ГранттарҚазақша контент жасауға арналған грант байқауы

Қазақша контент жасауға арналған грант байқауы

Өңірлердегі тәуелсіз ақпарат құралдарын дамытуға бағытталған GLIMMER бағдарламасы аясында Internews Қазақстан қазақша контент жасауға арналған шағын грант байқауын жариялайды.

Байқаудың мақсаты — арнайы репортаждар, лонгридтер, әлеуметтік медиа жобалар, веб-деректі фильмдер, веб-сериалдар, мультимедиялы жобалар, тергеу журналистикасы және т.б. форматтағы сапалы медиа жобалар өндіруге қолдау көрсету.

Кімдер қатыса алады?

Онлайн контент әзірлеп жүрген шығармашылық топтар, тәуелсіз контент өндірушілер, блогерлер және журналистердің бейресми ұжымдары. Ұжымда кем дегенде екі адам болуы қажет. Шығармашылық топ заңды тіркелген (ЖШС, ЖК, Қор немесе тағы басқа) ұйым болуы тиіс. Аймақтардағы жобаларға немесе ұжым мүшелерінің басым бөлігі өңірлерде тұратын жобаларға басымдық беріледі.

Ең жоғарғы грант мөлшері  4 миллион теңге.

Ұзақтығы: Бес айға дейін (жобалар 2024 жылдың қыркүйектің ортасы/қазанның басында басталады деп жоспарланған). Барлық жоба 2025 жылдың ақпанына дейін аяқталуы тиіс.

Өтініштер 2024 жылдың 2 қыркүйегі, дүйсенбі, сағат 18:00 дейін қабылданады.

Қандай тақырыптарда жоба жасауға болады?

Өтініш берушілер қоғам қызығушылығын тудыратын әртүрлі тақырып бойынша жоба ұсына алады. Әрі аталған тақырыпта журналистік контент жасаудың қандай маңызы бар екенін негіздеуі қажет. Грант аясында жасалған контент қоғам үшін өзекті және аудиторияның қажеттілігімен үндессе дейміз. Мүмкін аудиторияңыз экономика мен көшіп-қонудың күнделікті өмірге әсері, пластикалық қалдық мәселелері немесе қоғамда өзіне лайық орын тауып өмір сүргісі келетін жандар жайлы көбірек білгісі келетін шығар. Өзіңіз және аудиторияңыз үшін маңызды тақырып таңдаңыз!

Жақсылап ойланып алыңыз. Қазақ медиасы әзірге көп тарқатып жазбаған ерекше оқиғаны немесе мәселені табуыңыз мүмкін. Біз әсіресе жас журналистерден келген идеяларды және жастарға бағытталған форматтарды көруге асықпыз.

Қандай идеялар нақты қолдау таппайды? Internews мемлекеттік және мемлекеттік ұйымдармен байланысы бар, ұсынып отырған жобасына ұқсас  контент үшін мемлекеттік тендерге қатысып отырған медиаға қолдау көрсетпейді, сондай-ақ сайт жасау және таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер, музыкалық клиптер мен білім беру контенті өндірісін қолдамайды

Байқау үш кезеңнен тұрады:

1-кезең – Идеяларды іріктеу

Сізден өз идеяңыздың қысқаша сипаттамасын баяндап, онлайн өтінішті толтыруыңызды сұраймыз. Тақырыпқа шектеу жоқ. Арманыңыздағы контентті жасаудан тартынбаңыз! Біз мазмұны мен форматы бойынша ерекше әрі жаңа жобалар іздейміз.

  • Өтінім берудің соңғы мерзімі: 2024 жылдың 2 қыркүйегі.
  • Ең жоғарғы грант мөлшері: 4 миллион теңге.

Internews Kazakhstan шағын грант аясында 10 жобаға дейін қолдау көрсетеді.

Ең қызықты идеялар байқаудың екінші кезеңіне өтеді.

2-кезең – Идеяны ұсыну

Үздік идеялардың авторлары арнайы питчинг сессиясына шақырылады. Оларға өз концепцияларын бес минут ішінде таныстыру мүмкіндігі беріледі. Жюри мүшелерінің алдында жобасының маңыздылығы мен іске асырылуын дәлелдеу қажет.

Презентация кезінде сізге келесі жайттарға тоқталу керек:

  • Пре-продакшн, продакшн және пост-продакшн кезеңдері;
  • Жоба аудиториясы;
  • Бюджет;
  • Контент сипаты.

Презентациядан кейін жюри мүшелері қосымша сұрақтар қойып, оны жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтуы мүмкін.

3-кезең – Қайта қарау және грант беру

Үшінші кезеңге өткен жоба авторларына өз жобаларын жетілдіруге, бюджетін реттеуге және грант өтінімі үшін құжаттарды дайындауға қосымша уақыт беріледі.

Жобаға грант беру туралы соңғы шешімді Іріктеу кеңесі келесі критерийлер негізінде қабылдайды: идеяның жаңашылдығы, мультимедиа құралдарын қолдану, мақсатты аудиторияны түсіну және тарту, журналистикадан тәжірибесінің болуы және бюджеттің ақылға қонымдылығы.

Жоба бюджетіне жалақы, фрилансерлер қаламақысын, шағын жабдықтарды сатып алу, бағдарламалық жасақтаманы жаңарту, датабазаға жазылу, жергілікті іссапарлар және контент өндіруде болуы мүмкін басқа да шығындарды қосуға болады.

Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұралуы мүмкін. Қосымша сұрақтар бойынша Central-Asia-Applications@internews.org поштасына «GLIMMER шағын грант» деген тақырыппен хат жазып, хабарласыңыз.

«Аймақтардың тыныс-тіршілігіне белсене араласу үшін жергілікті тәуелсіз ақпарат құралдарын дамыту (GLIMMER)» жобасы Ұлыбритания үкіметінің көмегімен қаржыландырылады және Internews жүзеге асырады. Жоба тәуелсіз қазақ бұқаралық ақпарат құралдарына фактілерге негізделген репортаждар мен объективті контент әзірлеуге және азаматтардың мұндай ақпаратқа қол жетімділігін арттыруға қолдау көрсетеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи