Оқиғалар«Ерекше тұлға» — ерекше баланың ата-анасына арналған әлеуметтік медиа

«Ерекше тұлға» — ерекше баланың ата-анасына арналған әлеуметтік медиа

Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемақылар жайында білмейді. Мұның бірнеше себебі бар: ерекше балаға ерекше күтім керек, сондықтан бос уақыты аз; қажет ақпаратты табу да қиын; көптеген мәлімет түсініксіз тілде жазылады. Ерекше баланың әкесі Нұрлан Бектаев мұны түсініп, өзі сияқты ата-аналарға қажет әрі пайдалы ақпаратты бір ортаға жинақтады. Оның «Ерекше тұлға» жобасы ерекше баланың ата-анасына жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы ақпарат жариялайды. АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асқан жоба көптеген ата-атаның құқық сауатын ашып, бұрын білмей келген қаншама мүмкіндікті пайдалануына жол ашты.

2012 жылы Нұрлан Бектаевтың отбасында тұңғышы Аяулым дүниеге келді. Бала 1,5 жасқа толғанда оған ДЦП, соның ішінде спастикалық диплегия диагнозы қойылады. Аяқ-қол сіңірі тартылып, оңайлықпен икемге келмейді. Міне, Нұрлан сол сәтте ерекше бала тәрбиелеу — еселенген жауапкершілік екенін түсініп, ерекше әкеге айналды. Содан бастап ерекше баланы тәрбиелеу, емдету, сауықтырудың қамымен жүріп, өзі сияқты ата-аналар жиналған WhatsApp-топтарға мүше болды.

«Сондай топта бір ата-ана: „Паспортты тегін алуға бола ма“ деп сұрады. Оған тағы бір ата-ана: „Иә, болады, кеше барып алдым“ деп жауап берді. Ерекше баланың ата-анасының бірі және баласы ҚР паспортын тегін алуына болады екен. Содан қызым үшеуміз Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Фотоға түсіп, құжат өткізіп, 2 апта ішінде паспортты тегін алдық. Бес жасар қызым: „мұны қайтеміз“ деді. „Шетелге демалуға барарда ұшаққа міну үшін керек“ деп түсіндірдім. Содан бері қызым паспортты көрсе болды, „қашан ұшамыз“ деп сұрайды. Паспортты тегін алғаннан кейін, интернеттен ерекше балалардың ата-анасына жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы ақпарат іздей бастадым. Табылатын ақпараттардың көбі ескірген, толық емес, әр сайтта түрліше жазылған. Міне, сол кезде ерекше балалардың ата-анасына арналған жеңілдіктер, жәрдемақылар туралы толымды ақпарат беретін жоба жасауды ойладым»

Ол 2019 жылы Қазақстандағы Internews өкілдігінің контент өндірісі байқауына өтініш қабылданып жатқанын естиді.

«Байқау шартын оқығанымда „Ең бастысы — идея. Бұрын аз айтылған, елеусіз қалып келген әлеуметтік тақырып болса, соған баса назар аударамыз“ деп жазылған екен. Сөйтіп өтініш жібердім. Екінші кезеңге өтіп, питчингте жоба идеясын таныстырдым. Бір аптадан кейін Internews өкілдігінен хат келіп, жобам питчинг-сессияда жоғары ұпай жинағанын, үшінші кезеңге өткенін, енді жобаны тағы пысықтап, бюджетін нақтылау керек екенін хабарлады. Қуанып қалдым. Жобаны пысықтау барысында Қазақстандағы Internews өкілдігінің қазақ тіліндегі жобалар бойынша консультанты Асхат Еркімбай: „WhatsApp-тан бөлек, Instagram парақшасын да ашып, жүргізсеңіз екен. Instagram-да үлкен аудитория отыр әрі ақпарат жоғалмай, бір парақшада тұрады. Facebook парақшасын ашқаныңыз да жөн“ деп ұсыныс айтты. Бұл өте орынды ұсыныс еді. Дереу келістім».

Осылайша, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға жеңілдіктер, жәрдемақылар туралы ақпарат жинап, карточка түрінде жариялайтын «Ерекше тұлға» жобасы 2020 жылғы контент өндірісі байқауында жеңіске жетіп, қаржылай қолдауға ие болды.
«Ерекше тұлға» әлеуметтік медиасында барлығы 19 тақырып бойынша пост жариялады.

«Алғашқы тақырып — „Жалақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін“ / „Как не платить ИПН?“. Мәтінді дайындап, карточкаға салып, Instagram-да ашқан „ТҰЛҒА“ жобасы парақшасына жарияладым. Содан кейін дереу WhatsApp топтарға тараттым».

Нұрлан әуелі WhatsApp мессенджерінде ерекше балалардың ата-анасы жиналған 10 топқа мүше болған. Кейін топ саны 13-ке жетіпті, өйткені ата-аналар жаңа топ ашылса, сол жаққа да Нұрланды да қосып отырады. Әр топта кемі 50 адамнан 250 адамға дейін мүшесі бар. Сонда бір пост 2000 адамға дейін таралады. Ары қарай басқаға бөлісіп, жіберіп жатқаны қаншама.

Инстаграмдағы tulga. kz_ парақшасына 19 тақырып бойынша қазақша/орысша барлығы 28 пост жариялады. Осы аралықта инстаграм-парақшадағы жазылушылар саны 1 мыңнан 10 мыңға жетті.

«Ерекше тұлға» жобасының әзірге жеке сайты жоқ. Алайда басқа сайттармен серіктестік байланыс орнатқан. Атап айтқанда, Infomburo. kz порталына қазақша мәтіндер, ал otyrar. kz сайтына орысша мәтіндер шықты. Ontustik Rabat газетінің бірнеше санына қазақ тіліндегі мәтіндер жарияланды.

Инстаграм парақшада ең көп қаралым жинап, таралған тақырып — «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй алу. Бұл пост 32 мың рет қаралыпты. Орысша мәтіндер бойынша «Как получит паспорт бесплатно?» деген тақырып 10 мыңнан астам қаралған. «Үй кезегіне қалай тіркеледі», Ұшақ билетін жеңілдікпен алу сияқты тақырыптар да көп қаралып, талқыланды. «Ерекше балаға күтім жасау зейнет өтіліне есептеле ме» деген пост ата-аналар арасында көп талқыланып, талай ата-ананың көңілін алаңдатқан сауалға жауап тауып берді.

 «Менің жобамның да басты мақсаты — ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың ақпаратқа қол жеткізуін, заңды құқығын, жеңілдіктерді, жәрдемақыларды біліп, пайдалануына жәрдемдесу. Жобаны жүзеге асыру барысында контентімнің көпке пайдасы тигеніне де куә болдым. Мысалы, „Паспортты қалай тегін алуға болады?“ деген ақпаратты жариялағанымда „Сізге рахмет, кеше барып, паспортты тегін алып келдік“ деп жазған ата-аналар болды. „Нотариустың қызмет ақысын төлемеуге болады“ деген тақырыпты жариялағанымда, „Қазір нотариусты барайын деп жатыр едік, айтқаныңыз жақсы болды ғой“ деп жазған ата-аналар да бар. Жекеге шығып, күйеуіммен ажырасып жатыр едім, баспана кезегіне қалай тұруға болады, алименттен басқа да қандай төлем алуға болады, деп сұраған әйел кісілер бар. Білгенімше жауап беремін. „Алименттен бөлек төлем өндіруге бола ма?“ деген пост та жарияладым. Әуелі 10 топта болғанымды, кейін басқа топтарға қосылғанымды айттым ғой. 12-ші топ ашылғанда бір ата-ана жекеме шығып: „жаңа топқа қосқаныма айып етпеңіз, бірінші топ толып қалды, ерекше ата-анаға кеңестеріңізді жаңа топқа қайта жіберіңізші“ деп өтінді. Барлығын жібердім»

Жобаны жүзеге асыру барысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша сұрақтар көп болыпты. Өзі де 2020 жылғы шілдеде осы бағдарлама бойынша пәтер алыпты.

«Сол кезде осы бағдарламаның егжей-тегжейін әбден түсіндім. Кейін „Бақытты отбасы“ бойынша сұрақтар болғанда толымды жауап бере алдым. Тіпті, бір жерлесіміз мені осы бағдарламаны түсіндіретін WhatsApp топқа қосты. Сол топта көп ата-ананы ақпараттандырдым. Кейбір ата-ана „Бақытты отбасы“ бағдарламасының шартына сай келетінін білмейді екен. „Шайнап бергендей түсіндірдіңіз ғой“ деп айтқан ата-аналар бар. Жеке нөмірімді алып, хабарласып, сұраған ата-аналар да болды. Үй алу мысалымды көп адамға айттым. Көп сұрақ қойды, еркін жауап бердім. WhatsApp-топтарда да, жекеме шығып та сұрақ қоюшылар көп болған соң, Инстаграм-парақшада екі тікелей эфирге шықтым. Біріншісі, Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы маманымен баспанаға кезекке тұру және талаптары бойынша сұрақ-жауап. Екіншісі, Отбасы банкінің Шымкент қаласындағы филиалы директорының орынбасарымен „Бақытты отбасы“ бағдарламасы бойынша сұрақ-жауап. Екі тікелей эфирім де сақталып тұр. WhatsApp-топтарда отырғанымда бір сұрақ туындаса, ата-аналар кейде „жауабын Нұрлан біледі“ деп, мені тегтеп қояды. Әрине, бұл — әрі сенім, әрі жауапкершілік. Қойылған сұраққа, өтінішке ерінбей жауап беремін. Жұмыста, компьютерде отырғанда жауап жазу жеңілірек. Ал үйге келгенде смартфонға үңіліп, балаға қарай отырып жауап беріп жүрдім. Ондай сәттерде келіншегім „кешкі юридическая контораң ашылды ма“ деп әзілдейді».

Нұрлан 15 жылдан бері газет, сайт, телеарнада қызмет етіп келеді. Ал «Ерекше тұлға» жобасы оның тұтас медиажобаны нөлден бастап дайындап, дамытып, толыққанда жүзеге асыруды үйретті.

#МЕДИАЖОБА ЖАСАУШЫЛАРҒА КЕҢЕС

  • Internews жариялайтын контент өндірісі байқауларының шарты, талаптары, ережелері анық әрі айқын. Соны түсініп оқып, ерекше әрі пайдалы жоба идеясын ойлап, ұсыныңыз. Жобаңыздың идеясы мен маңызына баса мән беріңіз. Құжат ресімдеу, тағы басқа жұмыстарынан қорықпаңыз. Internews өкілдері жан-жақты қолдау көрсетіп, кеңес береді. Ең бастысы — идеяңыз маңызды әрі бірегей болса, қалғаны оңай.
  • Жоба идеясын жан-жақты жетілдіріңіз. Командаңыз болса, қандай да бір қиындық туса, ақылдасып шешуге тырысасыз. Мен жобаның біраз жұмысын жалғыз жүзеге асырдым. Сондықтан Internews өкілдерімен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырдым. Көп көмектесті. Тағы айтарым — идеяңыз бар ма, онда жүзеге асырудан қорықпаңыз. Мүмкіндікті пайдаланыңыз.

2020 жылдың соңында грант қаржыландыруы аяқталды. Қазір Нұрлан жобаны әрі қарай дамыту стратегиясын айқындап жатыр.

«Меніңше, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақылар, жеңілдіктер бойынша жаңа ақпарат болмайтын сияқты. Сондықтан алдағы уақытта жобаның бағытын өзгерткім келеді. Айтарым — ерекше балалардың диагнозы көп, бірақ проблема — ортақ. Сондықтан бұл жобамның тақырып ауқымын кеңейтемін, ең бастысы — ерекше бала мен ата-анасына пайдалы ақпарат беруді, олардың проблемасын көпшілікке жеткізуді мақсат етемін. Мен де ерекше бала тәрбиелеп отырмын. Қызымның диагнозын естігенде барымен қабылдадық. Туғанда тіршілігі үшін күрессек, өскенде болашағының дұрыс болуы үшін жанталастық. Өмірінің әр кезеңі біздің таңдауымыз бен шешімімізге тәуелді. Демек, сол негізгі нүктелерде таңдауды дұрыс жасауымыз өте маңызды»

***

Айтпақшы, қазір «Шағын грант. Жазғы маусым 2021» контент өндірісі байқауына өтініш қабылданып жатыр. Күзде “Ірі грант” байқауына өтініш қабылданады. Қазақстандағы Internews өкілдігінің сайты мен Facebook- парақшамыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи