«Қазір Қазақстанда тек бұқараның ғана емес, сонымен қатар журналистердің де медиасауат деңгейі төмен. Олар да жалған ақпараттың таралуына үлес қосып жатыр». Мұны «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен «Медиа ақпараттық сауаттылық» тақырыбында тренерлерге арналған семинар-тренингте аталған орталықтың жетекшісі Есенгүл Кәпқызы айтты. Оның сөзінше, ең алдымен медиамамандарды медиасауаттылыққа баулып, олардан медиасауат тренерлерін дайындау көзделіп отыр.
Тренингке 15 медиа маман, журналистер және жоғары оқу орнының оқытушылары қатысты. Олар Қазақстанның 10 өңірінен, атап айтқанда, Орал, Ақтау, Қызылорда, Жаңақорған, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Семей және Алматыдан келген.
— Біз қатысушыларға тренинг өткізуді үйреткіміз келеді. Тренинг бағдарламасы, құрылымы, тренерге қажет қасиеттерді үйретеміз. Екіншіден, қатысушылардың медиасауат деңгейі жоғары емес. Сондықтан оларды медиасауатқа баулимыз. «Медиасауаттылық» дегеніміз не, қалай анықталады, бізге не үшін қажет, соңғы кездері медиасауаттылық ұғымын неліктен жиі көтереміз, деген сауалдарға жауап бердік. Қатысушылар тек тренингке қатысып қана қоймай, сонымен қатар үйренген дағдыларын өздерінің өңірлеріне, қызмет істейтін мекемелеріне, студенттерге таратуы тиіс. Сол үшін олардың әрқайсысына 90 минуттық үш тренинг өткізу міндеті жүктеліп отыр. Дәл осы бағытта тренинг өткізіп жүрген немесе өткізе алатын тренерлер саусақпен санарлық. Ал қоғамның медиасауат деңгейі тым төмен. Сол үшін де қазақ тілінде медиа сауат бағытындағы тренерлерді дайындау қажеттігі туындап отыр,-дейді Есенгүл Кәпқызы.
Ол тренерлерге қажетті бес қасиетті де санамалап берді. Айтуынша, медиатренер ең алдымен интерактив оқытып, адамдармен жақсы қарым-қатынас, жақсы коммуникация орната білуі керек.
— Екіншіден, тренингті қай тақырыпты жүргізеді, сол тақырыпта өз дағдысы, машықтары болуы шарт. Үшіншіден, оның белгілі бір деңгейде дайын бағдарламасы болуы керек. Төртіншіден, нақты кейспен жұмыс істегені дұрыс. Мәселен, біздің тренингті жүргізген тренеріміз Асхат Еркімбай өзі жасаған нақты кейстерін көрсетіп жатыр. Демек, нақты кейс болуы керек. Бесіншіден, ұйымдастыру жағы. Мен көбіне көп ұйымдастыру жағына баса назар аударамын. Ұйымдастырудың жұмысы көзге көрінбегенімен, өте үлкен еңбекті қажет етеді. Мәселен, медиасауат деңгейі әртүрлі және тренер ретінде мүмкіндіктері әрқалай адамдарды бір топқа топтастырсақ, онда бүгінгі тренинг бұлай өтпес еді. Бір деңгейдегі адамдарды табуға, соларды іріктеуге тырыстық,-дейді Есенгүл Кәпқызы.
Ол қазір тек қарапайым тұрғындар ғана емес, сонымен қатар журналистер де медиасауаттылықтың не екенін білмейтініне тоқталды.
— Ақпаратты қалай болса солай пайдаланады. Салдарынан фейк-ақпараттар, яғни жалған ақпарат өте көп таралып жатыр. Соны тарататын басқалар емес, біздің журналистер. Олар да жалған ақпараттың таралуына да қатты үлес қосып отыр. Сондықтан да журналистерді медиасауатқа баулу – өте маңызды. Сол үшін ең алдымен қоғамға ықпал ете білетін мамандар тобын медиаақпарат сауаттылығына үйретсек, олар білгенін әрмен қарай таратады. Қазіргі қоғамда қолында смартфоны бар кез келген адам ақпарат жасай алады. Ақпараттар тасқынының молаюымен жалған ақпараттар да нөпірге айналды. Қоғам қаншалықты медиасауатсыз болса, оларды жалған ақпараттың шырмауына соншалықты тезірек түсіруге болады. Өзгелер емес, ақпараттың алғы шебінде жүрген журналистердің өзі медиа ақпарат сауаттылықты түсінбейді. Сол үшін де кейбір жалған (fake) ақпараттарды ресми ақпарат беттерінен жиі көріп қаламыз. Ақпаратқа сыни көзбен қарау, оның астарында қандай мән жатқанына үңілмей қабылдай беру әдетке айналды. Қазір смартфон бар, интернет бар, әркім де ақпарат жасай алады. Осылай жасалып жатқан ақпараттар қоғамға өте үлкен қауіп төндіріп отыр,-деген Есенгүл Кәпқызы көбіне көп қандай мазмұндағы жалған ақпараттар жасалып, таратылатынын да санамалап берді.
— Біріншіден, – этникалық араздық, не діни араздық, не рулық араздық мазмұнындағы жалған ақпараттар қоғамға өте үлкен ықпал етіп отыр. Сосын әлеуметтік араздықтар. Мұның себебі де бізде қоғамдық пікірді ресми медиа қалыптастырмайды. Қоғамдық пікірді әлеуметтік желілер қалыптастыруда. Қоғамдық пікір әлеуметтік желі арқылы қалыптасып, сол арқылы жұрттың санасында белгілі бір деңгейде манипуляция пайда болуда. Сондықтан осы мәселеге халықты жаппай жұмылдыруға бағыт алғанымыз дұрыс,-дейді Есенгүл Кәпқызы.
Сонымен қатысушылар екі күн бой тренинг дағдыларына машықтанып, медиа ақпараттық сауат бойынша білімдерін жетілдірді.
Жезқазған қаласынан келген Гүлден Жангелдинова – әрі фрилансер-журналист әрі блоггер. Ол кәсіби қызметі барысында медиасауатсыздықпен жиі ұшырасатынын айтады.
— Қаламыз өте шағын. Небәрі 30 шақты журналист бар. Соның өзінде медиасауатсыздық байқалады. Мен осы тренингте үйренгенімді Жезқазғанда және Қарағандыда таратамын. Әріптестерім және студенттер арасында тренинг өткіземін. Мемлекеттік қызметкерлерге де тренинг өткізуді жоспарладым. Қазір журналистердің де медиасауатты ақсап жатыр. Әлеуметтік желілерде де жалған ақпар таратады. Теледидарды қоса қалсаң, небір ақпаратты көресің,-дейді ол.
Айтуынша, тренинг өте қызық әрі пайдалы болған. Көп жаңа нәрсені танып-білген ол фактчек жасаудың қыр-сырын да таныпты.
Ал Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына келген Милана Елеусінова мұндай тренингке алғаш қатысып отырғанын айтады. Ол аудандық газетте 10 жылдан бері редактор болып қызмет етеді.
— Қызметкерлермен медиасауаттылыққа қатысты түрлі мәселе туындайды. Аудандық газет болғандықтан мұндай жағдай көп кездеседі, өйткені бізде тілшілер әр саладан келген. Бәрі бірдей мамандығы бойынша журналистиканы оқымаған. Бүгінгі тренингтен қандай да бір ақпаратты тексеруге болатынын ұқтым. Тренер Баубек Сағындық деректерге фактчек жасап, қалай тексеретінін үйретті. Медиасауаттың не екенін білдік. Енді ең алдымен мұғалімдерге медиасауаттылық тренингін өткізгім келеді. Бізде мектептердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын сауатсыз жүргізеді. Соны жүйелі әрі сауатты жүргізгенін қалаймын. Сосын менің қарамағымда тілшілер бар. Тілшілерге және журналист болуға қызығатын жастарға медиасауат тренингтерін өткіземін. Аудандағы жастар маған үнемі келіп, менен журналистикаға қатысты ақыл-кеңес сұрайды. Медиасауат тренингтері арқылы оларға көп нәрсе үйретемін. Ал бүгінгі тренингке келсек, тренингте интерактив көп болды. Түрлі ойындар ойнап, тапсырмалар берді. Мені сол қатты қызықтырды. Маған ұнағаны – бізге түрлі-түсті парақшалар ұсынды. Сол парақшалардың түс-түсіне қарай ұсыныстарымызды, идеяларымызды жазып, өзімізге түртіп алғанды, нені білгіміз келетінді жазамыз. Тақырыпты меңгеруді оңайлататын ойындар ұйымдастыруға болатынын түсіндім,-дейді ол.
Тренинг соңында әрбір қатысушы өзінің тренингтік бағдарламасын дайындап, болашақта өткізетін тренингінің сұлбасымен таныстырды. Айта кетсек, «Медиа ақпараттық сауаттылық» тақырыбында тренерлер дайындайтын семинар-тренингтің әрбір қатысушысы өзі тұратын аймақта 90 минуттық үш тренинг өткізеді. Оларға сондай міндет жүктелген.
Аталған семинар-тренинг АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде Internews Kazakhstan ұйымымен бірлесіп өткізілді.