Жексенбі, 12 қыркүйек күні кешкісін Орталық Азия медиамамандарының басын қосқан III жыл сайынғы MediaCAMP Fest 2021 фестивалінің жабылу рәсімі өтті. Үш күнге жалғасқан фестивалдің ZOOM-дағы сессияларына 250 адам қатысты. Internews ұйымының Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстандағы әлеуметтік желі парақшаларынан көрсетілген трансляция 18 000-нан астам рет қаралып, мыңдаған лайк жинады. Жүздеген комментарий жазылып, интернет қолданушылары трансляцияны бөлісті.
Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев үш күндік фестивалді қорытындылап, «Бұрнағы фестивалдеріміздің дәстүрін жалғастырып, Орталық Азияның медиа саласына арналған бұл платформаның сапасын арттырдық. Қатысушылар бір-бірімен танысып, байланыс орнатып жатыр. Олар алдағы уақытта бірігіп, жемісті еңбек етеріне сенімдімін. Біз, Орталық Азиядағы Internews өкілдігі, АҚШ Халықаралық даму агенттігінің қолдауымен Орталық Азияда жасалған көптеген сапалы медиажобаны жұртшылыққа көрсете алдық. Азияда жасалған сапалы әрі сұранысқа ие медиажобалар, медиаөнімдер көбейіп, мықты тренерлер, сарапшылар, журналистер мен басқа да сала мамандарының қатары арта берсін», — деді.
Медиафестивалдің бірінші және екінші күндері ZOOM-да деректі кино кеші болды. Кино кешінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан режиссерлерінің қысқаметражды фильмдері көрсетілді. Бұл фильмдердің бір бөлігі есімі елге белгілі авторлардың өнімі болса, тағы бір бөлігі жас авторлардың тырнақалды туындысы екен.
«Көбі — дебютанттар. Бәрі дерлік Орталық Азиядағы Internews ұйымдастырған I Деректі кино мектебінің түлектері. Дебютанттардың жұмысына жылы лебіздерді (Zoom-чаттағы комментарийлер) оқып, сүйсіндік. Мені, осы мектептің ұйымдастырушысы ретінде, және мектеп жұмысына қатысы бар басқа да адамдарды мұндай лебіздер қуантты. Бұл көрсетілім мектептің жартыжылдық жұмысына берілер үлкен баға екенін әрі мектеп жұмысының жемісті болғанын білдірсе керек», — деді Internews өкілдігінің білім беру бағдарламалары үйлестірушісі Алевтина Мадьярова.
MediaCAMP Fest 2021 Орталық Азия медиафестивалінің айтулы оқиғасы — MediaCAMP Award журналистика байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі болды. Байқауға барлығы 700-ге жуық өтініш келіп түсті. «Жастар уақыты», «Уақыт тынысы», «Жеңімпаздар уақыты», «Жасампаздар уақыты», «Жыл тақырыбы. Пандемия кезеңі» номинациялары бойынша 74 материал финалға өтті. Жеңімпаздардың аты-жөнін мына тізімнен көруге болады. «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация» номинациясының жеңімпазы фестиваль сайтында онлайн дауыс беру арқылы анықталды.
Internews ұйымы Орталық Азия журналистерінің MediaCAMP Fest фестивалін 2019 жылдан бері өткізіп келеді. Сайттан фестиваль бағдарламасын және бұрынғы спикерлер сөзінің видеожазбасын көруге болады. MediaCAMP Fest фестивалі үш жылда Орталық Азия журналистерінің бас қосар мерекесіне, аймақтағы және шетелдегі әріптестерімен жетістіктері мен проблемаларын талқылайтын, тәжірибесін бөлісіп, даму болашағын айқындайтын ортаға айналды.
Келер жылы кездескенше!