Шынайы, жарқын, боямасыз хикаялар, еліміздің ең шалғай ауылдарынан репортаждар, бұқарының өмірін жақсы жағына өзгертетін мақалалар.
Internews-тің «Азаматтық журналистер» жобасы 4 жылда Қазақстан мен Тәжікстандағы медианың контентін түрлендіріп, аудиториясын кеңейтіп қана қоймай, редакция жанынан белсенді әрі байсалды қауымдастық құрып жатыр.
Ақтөбе облысындағы Шұбарқұдық кенті туралы естідіңіз бе? Биыл Шұбарқұдық облыстың ең спортсүйер ауылы атанды. Мұнда Qazaq Auyl Ligasy футбол ойындары өтті.
Турнирді тұрғындар ұйымдастырды. Жастар жүлде қорына ақша жинады, электр қуатын тартып, спорт киімін тапты. Енді олар кентте ауыларалық жарыстар ұйымдастырмақ.
Темір ауданында жастар «Жаңа леп» музыка фестивалін өткізу бастамасын көтерді. Фестивалді бірнеше рет шегеруге тура келген. Әйтсе де жастар шалғай елдімекенде сапалы әрі креатив іс-шара жасауға болатынын дәлелдемек.
«”Тілші” сайты “Азаматтық журналистер” жобасына екінші рет қатысып отыр. Екі жыл бұрын да, биыл да азаматтық журналист болғысы келетіндер көп. Бірақ жоба барысында кейбіреуінің ойы өзгеріп жатты. Бір жақсысы — резервте адамдар бар. Қазір азаматтық ұстанымына берік адам табу қиын. Азаматтық ұстаным дегеніміз — өте нәзік әрі маңызды, сондықтан абайлап жұмыс істеу керек», — дейді tilshi.kz кураторы Асқар Ақтілеу.
«Қазір “Тілші” сайтының жергілікті азаматтық журналистер чатында 10-нан астам адам бар. Командамен жұмыс істеп жатқанымызға бір ай өтті. Біразы алыс ауылдарда, қалғаны қалалы жерде тұрады. Бірі ауыл кітапханасында жұмыс істесе, тағы бірі — кәсіпкер. Енді бірінің жеке оқу орталығы болса, тағы бірі зауытта жұмыс істейді. Соған қарай олар ұсынатын тақырыптар ауқымы да әралуан.
Азаматтық журналистерден көп үміт күтемін. Қызық, сыни, өзекті материалдар бергенін қалаймын. Бұған азаматтық журналистер қажет. Жобаның бірінші айы енді өтті, барлық тілегім орындалып, командамды мақтан етемін, деп сенемін».
Азаматтық журналистер әлеуметтік мәселелерді көтереді: Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы үй алған көпбалалы аналардың неге наразы екенін талдайды, Қазақстан өңірлеріндегі азық-түлік бағасына шолу жасап және ауыл кітапханаларының ахуалын көрсетеді.
Elitar.kz азаматтық журналисі Нұр-Сұлтан көшелерін аралап, бетперделер неліктен жол-жөнекей шашылып жатқанына назар аударып, мәселені шешуге себі тиді. Нәтижесі — сайтқа ақпарат шыққаннан кейін қоқысты жинап әкетіпті. Жаяу жүргіншілер жолының ойдым-ойдымы шыққанын жазғаннан кейін сол кем-кетікті жамаған.
Elitar.kz азаматтық журналисі Қуат Керей бала күнінен суперқаһармандарға (өмірді жақсы жағына өзгертетін адамдар) сенетін.
«Бірақ есейе келе ойым өзгеріп, артыңда жақсы із қалдыру дегеніміз — журналистикада жұмыс істеу екенін түсіндім. Журналистер араласып, қаншама мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Заңсыз ұсталғандарды босатты және т.б.
Журналистік білімім жоқ. Сондықтан бұл жобаға қатысу — журналистиканың қайнаған қазанында жұмыс істеп, редакция өмірін танып-біліп, кәнігі мамандардан үйреніп, кәсіби маман болуға мүмкіндік».
Ауыл тұрғындары азаматтық журналистермен бірігіп, күрделі мәселелер көтереді, шешімін талап етеді.
Minber.kz жетекшісі Есенгүл Кәп:
— Былтыр жобамыз өте сәтті әрі жемісті болды. Азаматтық журналистер құлшына жұмыс істеді. Өңірлердегі әлеуметтік және экономикалық маңызы бар, бірақ ірі медиаға шыға бермейтін мәселелерді қозғадық. Азаматтық журналистеріміз сол мәселелерді шешуге атсалысты. Біздің репортажымыздан кейін ресми ірі медиа журналистері хабарласып, тақырыпты жалғастырған оқиғалар болды. Бұл жобаны биыл да жалғастыруымызға серпін берді.
Биыл жобаға Қазақстаннан — 4, Тәжікстаннан — 4, барлығы 8 медиа қатысып жатыр.
Тәжікстандағы «СугдНьюс», «Кадрият», «Манавият» және «JOM» деген төрт медиада барлығы 20 шақты азаматтық журналист жұмыс істейді. Бәрі дерлік елдің алыс түкпіріндегі, адам аяғы бара бермейтін аудандарда тұрады. Орталықтағы ірі медиа шалғай ауылдардың өмірінен хабарсыз қалып, білмей жатады. Мұны жұртқа жеткізетін, сонда тұратын адамдардың өмірін танытатын бірден бір мүмкіндік — «Азаматтық журналистер» жобасы болып отыр.
«СугдНьюс» редакциясындағы азаматтық журналистер командасының кураторы Әлішер Толиб:
— Былтыр Таулы-Мастчох облысынан азаматтық журналисіміз болды. Бұл биік таудың арасындағы жер. Жету қиын. Ол биыл да бізбен бірге қалып, штаттан тыс тілші боп жұмыс істеп жатыр. Облысындағы жаңалықтарды жіберіп тұрады. Және бір жаңалық — ол жергілікті жалғыз газеттің бас редакторы. Яғни, азаматтық журналист боп бастады. Барлық вебинарға қатысып, медиада жұмыс істеп қалды.
«СугдНьюс» медиасы жобаға үшінші жыл қатысып жатыр. Қазір «СугдНьюс» командасында жаңа жұлдыздар шықты. Мәселен, Ходжанд тұрғыны Александр Воронцов бұрын журналистикада жұмыс істемеген. Әйтсе де оның редакцияға жіберген материалдары еш түзетусіз, қаз-қалпында шығады.
— Александр Тәжікстанның солтүстігіндегі Шураб қаласы туралы жан тебірентер мақала жазды. Бұл қала кезінде гүлденіп, қазір ұмыт қалған. Ол қаланың өткені мен келешегін әңгімелеп, өте тамаша фотосуреттер түсіріпті. Оның командамызда екеніне өте қуаныштымыз, — деп ағынан жарылды Әлішер.
Александр Шураб қаласының тағдырына қатты алаңдайды. Бірнеше жыл бұрын алғаш рет барған екен. Сол кезде қаланың аянышты халін көріп, бей-жай қарай алмаған.
— Шурабта көп отбасы әзер күн көріп жатыр. Біз сонда тұратын адамдарға көмектесе бастадық. Азық-түлік беріп қана қоймай, дәрі-дәрмек жеткіземіз. Жастардың оқуға түсіп, білім алуына көмектесеміз. Мен «Азаматтық журналистер» жобасына қосылғаннан кейін дереу осы Шураб қаласы туралы жазғым келді. Жұртшылық Шурабты біліп, оның қалай өмір сүріп жатқанын сезініп, көмектессе екен, — дейді Александр.
Мұндай жанашыр журналистерді табу да оңайға соқпаған. «СугдНьюс» редакциясы азаматтық журналистерді қабылдағанда: жобаға қатысу үшін журналистік дипломы болуы міндетті емес екенін айтса да, медиа өмірінен тыс адамдар нағыз редакцияды жұмыс істеу мүмкіндігіне күмәндана қараған.
— Тәжірибесі жоқ адамдар журналист боп жұмыс істеудің не екенін елестетуі қиын. Жолымыз болып, жақсы авторлар таптық, — деді Әлішер.
Жаңадан келген адамдарды журналистиканың қыр-сырына баулу үшін аптасына бір рет аймақтағы барлық азаматтық журналистің басын қосатын үлкен онлайн-жиналыс болады. Жиналыс бірнеше тілде өтеді. Тақырыптарды талқылап, тәжірибе алмасады. Жоба қатысушылары Internews ұйымдастыратын арнайы курста оқиды. Журналистика жанрларын біліп, смартфонмен фотовидео түсіруді үйреніп, медиазаңгерлерден кеңес алады.
Айтпақшы, биылғы жобаға қатысып жатқан Internews серіктестері 4 тілде: қазақ, тәжік, өзбек және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Тәжікстанның солтүстігінен екі команда: «Кадрият» және «Манавият» редакциялары өзбек тілінде ақпарат таратады.
«Кадрият» редакциясындағы азаматтық журналистер командасының кураторы Уктам Ризоев:
— Командамыз өте жас. Қатысушылардың бәрі 22 жасқа дейінгі жастар. Олар Соғды облысының түрлі аудандарынан шыққан этникалық өзбектер. Бірақ Ходжандтағы жоғары оқу орындарында тәжік тілінде оқиды. Оларды тез таптық. Өйткені өзбек тілінде сөйлейтін жастар біздің басылымды жақсы біледі және бізде жұмыс істегісі келеді.
«Кадрият» редакциясы Ходжандта орналасқан. «Азаматтық журналистер» жобасы тұтастай дерлік онлайн-форматта өтсе де команда жиі-жиі бас қосады.
— Бәрі қалада оқиды. Сабақтан кейін редакцияға жиі бас сұғады. Әңгімелесіп, тақырыптарды талқылап, сұрақ қояды. Оларға көп нәрсе қызық. Бұған қоса біз офлайн-жиналыстар өткіземіз. Журналистер тақырып ұсынады. Жұмыс жоспарын бірге жасаймыз, — деді Уктам.
Команда Соғды облысының ерекше оқиғаларынан жұртшылықты хабардар етеді. Мысалы, Уктамға Хулкара Джиянбаеваның Мастчох құрты туралы мақаласы ұнайды. Журналист 84 жастағы әжемен әңгімелесіп, Орталық Азия жұртына кеңінен танымал тағамды жасау жолын біліпті.
Мәдениет пен салт-дәстүр жайлы мақалалардан бөлек Тәжікстандағы азаматтық журналистер түрлі кейіпкерлердің оқиғасын да таныстырады. Мысалы, «JOM» командасының журналистері жас етікші, көзі нашар көретін қыз туралы видео түсірді. Олар өңірдегі мәселелерге бей-жай қарамай, баға өсуін жазып, бюджет қызметкерлерінің айлығын салыстырып, тәжік қоғамындағы таптаурын түсініктерді де айтады.
Жоба 2022 жылғы қыркүйекке дейін жалғасады.
«Азаматтық журналистер» жобасы Қазақстан мен Тәжікстандағы медиа және қоғамдық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеуге әрдайым дайын. Егер жобаның тәжіриесі, жобаға қатысудың мән-жайы қызықтырса, онда asukhachyova@internews.org және lgaisina@internews.org электронды пошталарына хат жазыңыз.
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.