“Стереотиптерді бұзудың орнына — ненің стереотип екенін түсіндіреміз”. Balmuzdaq.plus авторлары: Сұңғат Анапия, Алина Жартиева, Заңғар Омардың қазылар алқасына айтқан сөзінен үзінді — бұл.
Олар Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-грантын жеңіп алып, Balmuzdaq.plus медиажобасын жасады. Продакшен-грант “MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы” аясында берілген. Осылайша, Сүлеймен Демирел университетінде оқитын үш студенттің таптаурын түсініктерді түсіндіру талпынысы медиаға айналды.
Стереотиптерді ерітетін Balmuzdaq.plus жобасы авторларымен 2 сағаттай әңгімелестік. Жиі ұшырасатын, бірақ сирек айтылатын тақырыпқа арналған сұхбатымыз 20 тақырыпшадан тұрады.
- Бәрі “Сөйле”-ден басталған
- Продакшен-грантқа идея іздеу: мәдени шок, мәдени тосқауылдар
- Идея табылды. Енді не істеу керек?
- Питчингке дайындық
- 15 минуттық питчинг: пайдалы сұрақ пен қиын сұрақ
- Мүмкіндікті бағамдау. 40 видеодан 25 видео
- The Soyle атауының balmuzdaq.plus-ке айналуы
- Команда мүшелерінің міндеті
- Тақырыптар. Контентті карантинге бейімдеу
- Хом мен Фем. Кейіпкерге мінез берудің сәтті мысалы
- Анимация шеберханасына үңілу
- Анимация жасау қымбат па?
- Инстаграмдағы bq.plus
- Аудиторияңызды танисыз ба?
- Басқа медиамен коллаборация
- Balmuzdaq.plus кімді қалай дамытты?
- Balmuzdaq.plus болашағы
- “Инвестиция құюға дайынбыз!”
- Контент жасаушыларға кеңес
- Қатені мойындау — қиындыққа мойымау
Бәрі “Сөйле”-ден басталған
2017 жыл. Сұңғат пен Алина SDU-дің Журналистика факультетінде I курс оқиды. Университетте “Сөйле” атты газет болыпты. Негізін қалаған — Оразай Қыдырбаев. Алина сол газетте жұмыс істеуге қызығып, іріктеуден өтеді.
— Алғашқы сұхбатымызды жариялап, газет таратып, жүгіріп жүрдік. Өкінішке қарай, жоба тоқтап, принт-басылым шықпай қалды. Әлеуметтік жобаға көшіріп, Инстаграм-парақшасын аштық. Тағы аз уақыт жұмыс істеп, тоқтады. Сөйтіп ұмыт қалып қойды. 3-курста оқып жүргенімде 2-курстағы Заңғар хабарласты. “Сөйле” деген жоба бар екен. Соны жалғастырып көрерміз” деді. Бірден келістім. Студенттер ақпарат алатын орта, медиа болуын қаладым. Ойымыз бір жерден шығып, “Сөйле” жобасын қайта бастадық. Кастинг ұйымдастырып, команда жинадық. Бірінші курс студенттерімен жұмыс істедік. Видео түсірдік. Университеттегі танымал адамдарды шақырып, оларға сұрақ қойып, соны жарияладық. Студенттерді мазалайтын түрлі тақырыпты: стипендиядан бастап емтиханға дейінгі тақырыптарды айттық. Сұңғат та көмектесіп тұрды,-дейді Алина.
Продакшен-грантқа идея іздеу: мәдени шок, мәдени тосқауылдар
2019 жылғы қазан. Сұңғат пен Алина III курста, ал Заңғар II курста оқиды. Олар ұстаздарынан Қазақстандағы Internews өкілдігі продакшен-гранттар, яғни контент жасауға гранттар байқауын өткізіп жатқанын естиді. Қызығып, “неге байқап көрмеске, тәуекел етіп, қатысайық” деп, идея іздеуге кіріседі.
— Ең бастысы – идея болды. Грант байқауында да солай жазылған. “Қандай идеяны алсақ екен, қандай тақырыпты қозғағымыз келеді” деп, брейншторм жасап, ойланып, алысқа бармай, айналамызда болып жатқан оқиғаларға назар аудардық. “Студенттерді не мазалайды, қандай сауалдарға жауап іздейді” деген сұрақтарды талдадық. Ауыл мәдениеті және қала мәдениеті ұғымына ұшырастық. Мәселен, мен — Алматы қаласының тумасымын. Тобымызда еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттер оқиды. Бәріміз 1-курсқа түскенде бір-біріміздің сөйлеген сөзіміз, диалектіміз, іс-әрекеттеріміз басқаша көрінді, басқаша естілді. Мұны “мәдени барьер” десек те болады. Заңғардың туып-өскен жері — Қызылорда облысының Арал ауданы. Ол Алматыға алғаш келгенде қала мәдениетіне сіңісіп кету үшін мәдени тосқауылдарға тап болған. Сөйтіп, “осы проблеманы көтерейік, осы идеяны айтайық” деп, бірге бастап кеттік,-дейді Алина Жартиева.
Оның сөзін Сұңғат та құптайды. Айтуынша, бәрі бір мамандықта оқыса да түрлі қоғам өкілі сияқты болыпты.
— Бізде «мәдениеттер” деген ұғым бар. Біз “мәдениеттер” деген сөзді естісек, театрлар, кино, музейлер ғана елестейді. Ал “мәдениет” деген не екенін ұстазымыз Молдияр Ергебеков ағайдың сабағынан тереңірек танып білдік. Идеямызды түсіндіру үшін мынадай мысал айтайын. Бүгінде қаладан ауылға келін болып түскен қыз бен КСРО заманында тәрбиеленген ата-апа бірін-бірі қабылдай алмай жатады. Екі тарап — екі түрлі мәдениеттің өкілі, екі түрлі жас, екі түрлі заман. Ұлты бір болса да екеуі екі түрлі. Екі арада мәдени шок болды. “Келін болған осындай”, “ене деген осындай” деп айтатын мәдени барьерлер туындайды. Ғылымда “мәдени шок” деген ұғым бар. Басқа бір қалаға барған адам сондағы мәдениетке де таңғалып жатады. Тап осындай проблема біздің студенттер арасында кездесті. Олар мектептен университетке келеді. Ал мектеп жабық орта ғой. Ауылдан қалаға, не басқа қаладан келгенде мәдени шокты басынан өткереді. Міне, осы тұста “батыстықтар сондай”, “шымкенттіктер мұндай” және тағы басқа да мазмұндас әңгімелер естіле бастайды. Мұның барлығы — мәдени шоктан туындайтын қорқыныш пен сенімсіздіктер. “Адамда ең алғаш пайда болатын эмоция — қорғану инстинктінен туындайтын эмоциялар. Ал бұдан мәдени тосқауыл шығады” деген теория құрып, сондай идея төңірегінде жоба ұсынғымыз келді,-дейді Сұңғат Анапия.
Ал Заңғар Омар Алматыға Аралдан келген. Ол мәдени барьер, мәдени шокты бала күнінен сезініп өсіпті.
— Алина мен Сұңғат айтқан проблеманың екі жағында да болып жүрген адаммын. Университетке түспей тұрып, ес білгелі, әр жазғы демалыс сайын Алматыға қыдырып келетінмін. Аралда оқыдым. Аралдың 99 пайызы — қазақ тілді адамдар. Басқа ұлттың адамдары да қазақша біледі. Қоғамға сіңіп кеткен. Мен сол қоғамнан Алматыға келемін. Ал Алматыда мүлдем басқа қоғам. Алматыдан көріп-білгенімді, кейбір қасиеттерді алып, ауылға барғанымда, о жақта да басқа қоғам. Сөйтіп жылдар бойы екі қоғам арасында жүрдім. Келе-келе “екі қоғам- екі бөлек” екенін ұқтым. “Егер басқа қоғамнан келіп, қалауыңша өмір сүріп, қалауыңша әрекет етіп, бақытты болу үшін саған үлкен білім керек, танып-білуің қажет” дегенді түсіндім. Алматыға бұрын да келіп жүрген соң, студент болғанда тез бейімделдім. Алайда бұрын-соңды Алматыға келмеген адамдарды түсінетінмін. Сіңісе алмай жүрген сыныптастарым болды. Бұл мені қатты алаңдатты. Университетте барлығын тереңірек танығым келді. Алайда ешбір медиада бұл туралы айтылмайды. Мен іздеген ақпарат түрлі медиада шашылып жатады. Пабликтер де ретсіз. Инстаграм парақшалардың бірі IELTS-қа дайындаса, тағы бірі түрлі ойын-сауық, серуендейтін орындар туралы айтады. Маған барлығы керек. Нақты бір салалық медиа болса, осының барлығын қамтитын еді. “Тура осы проблеманы шеше алатын медиа — жастарға ең қажет медиа шығар” деп ойладым. Идеямызды талқылап, жетілдіріп, питчингке жеткіздік,-дейді Заңғар Омар.
Идея табылды. Енді не істеу керек?
АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің “MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы” аясында берілетін продакшен-гранттар байқауы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі -идея ұсыну. Алина, Сұңғат пен Заңғар байқауға қандай идея ұсынатынын, форматын нақтылап алған соң, онлайн-өтініш толтырып, жібереді.
— Байқауға өтінішті толтырғанда идеямызды егжей-тегжейлі жазып, YouTube-қа арналған видео түсіретінімізді көрсеттік. Байқау шартында айтылғандай, бірінші кезеңде идея мен формат маңызды екен,-дейді Алина.
Питчингке дайындық
2019 жылғы қараша. Продакшен-гранттың екінші кезеңіне, яғни жобаны таныстыру — питчинг кезеңіне өткен идеялар іріктеліп, тізім жарияланды. Тізімде Алина, Сұңғат пен Заңғар үшеуінің ұсынған идеясы да бар. Олар питчинг дайындығына кіріседі.
Питчинг дегеніміз — қазылар алқасына 10 минутта жобаңыздың идеясын таныстыру, тағы 5 минутта сұрақтарына жауап беру.
— Интерньюстің продакшен-грантына өтініш жіберіп, екінші кезеңге өткенімізді ұстаздарымызға айттық. Ұстаздарымыз бізді көп шыңдады. Қаншама сұрақ қойып, “мына тұсын жөндеу керек” деп, тапсырма берді. Ең көп талқылаған сұрақ: Кімге қалай көмектесеміз, не үшін жасап жатырмыз? Міне, осы екі сұрақтың жауабын іздедік. Біз көмектескіміз келетін адамның образын жасап, ол адамға нақты не қажет екенін түсінуге тырыстық. Аудиториямызды зерттедік. Комиссияда мықты медиасарапшылар болатынын ойлап, олардың мүмкін сұрағына дейін дайындалдық. Түнімен отыратынбыз. Осылайша жобамызды питчингке дейін әбден пісірдік,-дейді Заңғар.
Үшеуінің питчингке тыңғылықты дайындығының тағы бір белгісі: олар — проморолик әзірлепті.
— “Айтқан — бір бөлек, көрсеткен — бір бөлек” деп ойлап, “контентіміз осындай форматта болады” дейтін видео дайындадық. Бұл да көмектескен сияқты. Заңғар мен Сұңғат айтқандай, питчингте қандай сұрақтар қойылатынын ойлап, соған жауаптар дайындадық. Кім неге жауапты екенін де нақтылап, презентация минутына дейін есептедік,-дейді Алина.
15 минуттық питчинг: пайдалы сұрақ пен қиын сұрақ
Питчингте үш студент идеясын сәтті таныстырып, әрқайсысы командадағы міндеті шеңберінде сөйлеп, промороликті де көрсетеді. Қазылар алқасы бірнеше сұрақ қояды, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстар айтады.
Сұңғат қазылар алқасының сұрақтарынан ең пайдалы және ең қиын сұрақты атап өтті.
— Ең пайдалы және ең қиын сұрақ бар. Пайдалы сұрақ: Сіздер таңдаған аудитория контентіңізді неліктен көреді?. “Өйткені, мына медиа осы проблеманы қозғап, көтеріп жатыр, осындай контент жасайды”деп айтып, көрсететін мысал Қазақстанда жоқ. Идеямызды үлкен аудиторияға тексеріп те үлгермедік. СДУ-дағы студенттерге көрсеттік. Оларға қызық болды. Бірақ, үлкен дерек қорымыз болмады. Алайда бұл сұрақтың пайдалы жағы — әрбір жобаны жасайтын кезде оның нәтижесін шығару, “нәтижесі болады” деген жауапқа келу, контент пен нәтиже арасында байланыс бар ма, жоқ па, деген сұрақтар туындатты. Ал “Нәтижені қалай көресіздер?” деген сұрақ — қиын сұрақ еді. Біз бұл сұраққа жауап беру үшін әлдекімнен: “Сіздерге рахмет, мен мәдени барьерімді шешіп тастадым, өзімді еркін сезініп жатырмын” деген сияқты фидбек ала алмайтын едік. “Мына адамға көмектестік, мына адамға көмектеспедік” деп те тексеру қиын. Былай қарап отырсаңыз, контент мазмұнымыз да студенттерге қарама-қайшы келеді. Кейбір студенттер: “қыздар ұлдардан төмен” деген ұғымға ата-аналарынан естіп сеніп жүрсе, біз оған: “Барлық мәдениет тең, толерантты болу керек, бөлінуге болмайды” деп айтып, олардың мәдениетіне қарсы келіп, когнитивті диссонанс жасадық. Мұндайда нәтижені білу қиын болады. Сондықтан біз “Стереотипті бұзу” деген орнына “Мына заттың стереотип екенін көрсетеміз, стереотиптің стереотип екенін барынша дәлелдей алғанымыз – басты нәтижеміз” деп айттық,-деді ол.
СҰҢҒАТТАН КЕҢЕС: Қолжетімді нәтижені көріп алыңыз. “Мен қазір мыналарды рухани байытып тастаймын” деп айтудың орнына «Рухани байлық деген не екенін түсіндірем» десеңіз, нәтижеңіз оңайырақ әрі қолжетімді болады. |
Мүмкіндікті бағамдау. 40 видеодан 25 видео
Олар родакшен-гранттың бірінші кезеңіне жіберген өтініште “барлығы 40 видео жариялаймыз” деп жазады. Алайда питчингтен кейін видео санын қысқартады.
— Қазылар алқасының ұсыныстарын негізге алып, ақылдаса келе, видео санын 40-тан 25-ке дейін қысқарттық. Мазмұны мен жанры бойынша 6 сұхбат, 6 түсіндірмелі-танымдық анимация, сауалнама, экспериментке бөліп, форматтарына қарай ыңғайладық,-дейді Алина.
Заңғардың айтуынша, видео санының қысқаруы жобаның тақырып ауқымына әсер етпеген.
— Үшеуміз де студентпіз. Грант алу үшін өтініш тапсырып жатырмыз. Грант алу үшін не істеу керек екенін білмейміз. Мүмкіндігімізді асыра сілтеп, максимум көрсеттік. Питчингте “біз осылай-осылай істейміз” деп шоу жасадық. Кейін медиасарапшылармен сөйлесіп, 40 видео көп болатынын түсіндік. Әйткенмен, бастапқы жоспарланған 40 видео мен соңында жарияланған 25 видеоның мазмұны бірдей, айырмашылығы – хронометражында ғана. Қазір ойлап қарасам, 25 видеоны да қысқартып, тағы ықшамдауға болады екен,-дейді Заңғар.
Питчингтің бір ұтымды тұсы — жобаны әбден пісіріп, жетілдіреді.
— Бірінші кезеңге өтініште берген идеямыз бен соңында қорытынды идеяны қарасаңыз, екі түрлі идея. Басында шикізат сияқты болса, соңында ол тамаққа айналды, яғни дастарханға қоюға, жеуге болатын тамақ сияқты. Питчингте ғана емес, кейін де әбден ақылдасып, талқылай келе, жоба идеясы әбден шыңдалды. Бұдан идеямыз толығып, қызықты бола түсті,-дейді Сұңғат.
The Soyle атауының Balmuzdaq.plus-ке айналуы
— Жоба атауының өзгеруі де қызық оқиға. “Сөйле” — бұрыннан бар атау. Сосын ұсынғанбыз. “Сөйле” жобасының концепциясы болмады. Біз соған концепция бердік. Грантқа ұсынған жобамыздың атауын өзгертуді де ойлап жүрдік. Талқылай келе, онда “Балмұздақ болсын да” деп әзілдеп айтқанбыз. “Балмұздақ” сөзі — еркін, тәтті, жастық образдың, қуаныш, шаттық символы ретінде образ мәнге ие атау. Бірінші курс студенттерін де “балмұздақ” деп атайды. “Ендеше концепцияны жақсы ашып тұр” деп, бастап кеттік,-дейді Заңғар.
Сұңғаттың айтуынша, жоғарыда аталған проблемалар, мәдени шок, мәдени тосқауылдар көбіне 1 курс студенттерінде болады.
— Олар университетке алғаш келгенде: “Мынадай бар екен ғой”, «Не үшін мына жаққа түстім», «Пәленшемен сөйлесе алмай жатырмын”, “Ортаға сіңісе алмай жүрмін” деген проблемаларға тап келеді. Абитуренттерді кезінде «балмұздақ» деп атаған кезінде. Бізде де солай атап, “Балмұздақтар келді”, “Сүп-сүйкімді балмұздақтар келді” деп айтатын,-дейді Сұңғат.
Осылайша “балмұздақ” сөзі жоба атауына айналып шыға келді. “+” таңбасын қосқанда мәні тіпті тереңдей түсті. Барлық студентке, жастарға арналғандай әсерге бөледі.
Команда мүшелерінің міндеті
Balmuzdaq.plus жобасында Алина жоба менеджері ретінде құжат ресімдеу, жұмысты үйлестіру, ұйымдастырумен көбірек айналысса, Сұңғат техникалық жағына көбірек жауапты болған. Ал Заңғар контент мазмұнына қараған.
— Үшеуміздің де мінездеріміз, ерекшеліктеріміз бар. Маған ғылыми мақалалар қызық, құбылыстар қызық. Идея бере аламын. Видео түсірдім. Анимация жасадым. Техникаға қатысты қандай да бір сұрақ туындаса, жауапты болдым,-дейді Сұңғат.
— Сценарий, бір айлық жоспар дайындадым. “Қандай тақырыптарды көтереміз, кімнен сұхбат аламыз” деп, соны шештім. Сұрақтар әзірледім. Ең үлкен жұмыс – анимацияға сценарий жазу болды,-дейді Заңғар.
— Сұхбаттасатын адаммен келісу, аудиториямен жұмыс істеу, сонымен қатар басқа жобалармен коллаборация жасауға сөйлесу, келісу, құжат жағына жауаптымын. Инстаграмдағы посттар мен стористер дизайнына бастапқы кезеңде жауапты болдым. Әр кезеңнен кейін есеп тапсырып, аудитория қалай өскенін, қандай кері байланыс болғанын, жазып отырдым, -дейді Алина.
Balmuzdaq.plus жобасының грант қаржысында техника сатып алу да болған. Видеокамера, микрофондар, рекордер мен анимация софтына қажет плагин сатып алыпты.
Тақырыптар. Контентті карантинге бейімдеу
Идея бар. Формат айқын. Қаңқасы түзілді. Ендігі кезек — контент тақырыптары. Идеяны контент тақырыптары ашады. Balmuzdaq.plus жастардың стереотип түсініктерден тәуелсіз болуы үшін кофе мәдениетінен бастап, мамандық таңдау, университет оқу, сленгтер, тіл туралы стереотиптер, ұлтаралық неке мен жаңа адаммен қарым-қатынасқа дейінгі сан алуан тақырыпты қамтиды.
— Бірінші кезеңде өтініш толтырғанда, “осындай тақырыптарды көтереміз” деп жаздық. Форматқа келсек, хроносы 40 минуттық алты сұхбат түсіру керек болды. Жастарға динамикалық видео өтетінін түсініп, 40 минуттық видеоны 3 минутқа дейін қысқарттық. Басында 40 минуттық екі видеосұхбат жарияласақ, қалған видеосұхбаттарымыз «Мен студентпін, бірақ…», «Мен қызбын/ұлмын, бірақ…” және тағы басқа тақырыпта қысқа сұхбаттар болды. Коронавирус пандемиясы кезінде форс-мажор туындап, формат пен тақырыпты өзгертуге, офлайннан онлайнға өтуге тура келді. Сол уақытта мысалы, әртүрлі тақырыптарды көтердік. Пандемия жаз мезгіліне тура келді. ҰБТ басталды. ҰБТ-ға, мамандық таңдауға қатысты проблемаларды қозғап, видеоларымызды подкаст түрінде шығаруды ойлап, психологтармен сөйлестік. Кейбір ата-ана баласына мамандық таңдағанда өздері қалайтын мамандығын телиді. Бірақ, балаға сол мамандық ұнамайды. “Дәрігер бол”деп айтса, бала дәрігер болғысы келмейді. Міне, сондай жағдайда ата-ана мен бала қалай сөйлесуі керек? Бір-бірін қалай түсінеді, деген сұрақтар жайында психологтармен сөйлесіп, инстаграмға қысқа форматын салып, толық нұсқасын ютубқа жарияладық. Соның арқасында фидбек болды. Бір қыз: мені ата-анам түсінбейді, не істесем болады, деп сұрады. Біз сол қызға психолог айтқанына сүйеніп, “осы подкаст тыңдап көріңіз” деп, ата-анасымен сөйлесуіне көмегіміз тиюін мақсат еттік. Мамандық таңдау, офлайннан онлайнға көшкен кездегі проблемаларды түрлі форматта шығардық. Жағдайға қарай бейімделдік. Сұхбат түсіруге студия табу қиын болды. Студиялар жабық, кейбір студиялар пандемияда көп адам кіргізе алмайды екен. Сұхбатқа келетін адамдарды шақыруда қиындық туындады. Әуелі студия болмағанда офисте түсіруге тура келді. Пандемияда қауіпсіздік шараларын сақтау үшін, «Мен студентпін, бірақ…» деген видеоға студенттерді әртүрлі уақытқа шақырдық. Бір проблеманы шешу үшін басқа қырынан қарай алу керек екен,-дейді Алина.
Коронавирус пандемиясы тақырыпқа да, форматқа да әсер етті.
— Офлайнға адам шақыру қиын болды. Адамдар қорықты. Сондай бір қиын кез еді. Сұхбатқа шақырғанда, олар “вирус жұқтырып алмаймын ба” деп қорықты. Пандемия бастапқы тақырыптарды да өзгертті. Жоба өтінішінде “Дінге, хоббиге, ұлтқа, Ninety One тобына қатысты мәдениеттерге байланысты контент жасаймыз” дедік. Пандемия басталғанда ойлана келе, “Қазір бәрі коронавируспен алысып жатқанда, дін туралы айтып жатсақ қалай болар екен, дұрысы тынышталғанда жариялайық” деп ойладық. Сөйтіп, сабаққа қатысты, онлайнға көшу сияқты проблеманы алдық. Контент план жасағанымыздың көмегі тиді. Екі аптада бір рет шығармашылық дағдарыс болып тұрды. Не істейтінімізді білмей кетеміз, өйткені, шығармашылық деген сол ғой. Белгісіздікпен жұмыс істейсің. Не істеу керек екенін, қалай жұмыс істесең, нәтиже қалай алуға болатынын түсінбейсің. “Мына жасағанымды ешкім көрмесе, не істеймін” деген ой пайда болады. Сол кезде апликейшнге жазған идеяларымыз шабыттануға негіз болды,-дейді Сұңғат.
Хом мен Фем. Кейіпкерге мінез берудің сәтті мысалы
Balmuzdaq.plus жобасының ерекше форматтағы контенті — түсіндірмелі-танымдық анимациялар. Бұл видеолардың кейіпкерлері де бар. Есімі: Хом мен Фем.
— Кейіпкерлерге мінез береміз бе, жоқ па, кейіпкеріміз қандай болады, деп ойландық. Сөйтіп, Фариза деген суретші қызбен сөйлестік. Ол: “көрерменге видеоларың ұнамаса да, кейіпкерді жақсы көріп қалса, видеоларыңды сол кейіпкер үшін көреді” деп айтты. Адамға табиғилық, өміршеңдік, шыншылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттер керек. Кейіпкерде мінез болуы өте маңызды. Адам өмірде көретін қасиеттерді кейіпкерден де көреді. Драмургияның ерекшелігі де осы: диалог жасағанда, персонажға мінез береді,-дейді Сұңғат.
Хом мен Фем образын жасауға Ұлдана деген қыз да көмектесіпті.
Қос кейіпкерге ат табу оңай соқпаған. Ұзақ ойланыпты.
— Персонаждың қандай болатынын ең көп ойланған Сұңғат болды. Біз Әли, Маржан сияқты ат қоя салуды ойладық. “Әли бүйтті”, “Маржан сөйтті” деп айтсақ,, Balapan TV мультиктері елестеді. Бізге де ұнамады. “Әли ұйқыдан тұрды” деп жатсақ, жастарға да ұнамайды. “Есімсіз-ақ жүре берсін” дедік. Сұңғаттың философиялық абстракцияға кетіп қалатыны бар. Ол: “ұлды Хом, қызды Фем” деп атайық” деді. Идеяны естігенде я ұнайды, я ұнамайды. Сұңғат айтқанда не ұнамайтынын, не ұнайтынын білмедім. Содан «бұған дейінгі есімдердің ешбірі ұнамайды екен, онда осы болсын” дедік. Негізі, идеяда ол екеуінің Ами деген досы болған. Оған сюжет жетпей қалды,-дейді Заңғар.
Хом да, Фем де француз сөзі. Әрқайсысының мағынасы бар.
— “Хом” сөзі “ұл”, “Фем” сөзі — “қыз” деген мағына береді. Ами — французша “дос” деген сөз. “Хом мен Фемнің досы” дегенді французша Ами – дос деп алдық. “Есімдері неліктен Хом мен Фем?”, деп сұрағандар болды. “Сендер стереотип бұзудың орнына стереотип қалыптастырып жатырсыңдар”, деген пікір де айтылды. “Неге сендер қазақ балаларынан стереотип бұзатын образ жасамадыңдар, қазақ балалары стереотип бұза алмайды” деп айтқыларың келе ме” деп те сұрады. Оларға: “бұлай таңдауымыз – ұлттық бір құндылықты көтеріп, не түсіріп тастау емес, бізге және маған француз мәдениетінің өте таныс әрі өте таныс емес болғаны үшін ғана біз оларды Хом мен Фем, деп атай салғанымызды айттым,-дейді Сұңғат.
Сонымен Хом кім, Фем кім? Бұған Заңғар жауап берді.
— Екеуі дос. Хом стереоптиптермен жүреді, ал Фем сол қоғамда өмір сүреді, бірақ стереоптиптерге қарсы шыққысы келеді. Фемге телефон шалған ұнамайды, өз қалауынсыз тұрмысқа шыққысы келмейді. Ал Хом – кішкене конформист адам. Екеуі дос, соңында бір-біріне ақыл айтып, көмектесіп, ортақ бір проблеманың шешімін тауып отырады. Ең оңай концепция осы. Ал сценарийде әрқайсысының қылықтары пайда болды. Қылықтардың барлығы сценарий концепциясына қарай құбыла берді. Сол үшін ең басты образ ретінде: біреуін — конформист, екіншісін – нонкормист деп алып, достастырып қойдық,-деді Заңғар.
Анимация шеберханасына үңілу
Жоғарыда айтқанымыздай, Balmuzdaq.plus жобасының ұтымды тұсы — анимация. Техникалық орындалуы да көз тартады. Түстері де жарасымды. Анимациясы да сапалы.
— Командада анимация жасаған – мен. Былай қарасақ, онлайн-конструкторлармен жасалған сияқты. Қозғалыстары – механикалық қозғалыстарға ұқсайды, бірақ онлайн-конструктормен емес, After Effects атты софтта жасадым. Хом мен Фемнің хикаясы — алғашқы анимациям. Түс таңдау, мизансценаны жасайтын кезде, әрбір сценада не болатынын анықтағанда Алина көмектесті. Әуелі Заңғар сценарий жазды, кадрлерді де тізіп берді,-дейді Сұңғат.
Анимация жасау — нағыз командалық жұмыс екен.
— Бір бірімізді толықтырып, бір бірімізге ұсыныс айтып, жақсы анимация видео жасадық. Түс таңдағанда, Инстаграм-парақша ашқанда “осындай үш түс қолданайық, қалған екі түс көмекші ретінде жүрсін” деп, ашық түстерді пайдалануға тырыстық. Атауымыз — Balmuzdaq.plus, логомыз да көк, күлгін түстерден құралған. Ашық түстер арқылы еркіндікті, тәуелсіз екенімізді жеткізгіміз келді,-дейді Алина.
Хом мен Фемге мінезді Заңғар беріпті. Сұңғат та мінез қосқан.
— “Ешкілерден Старбаксқа дейін | Кофе мәдениеті қалай пайда болды” деген видеода Хом мен Фем кофе ішіп отырады. Хом көзін қысып, Фемге қырындайды. Бұл — ұлдарға қатысты дүние. Ұлдар әзілдеп, қызға тиісіп отырады. Қыздарға көзін қысады. Сол мінезді қосқым келді. Мұндай қылықтарды басқа да анимацияларды қостық. Мизансценаны минимализм етіп жасадық. Егжей-тегжейлі зат қоймадық. Түркия мәдениетін, Түркия кофейняларын көрсетеміз десек, жай ғана үстел, артқы жағына Түркия туын, Ататүрік мүсінін алдық,-дейді Сұңғат.
4-6 минуттық анимацияны жасауға бір аптадан астам уақыт кетеді екен.
— Мен сценарийді жазып бастап, дайын өнім шығарғанға дейін кемі 3 күн кетеді. Жазамын, оқимын, қараймын, кадрлеймін. Сосын Алина бір күн ішінде иллюстрациясын жасап береді. Сұңғат 2 күн монтаждап, анимациялайды. Орташа есеппен бір анимацияға 1 аптадан астам уақыт жұмсаймыз. Командада тағы бір аниматор болғанда, видеосын қатарласып жасаған соң, тезірек бітуі мүмкін. Бұдан да басқа жұмысымыз болды,-дейді Заңғар.
Анимация жасау қымбат па?
— Мұны айта алмас едім. Бірінші тәжірибе болған соң, өзімізді барынша сығып көрдік. Болашақта анимация жасағым келеді, сондықтан тәжірибе жинауым керек. Заңғар: “Мен сценарий жазғым келеді, қанша уақыт жазамын, нені қараймын”, деп ізденді. Алина да солай, әрқайсымыз үшін тәжірибе болды Біз тек жасап, мүмкіндікті пайдаланғымыз келді,-дейді Сұңғат.
Оның айтуынша, қазір мұндай анимация жасау аса қиын емес.
— Молдияр ағайдың The Art Of Composition сабағында мизансцена, саунд-дизайнді қарастырдық. Осы дүниелер, ұғымдар туралы теориялық білім болған соң бағасы аса қызықтырмады. “Біліп тұрған затты алып, неге істеп көрмеске” деп ойладық. Алғаш жасайтын дүниеңе ақша төленетін болса, қызық дүниені алып, жасап бересің. Көбіне қызық дүние жасауға ақша төленбейді. Ал бізде грант болды. Анимация – ұтымды тұсымыз, ерекшелігіміз болған шығар. Көп адамға сол анимация арқылы ұнаған шығармыз. Питчингте ұтқан тұсымыз – анимация проморолигін жасап баруымыз болды,-дейді Сұңғат.
АЛИНАДАН КЕҢЕС: Ең бастысы– қорықпау керек. Сұңғат та анимацияны алғаш жасады, Заңғар да сценарийді алғаш жазып көрді, мен де иллюстрация, сахна құрастыруды алғаш істедім. Ең бастысы– жасап көру. Білмегенді сұрап, ютубтан қарап, бар мүмкіндікті іздеу керек екен. |
Инстаграмдағы bq.plus
Instagram әлеуметтік желісінде Balmuzdaq.plus жобасының balmuzdaq.plus парақшасы бар.
— Жоба жоспарында Инстаграм-парақша болмады. Ақпарат беріп, аудиториямызды кеңейту үшін пост жазып, сторис жариялау үшін аштық. Жиілікті сақтау маңызды болды. Лоялді аудитория қалыптастыруға жұмыс істедік,-дейді Алина.
Сұңғаттың айтуынша, аудиториямен байланысты нығайту, сол кездегі проблемаларды көтеріп, инфо-трендті ұстап қалуға инстаграм-парақша да керек.
— «Инстаграмға емес, ютубқа видео жасаймыз” деп едік. Грантты алғаннан кейін тағы сабақтарымыз болды. Контент жасап қана қоймай, аудитория жинап, промоушн жасап, таныту керек екенін түсініп, “посттар, стористер шығарып тұрамыз” деп шештік,-дейді Сұңғат.
Аудиторияңызды танисыз ба?
Balmuzdaq.plus аудиториясы кімдер? Питчингте де қазылар алқасын қызықтырған осы сауал.
— Питчингте: “Аудиториямыз көп, соларды мейлінше қамтығымыз келеді. Таргет аудиториямыз — стереотипі бар, стереотиппен ойлайтын адам. Мәселен, “Ninety One тобы — жаман, олар — қызтеке” деп ойлайтын адамдардың стереотиптерін қозғайтын, лоялдылығын көтеретін контент жасасақ, біздің — жетістігіміз” деп айттық. Қазір жобаның аудиториясына қарасақ, 25 жасқа дейінгі де, 25 жастан асқан адамдар да бар. Стереотиппен ойлайтын, ойламайтын адамдар бар. Біздің видеоларды стереотиппен ойламайтын адамдар бөліскен сияқты. “Стереотипі аяқ астынан бұзылып кеткен адам таратты” деп ойламаймын. Сол аз ғана аудиторияның ішінде стереотипі бұзылған адамдар да бар болар. Мұны комментарийлерден, стористегі сауалнамалардан білеміз. «Қыз баласы – нәзік келеді ғой» деп ойлайтын адамдар бар екенін, бізді көріп отырғанын байқаймыз,-дейді Сұңғат.
Алинаның айтуынша, инстаграм парақшаға жазылушыларының арасында 1 курс студенттері көп.
— Оқушыларды тартуға тырыстық. Оларға арналған посттарымыз болды. Қыздар көбірек келіп жатыр,-дейді Алина.
Әйтсе де YouTube арна мен Инстаграм парақшадағы видеолар мыңдаған қаралым жинамады. Сапалы контент, тың тақырып, бірақ қаралымы аз болды.
— Алғашқы жобамыз болған соң, питчингте аудитория ауқымды екенін, қаралым санын 40 мыңға, тіпті 1 млнға жеткенін қалайтынымызды, бірақ қолымыз жететін аудиторияны алғымыз келетінін айтып, жазылушылар санын да атадық. Уәде еткен көрсеткішке жеттік. Аз екенін мойындаймын. Біз білетін факторлар да, білмейтін де факторлар да бар. Білетін фактор: басқа медиада жарияласақ, қаралымы көбірек болар еді. Біз когнитивті диссонанс тудыратын, мәдениетіне қарама-қайшы келетін контент жасадық. Сол себепті қарама-қайшылық болған шығар. Техникалық сәттер де бар. Ютубтың алгоритмдері, техникалық қырларын ескеру керек. Сенімділігіңізді дәлелдеген соң, контентіңді тарата бастайды. Біздің соңғы видеомыз енді қаралым жинап жатыр. Инстаграмда аудиторияның қалауы қызық. Олар IGTV-дағы видеоны сирек көреді. “Видеоны жалғастыр” дегенді шертпей, өте береді. Сосын, видеоның не қысқа, не ұзақ болмағаны да проблема. Адамдар 30-40 минуттық подкастіні тыңдауға уақыт арнайды. Ұзақ контент те керек. Видеомыздың да, анимациямыздың да динамикалық болуы бұған әсер еткен сияқты,-дейді Сұңғат.
Осы сәтте сұрақ туындайды. Жобаның аудитория қамту мақсаты қандай болды? Аудиторияны мейлінше көп қамту ма әлде тек қана лоялді аудиторияға жету ме?
— Мейлінше көп аудиторияны қамтығымыз келді, өйткені жастар көп. “Ең кемі 10-20 мыңына жете аламыз” деп ойладық. Бірақ, бұл — бірінші жобамыз, әрі пандемия деген қызық жағдайға тап келдік. Бүкіл жоспарымыз төңкеріліп, не жасаймыз, деп ойланып қалдық. Стереотиптер туралы айтуымыз керек еді, мақсаттан ауытқыған кездеріміз болды, актуал проблеманы қуалап, фокус жоғалып кетті. Сол кезде аудитория түсінбей, «Сіздер кімсіздер» деп ойлап қалуы мүмкін. Бірінші рет жасап, белгісіздіктер кезінде жүрген соң, аудиториямен жұмыс істеуде, өз арамыздағы жұмыс кезінде қателестік. Алайда тұтас бір медиажобаны қалай жүргізу туралы тәжірибе жинадық,-дейді Заңғар.
Басқа медиамен коллаборация
Balmuzdaq.plus контенті басқа медиамен бірігіп, дамытуға оңтайлы-ақ. Ірі медианың үлкен аудиториясы болса, Balmuzdaq.plus-те жаңа идея, жаңа формат, жаңаша жеткізу, жаңаша тіл, жаңаша тақырып бар.
— Әуелде басқа медиамен коллаб жасау ойымыз болды. “Біреулермен бірігіп жасасақ” деп ойладық. Әлі де жоспарда бар. Balmuzdaq.plus-ті жалғасын табатын жоба ретінде қарастырамыз. Алдағы уақытта жоспарлап отырмыз,-дейді Заңғар.
Сұңғаттың айтуынша, өтініш беретін кезде де бірнеше медиаға анимацияны жариялауды жоспарлапты.
— Сайтына шығарып, мақала жазып беруді ойладық. Бірақ, болмады. Есесіне біз қозғаған тақырыптар, идеяларды басқа медиа айта бастағанын байқадық. “Цифрлы этика” дегенді басқа медиа да қозғады. Қазақ тіліндегі тың контенттің басқа медиада пайда болуына Balmuzdaq.plus әсер етсе, шынымен қуанасың. Бізге хабарласып, “бірге жасайық” десе, тіпті күшті болар еді,-дейді Сұңғат.
Кейбір контентті басқа мамандармен бірігіп дайындапты.
— Біз басқа адамдармен біріктік. Фактчек.кз сайтында жұмыс істейтін Шыңғыс Уәлиханмен бірігіп, сленгтер туралы қатысты жоба жасадық. Әр аймақтың өз сленгтері бар. Мысалы, махаббат сөзін әрқалай жеткізеді. Сондай бір тақырыпта коллаб болды. Сценарийін бірге жаздық,-дейді Алина.
— СДУ-дан басқа басқа жақта оқитын балалар сторис жасауға көмектесті. Видеоларға да түсті. Өзіміз сияқты студенттермен бірге жұмыс істедік,-дейді Сұңғат.
Balmuzdaq.plus контентін рұқсатсыз алып, жариялағандар да болыпты.
— Біз білетін екі оқиға бар. Біріншісі, Түркияда оқуға шақыратын білім беру орталығы анимациямызды алып, өз жарнамасы ретінде қолданыпты. Оларға хабарласып, соңына “Balmuzdaq.plus-тен алдық” деген жазуды қостырып қойдық. Екіншісі, жазда ашылған, студенттер туралы парақша. Олар да университет туралы видеомыздың үзіндісін пайдаланыпты,-дейді Заңғар.
Balmuzdaq.plus кімді қалай дамытты?
Жоба авторларының үшеуі де — студент. Олар Internews грантына жасалған медиажоба үлкен тәжірибе, жақсы портфолио болғанын айтады.
— Үлкен тәжірибе алдық. Студент кезімізде көбіне көп теория болған соң, барлығын, тіпті құжат реттеуден бастап үйрендік. Тек журналистика ғана емес, нетворкинг, портфолио жағынан да дами түстік. Бізді көбі тани бастады. Подкастқа шақырды. Айнел Әмірханның OY-Detox подкастіне барып, Balmuzdaq.plus жобамыз, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, студентер проблемасы туралы сұхбаттастық. «Ұлан» газетіне, «Жастар жанары» порталына сұхбат беріп, идеямызды түсіндірдік. Бұл — үлкен бір сабақ. Құжат ресімдеуден бастап анимация жасауға дейін барлығын көріп, жүрегімізге не жақын екенін, алдағы уақытта қандай тақырыптарды, қандай мақсатта жұмыс істегіміз келетінін түсіндік,-дейді Алина.
— Журналист ретінде миссиямды іздеп жүрдім. Balmuzdaq.plus жобасын жасай жүріп, жастар құқықтары мен мүмкіндіктері, мүддесі үшін еңбек еткім келетіні түсіндім. Ақпарат жетпей жатқандарға ақпарат таратып, ақпарат көп болса, соны талдап бергім келеді. Balmuzdaq.plus маған институт болған сияқты. Қандай проблемамен күресуге, қандай проблема үшін жұмыс істеуге бағыт берген институт болды. Жастардың менталды денсаулығы, жастардың тағы да басқа мүмкіндіктері, ауыл мен қаладағы жастардың мүмкіндіктері көбірек алаңдататынын түсіндім. Ең үлкен жетістік, қазына, байлық – осы,-деді Заңғар.
Заңғар осы Balmuzdaq.plus анимациясын дыбыстаған. Содан кейін оған ұсыныс түсіпті. Үлкен бір ұйым оқу курсын дыбыстап беруді сұраған.
— Қандай жұмыстарыңыз бар дегенде, Balmuzdaq.plus-те дыбыстаған видеоларды жібердім. Сөйтіп, олар мақұлдап, “даусыңыз жақсы екен”, деп дыбыстауды ұсынды,-дейді Заңғар.
Ал Сұңғат осы Balmuzdaq.plus жобасы аясында өзінің де кейбір стереотиптері бұзылғанын айтады.
— Balmuzdaq.plus-те жұмыс істеу барысында адамдарға ақпараттық көмек, ақпараттық қызмет керек екенін түсіндім. Ақпараттық қызмет болса, адамдар сауатты шешім жасай алатынына көзім жетті. Мәселен, фашизмнің не екенін түсіндірсем, “балаларды ұруға болады, бізді ұрған өліп қалған жоқпыз ғой” деп айтатын адамдардың сөздері қаншалықты фашизмге толы екенін түсінеді. Журналист ақпараттық қызмет жасап, қоғамдағы құбылыстарды, проблемаларды, феномендерді байқай алуы керек. Balmuzdaq.plus жобасының жақсы бір ерекшелігі — контентіміз ғылымға негізделді, толерантс, мәдени шок деген сияқты дүниелерді ғылымнан алдық. Социологтардың, психологтардың жазғандарынан не олармен сұхбаттасып мәлімет білдік. Ғылымға негізделген сауатты, әділетті ақпаратты беру – журналистің негізгі міндеті, деген көзқарас қалыптасты. Бұл көзқарас Balmuzdaq.plus-ті жасаған тоғыз ай ішінде ғана қалыптасқан ой емес. Мен Balmuzdaq.plus-ке дейін қаламымды сияға толтырсам, Balmuzdaq.plus-те қаламыммен жазып, қағаздағы сиямды көру арқылы – соны түсіне алдым. Журналистің жұмысы қызық. Сұхбат алуға барып, басқалар үшін де, өзің үшін де қызық дүниені үйреніп аласың. Жақсы адамдармен танысасың. Жақсы адамдармен танысып, психологиялық денсаулық дегенді үйрендік. Мәселен, мен Balmuzdaq.plus аясында психологтармен сұхбаттасып, 2020 жылы алғаш рет психологқа бардым. Біздің қоғамда: психологқа барсаң, “ойбай, сен жындысың, ойбай, сен аурусың” деген түсінік бар ғой. Сол стереотипке назар аудару арқылы өзімдегі стереотиптер бұзылды. Шынымен де күшті. Қоғамдағы құбылыстарға, стереотиптерге көңіл аудару арқылы ғылыми, кәсіби түрде де, жеке адам ретінде де кемшіліктерімізді түзеп, шыңдалып, мықты тұстарымызды айқындадық, қай жеріміз мықты екенін, қай жеріміз осал екенін білдік,-дейді Сұңғат.
Тағы бір айтар жаңалық, Қазақстандағы Internews өкілдігі 2021 жылға ұсынған “Шағын грант. Қысқы маусым” продакшен-грантын жеңіп алғандар қатарында Заңғар Омар да бар. Ол жастарға арналған дата-визуализация жасау идеясын ұсыныпты.
— Тағы грант алуыма Balmuzdaq.plus жобасының себі тиді. Мақсатым — жастарға ақпарат беру. Бізде Дата-журналистика деген курс болған. Сонда деректер қорын ақтарып, жастарға қатысты қызық мәлімет таптым. Осыған дейін мұндай мәлімет барын білмей келдім. “Егер осы курсты оқымағанда бұдан да құр қалатын едім, неге бұл туралы біз айтпаймыз” деген сияқты ой туды. Бұл жобам да Balmuzdaq.plus-тегі “Мынаны айтуым керек, мынаны түсіндіруім керек” деген миссиядан пайда болды,-дейді Заңғар.
Balmuzdaq.plus болашағы.
Медиажобаға грант белгілі бір уақытқа беріледі. Balmuzdaq.plus жобасы грант қаражатына жасалды. Грант бітті. Ендігі дамуы қалай болмақ?
— Арманымыз – Balmuzdaq.plus-тің үлкен платформаға айналуы. Қазір көп нәрсені зерттеген, бір нәрсеге қатты қызыққан достарым курс ашып, сол курсын сатып, күн көріп жүр. Ойлап қарасам, сондай адамдар өте көп. Олардың басын үлкен бір платформаға біріктіргім келеді. Balmuzdaq.plus-ті сондай адамдардың өзара тәжірибе алмасатын алаңқай ретінде елестетемін,-дейді Заңғар.
Алинаның айтуынша, мақсаты — жастар өзін еркін сезіне алатын, бір-бірін түсінуге тырысатын, бір-бірін түсініп, бір-біріне көмектесе алатын орта қалыптастыру екен. Balmuzdaq.plus-ті сондай платформаға айналдыруды қалайды.
“Инвестиция құюға дайынбыз!”
— Қаржыландырудан қатты қиналмаймыз, өйткені, “Көмектесеміз, жасайық” деп отырған энтузиаст достарымыз бар. Үшеуміз де қосымша жұмыс істейміз. Әрқайсымыз жобаны іске асыру үшін инвестиция құюға дайынбыз. Бұйыртса, биыл бастаймыз,-дейді Заңғар.
Ал Сұңғаттың айтуынша, қаржылай қолдайтын да аудитория да бар екен.
— Инстаграм, ютубтағы контентті қарасақ, “Видеоларыңызды сондай күтеміз, Patreon ашсаңыздар, қолдауға дайынмын” деген ұсыныстар болды. Бұл гранттың мақсаты да сол ғой: біреуге пайдалы контент жасауға қысылмау, пайдалы контент жасау. Интерньюс грантына не үшін қатысарын білмей жүрген адам “не үшін жасаймын” деп сұраса, «біреуге пайдалы контент жасау үшін», деп жауар берер едім,-дейді Сұңғат
Контент жасаушыларға кеңес
Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-грантын жеңіп алып, медиажоба жасаған мамандардың тәжірибесі басқаларға әрі пайдалы ақпарат әрі мотивация. Алина, Сұңғат пен Заңғар бірнеше кеңес айтты.
Алина:
|
Сұңғат:
|
Заңғар:
|
balmuzdaq.plus инстаграм-парақшасынан
Қатені мойындау — қиындыққа мойымау
Жоба жасағанда, командада қателікке толерантты болып, қатені мойындап, жұмыс істеу үшін не керек? Адам қателескенде, ықыласы сөніп, «мен істей алмаймын» деп тоқтап қалады. Соны жою үшін не істеуді ұсынасыз? Бұл сұраққа Сұңғат жауап берді.
— Алина, Заңғар айтқандай, проблеманың маңыздылығын түсіну керек. “Мына адамға көмектесе аламын, мына адамға көмектессем, бірдеңе өзгереді” деген мақсат болуы керек. Мақсаттан айнымасаңыз, қанша қателік жасап, қанша қиындық болса да бәрібір мақсатқа жетесіз. Проблеманы шешуге болады. Біреудің проблемасын көріп, мәдени шок болғанда, мәдени тосқауылға кезігіп, “проблеманы шеше аламын ғой” деп, шешімдерін ойлағанда, “университетке түскен әрбір студент мәдени шоксыз өмір сүрсе екен, әрбір студент сауаттырақ болса екен, сөйлесу сондай жағымды болса екен” деп, проблеманың позитивті шешімін көре білгенде, қателіктер де маңызды болмай қалады. Командадағы адамдар соны естен шығармауы керек. Проблеманың шешімін көре білгенде қателіктер маңызды болмай қалады,-деді Сұңғат.
Айтпақшы, алдағы көктемде шағын гранттардың келесі маусымы – “Шағын грант. Жазғы маусым” контент өндірісіне гранттар байқауы басталады. Күзде «Ірі грант» байқауына өтініш қабылданады. Internews in Kazakhstan сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.