ОқиғаларMediaCAMP Fest 2023 бағдарламасын жарияладық. Медиафестивальге тіркеліп үлгеріңіз

MediaCAMP Fest 2023 бағдарламасын жарияладық. Медиафестивальге тіркеліп үлгеріңіз

Бесінші рет өтетін MediaCAMP Fest Орталық Азия медиафестивалінің бағдарламасын ұсынамыз. Фестиваль 2023 жылғы 1-2 шілде күндері Алматыда болады. 

Фестиваль сайтында MediaCAMP Fest-ке тіркелу жүріп жатыр. Медиафестивальге офлайн не Zoom арқылы онлайн қатысуға болады. Facebook пен YouTube-те тікелей трансляция көрсетіледі. Офлайн қатысушылардың жол және жатын орын шығынын өтемейді. 

Егер онлайн қатыссаңыз, неліктен тіркелу қажет? Өйткені тіркелсеңіз, фестивальдің видеожазбасы мен презентацияларға қол жеткізесіз, бағдарламада қандай да бір өзгеріс болса, эл.поштаңызға хабарландыру жібереміз, Zoom-дағы талқылауға қатыса аласыз. Фестиваль орыс тілінде өтеді. 

МАҢЫЗДЫ! Офлайн қатысуға тіркелу 26 маусымда аяқталады. Онлайн-қатысуға тіркелгенде эл.поштаңызға Zoom-сілтемесі келеді. Офлайн қатысуға шақыртуды 21-28 маусым аралығында эл.поштаңызға жібереміз. 

Орталық Азия медиасы: Кеше. Бүгін. Ертең

Биылғы медиафестиваль бағдарламасы Орталық Азия аймағы мен ТМД елдері аумағындағы медианың өткенін, бүгіні мен болашағын ой елегінен өткізіп, таразылауға бағытталған. Фестиваль сайтында бағдарламаның толық нұсқасын жарияладық. Осы мәтінде бағдарламаның мән-жайын толығырақ баяндаймыз. 

Фестивальдің бірінші күні аймақтағы медиакеңістіктің өткені мен бүгінін талқылаймыз. Ашылу салтанатынан кейін болатын бірінші сессия — «Деколонизация және оның бұқаралық коммуникациядағы көрінісі» деп аталады. Орталық Азияның журналистері мен саясаттанушылары аймақ тарихын және империал тартылыс құрсауында ұзақ уақыт өмір сүрген халықтардың санасындағы деколонизацияның маңыздылығын талқылайды.

Содан кейін дәстүрлі SNAP TALK сессияға жалғасады. Серіктестеріміз хикаясын айтып береді. Журналистер, медиаменеджерлер, оқытушылар мен қоғам белсенділері бас қосып, медиасауат, жаңа медиада жұмыс істеу, сөз еркіндігі, мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне араласуы және болашақ армандары туралы әңгімелеседі. Осы орайда Өзбекстаннан келетін дата-журналист Нодирбек Нортураев идеясын бөліседі.

Түстен кейін шеберлік сабақтары басталады. Биыл барлығы төрт шеберлік сабағы екі залда қатар өтеді. Сарапшылар қауіпсіздік, аудитория тарту, жаңа медиа, зерттеу жүргізу және интернетте контентті ілгерілету туралы айтады. GIJN желісінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық редакторының орынбасары Камила Ешалиеваның зерттеуші-журналистерге арналған пайдалы ресурстар жайлы шеберлік сабағы болады. 

Кешкісін екі деректі фильм көрсетеміз: «Разрыв связи» (Андрей Лошак, Ресей), «Римма и Катя» (Гуля Мирзоева, Тәжікстан). «Римма и Катя» деректі фильмінің көрсетілімінен кейін фильм авторы, тәжікстандық Гуля Мирзоеваға сұрақ қойып, әңгімелелессеңіз болады. 

Медиафестивалдің екінші күні аймақтағы медианың болашағына арналмақ. Бірінші сессияда — студия қонағы боп деректі кино режиссері, журналист Андрей Лошак келеді. Ол еуразиялық аймақтың болашағын қалай елестететінін айтады. Сұхбатты журналист, SCARF (Internews) жобасының жетекшісі Зарина Ахматова жүргізеді. 

Сосын жаңа медиа жөніндегі маман, «Настоящее Время» телеарнасының digital платформалар жөніндегі редакторы Любовь Багацкаяның шеберлік сабағы болады. Ол Instagram мен Telegram-дағы аудитория санын қалай өсіруге және жоғалтпай, ұстап тұруға болатыны жөнінде айтады. 

Түстен кейін қатысушыларға арнап ашық аспанда өтетін «Медиаквест» интерактив ойынын өткіземіз. Серпіліп, сергіп, фестиваль біткенше сергек жүретін күш-қуат жинап аласыз.

Белсенді ширатудан кейін монетизация туралы панель презентация болады. Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан медиаменеджерлері сәтті шын кейстерін айтады. YouTube-арналар мен подкастты дамыту, онлайнға ауысу, жаңа медиада жұмыс істеу жайлы талқылаймыз. Презентациялардың бірін YouTube-тағы «Гиперборей» арнасының авторы Вадим Борейко жүргізеді.

Сосын «Жаңа репортер» сайтындағы медиасын бағытының жұмысын қорытындылаймыз. Медиасыншылар бес жыл ішінде этика мен кәсіби стандарттарды бұзу бойынша мысалдарды талдайды. Аймақтағы медиасын жанрының болашағын назардан тыс қалдырмайды. Осы сессия барысында этикалық принциптерді білу туралы ойын және биылғы медиасыншылар сыйлыққа ұсынған халық сүйіктілерін жариялаймыз.

Ал фестиваль соңында көптен күткен сәт — MediaCAMP Award  байқауының жеңімпаздарын марапаттаймыз. Биыл байқауға барлығы 652 өтініш келіп түсті. Бес негізгі номинация бойынша 70 материал финалға өтті. «Уақыт көрінісі» номинациясына ұсынылған жұмыстардың ішінен 36 вижуал материал (фотосурет, иллюстрация, инфографика, карикатура және т. б.) дауыс беруге шығарылды. Айта өтейік, «Уақыт көрінісі» номинациясының жеңімпазын онлайн дауыс беру арқылы анықтайды. Фестиваль сайтында дауыс беру жүріп жатыр.

Әзірге осы! Фестивальде жүздескенше!

mediacamp fest 2023 медиафестиваліне тіркелу

MediaCAMP Fest фестивалі Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен қолдауына мүмкін болып, USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтеді. Мазмұнына Internews жауапты және мазмұны USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

Биыл MediaCAMP медиафестивалінің бас серіктесі Kaspi.kz боп отыр. Фестивалді KIMEP-тің Медиа және коммуникация кафедрасы мен Душанбедегі ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі де қолдады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи