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл — керемет бастама. Демек, ақпаратты қабылдауға сыни пайыммен қарап, күмән келтіретін адамдар саны арта түседі.

Media Literacy Week іс-шарасы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып отырған Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында берілген грант қаржысына өткізілді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи