Оқиғалар«Түркістан әйелдері» медиажобасының мақсаты — ауыр еңбек ететін қыз-келіншектер өмірін көрсету

«Түркістан әйелдері» медиажобасының мақсаты — ауыр еңбек ететін қыз-келіншектер өмірін көрсету

Журналист-фотограф Әйгерім Бегімбет​ пен тележурналист Жанерке Хумар «Түркістан әйелдері» медиажобасын сәтті жүзеге асырып, 6 фоторепортаж,  6 фильм жариялап, 24 фотодан тұратын фотокөрме өткізді. Фотокөрмедегі алты кейіпкердің фотосына сол кейіпкер туралы фоторепортаж бен фильмнің сілтемесі бар QR-код жапсырылған. Осылайша, онлайн-офлайн форматтарды біріктірген медиажоба Urker-2022 ұлттық бәйгесінде «Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия» номинациясын жеңіп алып, «Интернет медиадағы үздік жоба» атанды.
«Түркістан әйелдері» — АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асқан медиажоба. Дәлірегі, биыл көктемде ұйымдастырылған «Шағын грант — 2022» контент өндірісін қолдау байқауында тәуелсіз комиссия шешімімен жеңіске жетіп, қолдауға ие болған. Авторлар бұл жобаны қалай жасағанын айтып берді.
жоба авторлары: Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар / MediaCAMP Fest 2022 фестивалі, 08.10.2022, Алматы

«Түркістан әйелдері» аудиторияның ақпарат тұтыну каналдарына бейімделген медиажоба екен. Өйткені түрлі аудиторияның сұранысына жауап бере алатын формат алуандығы тән. Мәтін оқығысы келетін аудиторияға фоторепортаж, видео көргісі келетіндерге фильм, ал офлайн іс-шараны қалайтындарға фотокөрме бар. 

Фотокөрмеде Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігін баяндайтын фото қойылды. 12 фотодағы алты кейіпкерге сол кейіпкер туралы фоторепортаж бен фильмнің сілтемесі бар QR-код жапсырған. 

«Түркістан әйелдері» фотокөрмесінің ашылуы, 10.01.2022 / City Shopping Gallery, Шымкент

Авторлардың айтуынша, «Түркістан әйелдері» медиажобасының мақсаты — оңтүстік өңірінде тұратын, ауыр еңбек ететін қыз-келіншектердің өмірін көрсету, «ер адамдарға тән» деп саналатын кәсіп түрлерін (тракторшы, теміржол монтері, краншы және т. б.) игерген әйелдерді таныту.

— Мақсатымыз — Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын әйелдердің жұмысын көрсету арқылы жалпы әйелдер өмірін таныту. Әдетте әйел адамдардың үйге қарап, ас-су дайындап, бала тәрбиелейтін, үй тірлігінен аспайтын тұрмысын ғана көріп жатамыз. Біздің мақсат — әйелдер де түрлі жұмыс істеп, қоғамға, экономикаға, айналасына пайда әкелетін мықты адамдар екенін көрсету. Және олар үйден тыста жұмыс істеп қана қоймай, үй шаруасын да қатар алып жүргенін ескеру. Мұндай жобаларды жасау барысында кейіпкер іздеу, табу, олармен сөйлесу, сұхбатқа келісу, тұратын жеріне бару, фото-видео түсіру, сұхбаттасып, әңгімелесу, жалпы процесс қызық әрі маңызды. Түркістан облысының сан түкпіріне барып, қаншама эмоция мен қызық оқиғаларды бастан кештік, — деді Әйгерім Бегімбет.

Алты фоторепортаждағы кейіпкерлердің бәрі де әйелдер. Атап айтсақ, 51 жылдан бері кран жүргізетін Шәрбан апа, 40 жылдан бері К-700 тракторын айдайтын Алтын апай, 34 жылдан бері теміржол монтері боп істейтін Бүбісара апай, 36 жылдан бері сауыншы Бағлан апай, 11 жылдан бері қала тазалығына үлес қосып жатқан Оңалгүл апай және көпқабатты үйлердің іші-сыртын әрлейтін Малика, Гүлсім, Рысгүл

— Талмай-тынбай еңбек етіп, бала тәрбиелеп, оларды оқытып, шаңырақтың ырыс-берекесі боп отырған ғаламат әйелдер. Әдетте ер адамдар істейтін жұмыс түрі саналып кеткен кәсіпті игеріп, құлағында ойнайтын мықты әйелдер. «Бала-шағаның қамы» деп, кеш жатып, ерте оянып, денсаулығын емес, үйін ойлайтын, ауырғанын айтпай, ұрпағының амандығын тілейтін әйелдер. Әр кейіпкермен сөйлескен сайын әйелдер — әлемдегі ең мықты адамдар екенін танып-біле түстік. Олардың қажыр-қайратын қанша айтып, жазсақ та артық болмайды, – дейді Жанерке Хумар. 

Әйгерім мен Жанерке алты фоторепортаждың мәтінін де өздері жазып, фотовидеоны да өздері түсірген. Жобаны жүзеге асыру барысында авторларды таңғалдырып, мәре-сәре еткені – жобаның YouTube-тағы BeinePro-арнасында жарияланған фильмдер қаралымы болды. 

YouTube-тағы BeinePro-арнасында «Түркістан әйелдері» деген 6 фильмнің жалпы қаралымы 2 аптада 300 мыңнан асты. Арнаға жазылушылар саны 1000 қолданушыдан асып, көрермендер 300-ге жуық пікір жазыпты. Ең көп қаралғаны — «40 жылдан бері трактордан қол үзбеген Алтын апай» деген фильм. 286 мың қаралым.

– Жоба аяқталуына аз уақыт қалды. Таңдап, тауып қойған кейіпкеріміз Алтын апайды еш ұстай алмаймыз. Сосын “мен миымда ол кісі жайлы жазып, түсіріп қойдым. Қандай дүние шығатынын да көріп тұрмын. Апай келіссінші. Мен бәрібір түсіремін, күтемін” деп қызы Эльмирадан сәлемдеме айтып жібердім. Сәті түсіп, Алтын апайдың үйіне баратын күн де жетті. Арыс қаласындағы Монтайтас елдімекеніне жолға шықтық. Арыс жақты айналып кетіппіз. Екі сағат жүрдік. Алтын апай күлімдеп дарбазадан қарсы алды. Сосын өзі ұзақ жылдар жүргізген К-700 отырдық. Қызықтарын айтып жатыр, айтып жатыр. Жанерке екеуміздің езуіміз жиылмады. Құрбысын көрші ауылдың жігіті алып қашса артынан К-700-пен соқасымен бірге қуып барған. Ауылда жалғыз тракторшы келін атанған. Жүзі мейірлі, күлкісі әдемі, аурасы таза, энергиясы алыстан сезілетін апай. Сонша жыл трактор айдап, жер жыртып, шөп орып, көмір-су тасып, 8 ұл-қызды тәрбиелеп, ауыр жұмыс істеді деп мүлдем ойламайсыз. Қиындықтың бәрін күліп жүріп, оп-оңай жеңетін сияқты. Апайдың сүр етінен дәм татып, риза кейіппен Шымкентке қайттық. Ютубтағы каналымызда Алтын апай туралы видеоның қаралымы 285 мыңнан асты. Көрермендердің тең жартысы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Украинадан. Пікір жаңбырша жауды. Мұндай көп қаралым күтпеген едік, – дейді Әйгерім Бегімбет. 

Шымкент қаласындағы City Shopping Gallery орталығында ұйымдастырған «Түркістан әйелдері» фотокөрмесіне 1-6 қазан, 11-20 қазан аралығында барлығы 27 мыңнан астам адам келіп, тамашалапты.

Шәрбан апа (ортада), Жанерке Хумар (сол жақта), Әйгерім Бегімбет (оң жақта), «Түркістан әйелдері» фотокөрмесінің ашылуы, 10.01.2022 / City Shopping Gallery, Шымкент

— Фотокөрменің ашылу салтанатына 51 жылдан бері кран айдайтын Шәрбан апай бала-шаға, немерелерімен келіп, кештің шырайын кіргізді. Барлық кейіпкерімізді көргіміз келіп, шақырған едік. Түрлі себептерге байланысты ауыл-ауылдардан келе алмады. Сондай-ақ, фотокөрмемізді 2022 жылғы 8-10 қазан күндері Алматыда өткен Орталық Азияның MediaCAMP Fest медиафестиваліне шақырды. Көрмемізді 8-10 қазан күндері фестивальге апарып, қойдық. Орталық Азияның бес елінен фестивальге жиналған 200-ге жуық қатысушы мен қонақтар көрмені көрді. Сондай-ақ, 31 қазанда Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған  «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» форумына бізді фотокөрмемізді әкеліп қоюға арнайы шақырды. Форумға 200-ден аса әйел қатысты, — дейді Жанерке Хумар.

Форумда Әйгерім мен Жанеркеге сөз беріп, олар жоба мен әйелдер проблемасы туралы айтыпты.

— Кейіпкерлеріміздің бәрі де бұған дейін бір де бір марапат алмаған, адал еңбек етіп келе жатқан адамдар. Арман-тілегін сыртқа шығарып та айтпайды. Отбасының амандығын ғана ойлайды. Қай-қайсысы да үлкен еңбек етіп, елеусіз ғана тірлік кешіп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев биылғы жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген сөзін негізге ала отырып, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, оларды көпшілікке таныта түсу үшін кейіпкерлерімізге де назар аударуын сұрадық. Расында да әдетте жыл сайын бірнеше адам қайта-қайта марапат алып, басқалары елеусіз қалып, еңбегі еленбей жатады. Сондай-ақ, былтыр Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-грантын жеңіп алып, жүзеге асырған «Үрейін жеңгендер» деген медиажобамыз туралы да айттық. Жалпы бұл «Түркістан әйелдері» жобасы үш жыл бұрынғы «Тіршілік» деген жобамыздың жалғасы іспеттес, — дейді Әйгерім Бегімбет.

Авторлардың айтуынша, олар жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше қиындыққа тап болыпты.

Urker-2022 ұлттық сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі / 28.10.2022, Астана

— Ең бірінші мәселе — кейіпкер табу және келісу. Бұған себеп — ерекше кейіпкер табу әрдайым қиын, тапқан соң келісу тіпті қиын екен. Көбі жария болғысы келмейді не уақыты келіспейді. Соған байланысты жобаны жүзеге асыру мерзімін 1 айға созуға өтініш беруге тура келді. YouTube арнамызда видео жариялағанда соның SEO және тағы басқа да баптауларын жүзеге асыру машықтарымыз әлсіз екенін, видео түсіру, дауыс жазу машығымызды жетілдіру қажет екенін түсіндік. Десе де, жобамыз сәтті жүзеге асты. Ең бастысы — қоғам да, ел билігі де айналамызда көптеген әйелдер ауыр еңбек етіп, өз кәсібінің нағыз шебері атанып жүргенін біле түсті. Соған сүйсінді. Әлі жобамызға да қызығушылық танытты. Биыл Urker ұлттық бәйгесіне 13 номинация бойынша барлығы 544 өтініш келіп түскен екен. Осы ұсынылған жұмыстардың ішінен 52-і финалға өтіпті. Сол ұлттық бәйгеге «Түркістан әйелдерін» ұсынған едік. Қазылар алқасы біздің жобаны «Интернет медиадағы үздік жоба» атағына лайық деп таныды. Қатты қуандық. Енді осы жобаны Ютубтағы BeinePro арнасында жалғастырғымыз келеді, — дейді авторлар.

Таяуда BeinePro-арнасында жетінші кейіпкер — Перизат апай туралы фильм шықты. Перизат апай 23 жылдан бері отбасымен бірге қамыс орып сатады. Екі рет бетпе-бет келіп, бірінде қасқыр, өзінің айтуынша, «бөжек» атып алған.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи