Оқиғалар"Біз - сенгішпіз": зейнеткерлерді медиасауатты болуға үйретті

«Біз — сенгішпіз»: зейнеткерлерді медиасауатты болуға үйретті

Егде жастағы кісілер көрген видеосына, естіген аудиосына, оқыған мәтіндегі ақпаратқа тез сенеді. Сәтінде таратады. Мұның манипуляция, фейк-ақпарат болуы мүмкін екенін айыра бермейді, өйткені қарттар сенгіш келеді.

Міне, сондықтан да Қазақстан коммуникатив қауымдастығы Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде 60 жастан асқан азаматтарға медиа және цифрлы сауаттылық тренингтерін өткізді.

14 маусым және 28 маусым күндері ұйымдастырылған мұндай тренингтің екіншісі қазақша аудармасымен өтті. Бұған 20 адам қатысты. Қатысушылардың орташа жасы – 65 жас болды. 80 жасқа таяған қатысушылар да бар.

— Зейнетке шыққаннан кейін араласатын ортасы азаяды. Әйткенмен, олар өте белсенді болады. Араласу ортасы азайғанынан кейін де негізгі ақпаратты телевизия, интернет, газет, радио, мессенджерлерден қабылдайды. Жалған не расталмаған ақпаратты шын қабылдап, алданып қалады. Манипуляцияның да қармағына түсіп қалады. Медиасауаттылық жас таңдамайды. Жасқа да, кәріге де, балаға да аса қажет,-дейді тренинг авторы әрі тренер және Қазақстан коммуникатив қауымдастығының директоры Бағила Ахатова.

Тренинг қатысушыларының медиабілім деңгейі де, кәсіптік білімі де, мамандығы да әралуан болды.

— Қатысуға тілек білдіріп, қызыққандар көп. Фейсбук, Одноклассники әлеуметтік желілерінде аккаунты бар 86 жастағы әже де тренингке қатысуға жазылған еді. Бірақ, тренинг өтетін күні ауа температурасыны жоғары болуына байланысты келе алмады. Бір ерекшелігі, қатысушылар түрлі мамандық, кәсіп иелері, яғни зейнет жасына шыққанына дейін түрлі салада қызмет еткен. Техникалық та гуманитарлық та саладан түрлі мамандар бар. Медиа туралы білім деңгейі де әртүрлі. Мәселен, қазір де журналистика саласында дәріс оқитын оқытушылар да техникалық саланың жілігін шаққан азаматтар да болды. Олардың медиа туралы білетіні әрқалай. Қатысушылар түрлі сала өкілдері әрі медиабілім деңгейі әрқалай болғандықтан, тренингте өте қызық өтті. Олар келесі тренингті кемі екі күн өткізуді сұрады,-дейді Бағила Ахатова.

Қатысушылардың жас ерекшелігін және медиабілім деңгейін ескере отырып, оларға әдепкіден ерекше бағдарлама жасалыпты.

— Біз мұның алдын азаматтық белсенділерге арналған медиа және цифрлы сауаттылық тренингтерін өткіздік. Қатысушылардың дені жастар болғандықтан да о тренингтің бағдарламасында контент жасау, яғни видео түсіру, тағы басқалай контент әзірлеу басым болды. Ал мұнда егде жастағы азаматтарға арналған тренинг бағдарламасын да басқаша түзіп, мейлінше зеріктірмейтін, үнемі қызықтырып отыратын форматта жасап шықтық. Топтарға бөлініп, өзара пікір алмасты. Тимбилдинг ұйымдастырдық. Жай ақпарат, джинси ақпарат, қара пиарды айыруды мысалдарымен көрсеттік. Қай ақпараттың пропаганда екенін, қай ақпараттың тапсырыспен шыққанын мысалдарымен түсіндірдік. Фактчекинг жасауды да үйренді. Бағдарламада фотовидеоні тексеру, манипуляцияны, пропаганданы анықтау, жалған ақпарат таратушылардың құрығына түсіп қалмау, WhatsApp мессенджерінде таралып жатқан фейк-ақпаратты анықтап, соны әрмен қарай таратпау туралы да қамтылған,-дейді Бағила Ахатова.

Тренинг қатысушыларының бірі – зейнеткер Амангелді Бейсеуов. Фейсбук әлеуметтік желісіне 2014 жылы тіркелген азамат блог жүргізеді. Қоғам қайраткері. Салауатты өмір салтын ұстанады, спортпен шұғылданады, кітап жазады. Егде жастағы адамдар да жаңаны үйренуден шет қалмаса жастармен қатар дамып отыратынын айтады.

— Мұндай тренингтер өмірге аса қажет. Тақырып өзекті. Біз, яғни қарт адамдар тез алданып қаламыз. Видео көрсек, оқысақ, соның барлығына сене береміз. Теледидардан не көрсетсе, соған сенеміз. Ал бұл тренинг өмірде барлық нәрсенің ғажап екеніне күмән келтіріп, сыни пайыммен қарауды үйретеді. Қазір ақпарат тым көп қой. Ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ажыратуға мұрсат бермейді,-деген ол егде жастағы кісілердің көбіне көп қандай ақпаратқа жиі алданып қалатынын да айтып берді.

— Әсіресе, медициналық хабарландыруларға, жарнамаға алданып қалады. Жас ұлғайған сайын денсаулық нашарлай береді. «Мына дәрі сізді емдейді, денсаулығыңызды күрт жақсартады. Бұл дәріні мына кісі қолданған, мына азамат ұсынады» деп жарнамасында белгілі азаматтың суретін көрсетіп, соның атынан мәлімдеме жасап қояды. Сондай жарнамаларды интернетте көргенде, сеніп, сілтемені басып, тіпті сол дәріні алдыруға тапсырыс береміз. Жарнамалап тұрған азаматқа сеніп қаламыз. Ал шын мәнісінде, сол жарнамаға да, ондағы дәріге де суреттегі белгілі тұлғаның еш қатысы жоқ екенін, сатушылар оның фотосын рұқсатсыз қолданып, жарнамаға пайдаланғанын кейін біліп жатамыз. Мінеки, дәрі өндірушілер де, сатушылар да белгілі есімді пайдаланып, бізді алдайды. Ал дәрілері қымбат тұрады. Ал мына тренинг сондай жалған жарнаманы да ажыратуға көмектесті. Өте пайдалы іс-шара. Бұдан бөлек, тапсырыспен жазылған мақалалар да болатынын білдім. Біз, яғни оқырмандар журналистің жазғанына, баяндағанына сенеміз. Ал кейбір журналистер оқырманының сенімін өз пайдасына жаратады. Мұндай мақалаларды «джинса» деп атайды екен. Осы тренинке қатысып, манипуляция, фейк ұғымдарымен танысып, көп ақпарат арасынан қайсысы соған жататынын түсіндім,-дейді Амангелді Бейсеуов.

Тренингке қатысқан 20 адамның басым бөлігі, дәлірегі 18-і әйел кісілер. Мұның себебін Бағила Ахатова былай түсіндірді.

— Біріншіден, зейнет жасындағы әйел кісілер көп. Екіншіден, әйел кісілер өте белсенді. Немере-шөбересінің тәрбиесімен отырады. Мұнда жалған ақпаратқа көбіне-көп балалар және егде жастағылар сенгіш келеді. Ал әйел кісілер медиасауат білімін арттырса, тәрбиесіндегі немере-шөбересіне білгенін үйретеді. Сонымен қатар, зейнеткерлер білгенімен тез бөліседі. Замандастарының ортасында тренингте үйренгендерін, яғни манипуляцияның не екенін, фейк-ақпаратты анықтау, мессенджерлерден келіп жатқан ақпаратқа күмәнмен қарау, фактчекинг жасау сынды білетіндерін айтады. Бұл медиасауаттың тек тренерлер және тренинг арқылы ғана беріліп қоймай, азаматтардың бір-біріне айтып, көрсетіп, түсіндіруімен де таралуына септігін тигізеді,-дейді Бағила Ахатова.

Тренинг қатысушыларына фактчекинг жасау, манипуляцияны анықтау турасында қағазға басылған кеңестер мен ережелер таратылды. Бұл олардың тренингтен кейін де білім жетілдіріп, сондағы көрсетілген кеңестерді пайдаға асыруына сеп болады.

Медиасауаттылық тренингтері АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде өтеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи