Гранттар«Шағын грант — 2022» контент өндірісі байқауына өтініш қабылдау басталды

«Шағын грант — 2022» контент өндірісі байқауына өтініш қабылдау басталды

Internews Орталық Азияда «Шағын грант — 2022» контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын жариялады. 

Бұл байқауға жеке автор не шағын ұжым болып қатысуға болады. Байқауға қатысушы санаулы айдың ішінде  шағын, бірақ қоғам үшін ерекше маңызы бар медиа жобаны жүзеге асыра алады. Қызықты, жаңашыл, ерекше идеялар күтеміз. 

Қандай жоба болуы мүмкін? Дәстүрлі форматтағы: лонгрид, мақалалар топтамасы, бір немесе бірнеше арнайы репортаж, соның ішінде бейнероликтер, анимациялар, карикатуралар және т. б. Бұдан бөлек, мұнда аталмаған басқа да форматта, мәселен, шығармашылық, арт, азаматтық белсенділікке бағытталған эксперименталды контент жобалар ұсына аласыз. Мұндай идеяларды тек онлайн кеңістікте ғана емес, офлайн-кеңістікте де (көрмелер, арт-кампаниялар және т. б.) жүзеге асыруға болады, алайда жоба аясында контент жасалуы керек.

Жоғарыда бірнеше мысал келтірдік. Алайда мұнымен шектелмей, кез-келген жанр, формат пен тақырыпты таңдай аласыз. Бастысы — маңызды және аудитория сұранысына ие болып көрінетін медиаконтент болуы тиіс.

Шабытыңызға ерік беріңіз, ойлап табыңыз, армандаңыз! Идеяңызды ұсыныңыз! 

Контент қай тілде болуы мүмкін? Қазақ, өзбек және/немесе орыс тілдерінде. 

Мұндай жоба қанша уақытқа созылады? 1 айдан 6 айға дейін.

Назар аударыңыз! «Шағын грант — 2022» байқауына деректі фильм идеялары бойынша өтініштер қабылданбайды. Егер деректі фильм түсіргіңіз келсе, онда Internews ұйымдастыруымен «DOC формат» байқауына өтініш қабылданып жатыр. 

«Шағын грант — 2022» байқауына кімдер қатыса алады? Мемлекеттік емес жергілікті медиа, онлайн басылымдар, газеттер мен журналдар, шағын телекомпаниялар, радиостанциялар, продакшен-студиялар, тәуелсіз авторлар, журналистер, блогерлер, суретшілер, белсенділер және Қазақстан, Тәжікстанның басқа да шығармашылық топтары қатыса алады. Жұмысын енді бастаған командалар да қатыса алады, бірақ пысықталған идеясы болуын, аудиториясы мен оның сұранысын түсінуі қажет.

Ескерту: Қазақстаннан өтініш берушілерде заңды тұлға нысаны (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе басқа) болуы керек. Өзбекстанда жай авторлар да өтініш бере алады.

«Шағын грант — 2022» аясында бір жоба мына сомаға дейін қаржылай қолдау ала алады:

  • Қазақстанда — 500 000 теңгеден 3 миллион теңгеге дейін.

Мәлімделген бюджет ақылға қонымды, нақты және негізделген болуы керек.

Тағы бір жақсы жаңалық, дәлірегі Қазақстанда өтініш берушілерге қосымша мүмкіндік!
Қазақстандағы «Шағын грант — 2022» аясында медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған стратегия мен құралдарды қолданатын жобалар да қаржылай қолдау алады. Яғни медиа айналасынан қауымдастық құруға, қолданушылармен екі жақты тиімді коммуникация орнатуға бағытталған офлайн және онлайн іс-шаралар. 

Бұған ток-шоу, флешмоб, ашық сабақтар мен кездесулер, сауалнама, байқаулар, қайырымдылық жасау ісін ұйымдастыратын қоғамдық топтармен жұмыс, лекциялар, волонтерлік іс-шаралар өткізу және т. с. с. жатады. Медиа аудиториясымен бірге қандай жобалар жасайтыны жөнінде толығырақ мына мақаладан оқи аласыз. 

Медианың аудитория ауқымын ұлғайтуын қаржыландыру екі түрлі болмақ:

қосымша, яғни «Шағын грант — 2022» байқауының жеңімпазына контент әзірлеуі үшін берілетін сомаға қосып беру;
— ұсынылған жоба компонент критерийлеріне сәйкес келсе, жеке бюджет бөліп, қаржыландыру.

Өтініш берушінің аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған онлайн және офлайн іс-шаралар өткізу бойынша тәжірибесі болуы шарт.

Жобаны орындау мерзімі 4 айдан аспауы керек.

Мұндай жобаға қаржылай қолдау алатын медиаға Internews тәлімгер ұсынады. 

Медиа аудитория ауқымын ұлғайту стратегиясы мен құралдарын жақсы меңгеруі үшін Internews арнайы вебинарлар ұйымдастырып жатыр. 
10 ақпанда Алексей Сидоренконың («Теплица социальных технологий» жобасының жетекшісі, Мәскеу, Ресей) «Журналистер қоғамдық ұйымдармен қалай және не үшін бірігіп жұмыс істеуі керек?» деген вебинары өтеді. Қатысу үшін осы сілтемені ашып, тіркелу керек.
Егер аудитория ауқымын ұлғайту туралы көбірек білгіңіз келсе, онда мұны өтініште көрсетіңіз. Сізге осы тақырып бойынша қосымша материалдар жолдаймыз. 

«Шағын грант — 2022» грантын жеңу үшін не істеу керек?

Байқаудың төрт кезеңінен өту керек. 

1 тур — идеялар ұсыну

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаңызға не контент жасауға қолдау алғыңыз келсе, онда онлайн-өтініш беру керек (Gmail пошта қажет)

Байқауға өтініш қабылдаудың соңғы күні2022 жылғы 1 наурыз (ел астанасы уақытымен сағат 23:59-ға дейін).

Бір команда бірнеше идея ұсына алады. Бірақ әр жобаға жеке өтініш толтырып, жіберу қажет.

2 тур — техникалық іріктеу

Internews командасы келіп түскен өтініштерді техникалық іріктеуден өткізеді. Әр жоба байқау критерийлеріне сай қаралады. Ең қызық әрі жақсы пысықталған идеялар келесі кезеңге өтеді. Техникалық іріктеуден өткендердің тізімі ақпанның ортасына қарай дайын болады. Әр жоба байқаудың критерийлеріне сай қаралады. Бұл кезеңде толық ойластырылмаған, аудиториясы немесе қажет қаражат нақты көрсетілмеген жобалар іріктеуден өтпейді. Ал ең қызықты, ерекше және соңына дейін нақты ойластырылған идея үшінші кезеңге өтеді. 

3 тур — идеяларды таныстыру

Іріктелген жоба авторлары арнайы онлайн питчинг-сессияға шақырылады (шамамен 2022 жылғы наурыздың аяғында болады). Идеясын кез келген формада таныстыруына 10-15 минут уақыт беріледі. Питчинг-сессияда медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар да қаралады. 

Қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі жобаларға, Өзбекстаннан қатысатын авторларға жеке-жеке сессия өтеді. 

Оларды тәуелсіз медиа-сарапшылар, белгілі журналистер, аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша маман және Internews қызметкерлерінен жасақталған арнайы байқау комиссиясы тыңдайды. Презентациядан кейін комиссия мүшелері нақтылау сұрақтарын қойып, жоба идеясын жақсартатын ұсыныстар айта алады. Қандай да бір шығындарды негізсіз деп тапса, бюджетін қайта қарауды ұсынуы мүмкін.

4 тур — құжаттарды пысықтау және ресімдеу

Комиссия контент-жобаларды қаржыландыру бойынша түпкілікті шешімді мына критерийлер негізінде қабылдайды:

  • идея мен формат бірегейлігі;
  • мақсатты аудиториясын түсінуі;
  • дайын өнім қандай болатынын көре білуі;
  • ақылға қонымды бюджет.

Медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша қосымша критерийлер:

  • ұсынылған форматтың жоба мақсатына сәйкес болуы; 
  • тұрақты серіктес ұйым — қоғамдық ұйымның болуы;
  • жобада көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудың стратегиялық жоспары.

Байқау жеңімпаздарының тізімі 2022 жылғы сәуірде жарияланады.

Содан кейін жоба авторларына жобаны пысықтап, бюджетін жасап және қажет құжаттарын ресімдеуге екі апта уақыт береміз. Жобаны жүзеге асыру келісімшартқа қол қойылғаннан кейін басталады. 

Қандай идеялар нақты қолдау таппайды? Internews мемлекеттік және мемлекеттік ұйымдармен байланысы бар, ұсынып отырған жобасына ұқсас  контент үшін мемлекеттік тендерге қатысып отырған медиаға қолдау көрсетпейді, сондай—ақ сайт жасау және таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер, музыкалық клиптер мен білім беру контенті өндірісін қолдамайды

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «»Шағын грант — 2022″ байқауы бойынша сұрақ» немесе «Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жоба бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи