ArtKöshe тәуелсіз театры 3-5 маусымда Алматыда SEN мюзиклін сахналады. Композиторы — Ербол Нариманұлы, режиссері — Есләм Нұртазин. Тақырыбы — медиасауат ашу, медиасауат таныту. Бұл мюзикл идеясы Қазақстандағы Internews өкілдігінің медиасауат дамытатын жобаларды қолдау байқауының іріктеуінен өтіп, MediaCAMP Эдьютон — 2022 инновациялық семинарына жолдама алды. Эдьютонда жеңіске жетіп, Internews ұйымының грант қолдауына ие болған еді. Мінеки, мюзикль премьерасы аншлагпен өтіп, көрерменге ұнады. Жалпы «театрдағы медиасауат» тіркесі естіген адамды елең еткізіп, қызықтырса керек. Драматург, жоба авторы әрі продюсері, Әннас Бағдат SEN мюзиклі туралы толығырақ айтып берді.
Инстаграмда ArtKöshe тәуелсіз театрының парақшасы бар. Парақшада осы SEN мюзиклінің аңдатпасына:
« – Қаржы пирамидасынан алданып қалған 45 жастағы алматылық өзіне қол жұмсамақ болды…
– Қазақстанда 2021-жылы интернет алаяқтық бойынша 40 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды…
– Танымал инстаграм вайнер қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды…
– Алло! Сәлеметсіз бе! Мен банк қызметкері едім, сіздің шотыңызда күмәнді операциялар болып жатыр, маған банк картаңыздың деректерін айтыңыз…
Мұның бәрі сізге таныс жағдайлар ма? Дәл осындай оқиға SEN мюзиклінде де кездеседі.
SEN — бұл сенім туралы мюзикл. Адамдардың бір-біріне деген сенімі, жақсылыққа, махаббатқа, санаға, әлеуметтік желілерге деген сенім. Мюзикл сюжетіндегі оқиғалар шынайы, тіпті сіздің өміріңіздің бір эпизодына да ұқсауы мүмкін. Дәл сол жағдайда сіз қайтер едіңіз?
Интернет біздің күнделікті өмірімізге еніп кеткені сонша қағаз ақшаны қашан ұстағанымыз есімізде жоқ. Сауда-саттық, басқосу, танысу, ресми кездесу, лекциялар барлығы онлайнға өтті. Ал махаббат ше? Өмірлік серігіңізді инстаграм, тиндерден табу мүмкін бе? Біздің бас кейіпкерлер Айман мен Ғалымжан тиндерде танысқан еді. SEN мюзиклі happy end-пен аяқтала ма? Ал оның соңы немен аяқталғанын білгіңіз келсе ArtKӧshe театрының премьерасына келіп, мюзиклге қатысыңыз! Хэппи эндтің болуы сіздің де сеніміңізге байланысты» деп жазыпты.
Ал оның соңы немен аяқталғанын білгіңіз келсе ArtKӧshe театрының премьерасына келіп, мюзиклге қатысыңыз! Хэппи эндтің болуы сіздің де сеніміңізге байланысты»
деп жазылған.
Әннас Бағдаттың айтуынша, «Хэппи эндтің болуы сіздің де сеніміңізге байланысты» деп жазудың себебі бар.
— Әуелде мюзикл концептін ойластырғанда, «Сахна мен көрермен байланысы болсын» деп шештік. Яғни, иммерсив театр ерекшелігін пайдаландық. Тек хэппи эндтің болуы ғана емес, кейіпкер шешім қабылдайтын кей тұста көрерменді сол ситуацияға тартып, болып жатқан оқиғаға олардың да қатыса алуына мүмкіндік бердік. Өйткені, бәріміз күнде медиасауат мәселесіне бетпе-бет келеміз. Осы арқылы мюзиклде айтқымыз келген ойды көрермен тек сахнадан көріп қана қоймай қатыса отырып қабылдаса екен деген мақсат, — дейді продюсер.
SEN мюзиклінің бірнеше ерекшелігін атап өтуге болады. Біріншіден, Қазақстанда медиасауат тақырыбы алғаш рет театрда сахналанып отыр. Екіншіден, мюзиклдің актерлер құрамында есімі көпке белгілі жұлдыздар бар. Атап айтсақ, Жарқынай Ханайым, Ербол Нариман, Dudeontheguitar (Нұрбек Елемесов), Әшім Ахметов, Таңшолпан Нұртілеу, Жасұлан Көпберген, Jeltoksan (Бексұлтан Бағытжан) және т. б. Біразы — әнші, кәсіби актерлік тәжірибесі жоқ. SEN мюзиклі олардың кейбіріне театрдағы алғашқы рөлі. Сөйте тұра бәрін бір жобаға біріктірген нәрсе: ол — шығармашылық идея екен.
— Актерлік құрам кәсіби жағынан да, танымалдылық жағынан да мықты болды. Олардың жобаға келуге басты мотивация — қаржылай табыс емес, шығармашылық идея. Әрине, SEN мюзиклі мазмұны жағынан әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарды қаузады. Актерлерді таңдауға келсек, елімізде мюзикл жанрында тәжірибесі бар немесе жанр талабынан шыға алатын актерлер көп емес. Бұған дейін де драматург ретінде Astana Musical театрында бірнеше мюзиклге қатыстым. «Осы жанр айналасында кімдердің барын жақсы білемін» деуге болады. Сондықтан, актерлерді таңдау ғана емес, жобаға жалпы шығармашылық құрамды жинау аса қиын соқпады. Атап өтер жақсы тәжірибе — кәсіби актерлерден бөлек, қазақ заманауи музыкасының белді өкіліне айналған Dudeontheguitar лақап атымен танымал әнші, музыкант Нұрбек Елемесов пен Jeltoksan атымен танымал Бексұлтан Бағытжанның мюзиклде актер ретінде бой көрсетуі. Нұрбек ерекше дауысы, табиғи ойын, жеңіл юмор, зілсіз қалжыңымен спектакльге сән бере алды. Ал Бексұлтан дайындыққа көп қатыса алмаған соң бұл жолғы премьеарада ойнаудан бас тартты. Бірақ, спектаклді көргеннен кейін алдағы уақытта ойнауға дайын екенін айтып отыр. Меніңше, олардың бұл жобаға келуі – медиасауат тақырыбын кең аудиторияға жеткізуге үлкен пайдасын тигізеді, — деді Әннас Бағдат.
Мюзикл медиасауат тақырыбына арналған соң шығармашылық ұжым жобаны іске асырудың барлық кезеңінде медиасауат мамандарының кеңесіне жүгініпті.
— Репетиция әдетте бүкіл шығармашылық құрам болып пьесаны оқудан басталады. Оқылым барысында әр адамның пікірі ескеріледі. Авторға, режиссерге сұрақ қойылады. Осы сәтте байқағаным — актерлер медиасауат туралы жалпылама білгенімен, әуелдегі өзім сияқты көп нәрсені ішкерілей біле бермейміз. Сондықтан, медисауат туралы арнайы трениң өткізуді жөн көрдік. Бұл тұста медиасауат мамандары Бэлла Орынбетова мен Оразай Қыдырбаев көмектесті. Трениң өте қызық өтті. Тренерлер медиасауатқа арналған ойындар ойнатып, медиасауаттың барлық компонентін презентация арқылы түсіндірді. Шығармашылық топ медиасауат тақырыбын ішкерілей танып-білген соң кейіпкер мен, мюзиклде болып жатқан оқиғаға деген түсінігі тереңдей түскені бірден байқалды, — деді жоба авторы Әннас Бағдат.
Салыстыра қарасақ, театр репертуарларында мюзикл аз. Өйткені мюзикл — әрі қымбат әрі дайындығы көп жанр. Күрделі драмалық иірімдерді көтермейді.
— Сондықтан, әуел бастан сюжет құрастырудың классикалық үлгісін және комедиалық ситуацияларды қамтыған мелодрама жанрын таңдадық. Бұл шешім сәтті болған сияқты. Көрермен «күрделі тақырыпты жеңіл жеткізе білген» деген пікір білдіріп жатыр. Ал мюзиклде сипатталатын уақыт бүгінгі заман болған соң музыка стилін, жанрын таңдауда композитор Ербол Нариманұлымен ақылдасып, заманауи музыканың келбетіне айналған блюз, джаз, босса, регги сияқты жанрларды таңдадық. Бұл көрерменге спектакль көрген кезде тек ширыққан оқиғаны тамашалап қоймай, сапалы музыка тыңдап қайтуға мүмкіндік берді. Әрі медиасауатты көрерермен спектакльден кейін де тамаша әуені арқылы «ыңылдап» айтып жүретін күйге жеткізген сияқты. Осы тұста композитор еңбегін, биік талғамын ерекше атап өткіміз келеді. Мюзикл жанрында дебют болса да көрермен көңілінен шыққан сияқты, — дейді Әннас Бағдат.
Мюзикл арнайы дыбыс техникасы мен жарықты талап етеді. Елімізде мюзикл жанры әлі дами қоймаған соң мюзикл талабына сай келетін дыбыс күшейткіш пен мюзиклді жақсы түсінетін дыбыс режиссерін табу қиын соғыпты. Ал табылғаны қаржылық тұрғыдан тиімсіз болған. Түрлі амал іздестіре келе әрі музыкант әрі үлкен музыкалық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар дыбыс режиссерін кездестіріп, ол оңтайлы шешім ұсыныпты.
— Дыбыс режиссері спектакль өтетін залды көріп шығып, микрофоннан бас тартып, оның есесіне аппаратураны басқаша баптауды ұсынды. Тексерістен кейін бұл шешімнің сәтті шыққанына көз жеткіздік. Камералық залда микрофонсыз ән шырқау мюзиклді көрерменге одан сайын жақындата түсті. Көрермен ретінде келген кәсіби музыканттар да бұл шешімге ырза болды. Ал сахна декорациясына келсек, әуел баста «сахна дизайны минимализм болады» деп шешім қабылдаған едік. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, камералық спектакль артық декорацияны көтермейді; екіншіден, сахна декорациясына кететін қаржыны үнемдеп музыканың сапалы шығуына жұмсадық. Сондықтан, музыкалық әрлеу (аранжировка) сапалы шықты. Режиссер Есләм Нұртазинмен ақылдаса отырып, әр кейіпкердің образына сәйкес келетін түрлі-түсті орындықтар таңдадық. Орындықтар қозғалмалы, сахна динамикасына жақсы көмектеседі. Арнайы атап өтетін реквизит, реквизит деуге болмас, кейіпкер: ол — монстера. Оны мюзикл айтпақ болған бірнеше қатпардың астарын меңзеп тұратын «кейіпкер» деуге болады. Сахналық декорацияны орналастыруға кәсіби тетар суретшісі Ерлан Тұяқов көмектесті, — деді Әннас Бағдат.
Мюзикл мейлінше қымбат жанр екенін атап өттік. Медиасауат туралы мюзикл идеясын іске асыруға Internews ұйымынан бөлек, Kaspi.kz банкі де қолдау көрсетіпті. Өйткені жоба шығыны көп. Кей идеяларды ойдағыдай іске асыру үшін қосымша қаражат қажет болған.
— Осы жобаға демеуші табудан жолым болды. Жобаның іске асуына көмектескен достарыммен демеуші тарту туралы ақылдаса келіп, Kaspi.kz-ке тоқтадық. Мюзикл туралы презентациямызды алып, Kaspi.kz атқарушы директоры Маржан Елшібаеваға бардық. Маржан ханым жобаның әлеуметтік маңызы барын бірден байқап, әрі қазақ тіліндегі мәдениет жобаларды үнемі қолдап отыратындарын айтып, көмектесетіндерін жеткізді. Шынын айтсам, бұл қолдау күтпеген жағдай болды. Жобамызды қолдағаны үшін ғана емес, қазақ тіліндегі өнерді, мәдениетті дамытуға үлес қосатын жобаларды шын түсініп, қолдау білдіріп жүргені үшін Kaspi.kz ұжымына, Маржан ханымға алғыс айтамыз, — дейді Әннас Бағдат.
Бүгінгі толассыз ақпарат ағымынан дұрыс жол тауып, жалған ақпарат құрсауында қалып қоюдың жалғыз амалы — медиасауатты болу. Сондықтан SEN мюзиклін жүзеге асырған ArtKöshe тәуелсіз театры мюзикл премьерасына түрлі аудиторияны тартыпты.
— Біз көрерменді мүмкіндігінше түрлі аудиториядан жинауға тырыстық. Атап айтсақ, мұғалімдер, оқытушылар, жоғары оқу орындары мен өнер орталықтарының басшылары, медиамамандар, зейнеткерлер, студенттер, такси жүргізушілері және т. б. Әрине, мұғалім, зейнеткерлер мен студенттерді шақыру қиын соқпады. Ал такси жүргізушілерін мюзиклге келтіру оңай болмады. Негізгі себеп — мюзикл басталатын уақытта таксиге сұраныс мейлінше артады. Сондықтан, келетін боп келісіп қойған кейбір такси жүргізушілер келмей қалып жатты. Әйтсе де, мұндай кішігірім келеңсіздіктерді есептемегенде премьера сәтті өткен сияқты. Көрерменнің қабылдауы біз ойлағаннан да жақсы болды. Әлеуметтік желілерде негізінен позитив пікірлер жазылып жатыр. Мюзикл көрермендері медиасауатты болудың маңызын, тіпті, медиасауатсыздықтан болған оқиғасын, айналасындағы оқиғалар туралы көп жазды. Олардың оқырмандары әралуан. Сондықтан айтар ойымызды түрлі аудиторияға жеткізе алдық, — дейді продюсер.
Жалпы медиасауат тақырыбын кеңінен таратуға Internews ұйымымен қатар SEN мюзиклін жүзеге асырған ArtKöshe тәуелсіз театры да мүдделі. Сондықтан да театр ұжымы осы мюзиклді мейлінше көбірек тарату, көрсету үшін аймақтарда сахналауды жоспарлап отыр.
— Өйткені, театрдың басты мақсаты әлеуметтік, қоғамдық маңызды тақырыптарды сахнаға шығару. Сондықтан, мюзиклді еліміздің басқа аймақтарында көрсету, видео, аудио форматта кеңінен тарату жоспарымыз бар. Мюзиклдің премьерасы өткен күні-ақ Playback Film Company жетекшісі, кинооператор, режиссер Абзал Батырғалиев «мюзиклді видео форматта түсірсек» деген ұсынысын айтты. Қуана қабылдадық. Қазір қалай іске асыру жағын ақылдасып жатырмыз. Ал Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің директоры Марат Биғалиев мырза жобаның сәтті іске асқанын ескеріп, «мюзиклді бірнеше қалаға апарып сахналауды ойластырсақ» деген ұсыныс айтты. Біз театр тарапынан бұл бойынша жоспар істеп жатырмыз. Аймақтардағы тұрғындар да мюзиклдің келуін күтіп, шақырып жатыр, — деді Әннас Бағдат.
Бұл жоба ел аумағында медиасауат тақырыбын алғаш болып мюзикл арқылы жеткізді. Әдетте «медиасауат» деген сөзді естісек, ең әуелі трениң, дөңгелек үстелдер ойға оралады. Үстел басындағы іс-шараларға көбіне медиамамандар қатысады.
— Ал мюзиклге барлық саланың адамдары көрермен ретінде қатыса алады. Оның үстіне өнердің эстетикалық, эмоциялық әсерін ескерсек, көрерменнің тақырыпты қабылдауы тез әрі сіңімді. Және бір ескеретін жай, мюзиклде ойнаған әр актердің үлкен аудиториясы бар. Олар мюзиклде ойнай отырып, сол аудиторияға медиасауатты болуды дәріптеп отыр, — деп сөзін түйіндеді Әннас Бағдат.