ОқиғаларMinber медиасының «Тасадағы өмір» жобасы ауылдардың 7 түрлі мәселесіне жарық түсірді

Minber медиасының «Тасадағы өмір» жобасы ауылдардың 7 түрлі мәселесіне жарық түсірді

«Соңғы 30 жылда Қазақстанда бас-аяғы 1300-дей ауыл жойылып кеткен. Тағы 3 000 ауыл жойылудың аз-ақ алдында тұр». Бұл — Minber.kz ақпарат агенттігі «Тасадағы өмір» медиажобасы шеңберінде жариялаған мақаладан үзінді. Minber.kz сайтының бас редакторы, белгілі журналист-оқытушы Есенгүл Кәпқызы бастаған редакция қызметкерлері жобаны жасау барысында Алматы облысының 7 ауданына қарасты ауылдарды аралап, тұрғындармен және жергілікті әкімдік қызметкерлерімен кездесіпті. Өйткені «Тасадағы өмір» жобасының негізгі мақсаты — Алматы облысының ауылдарындағы өзекті тақырыптарды көтеріп, тасада қалған мәселелерді қозғау. Minber.kz аталған медиажобаны USAID-тің қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын «Орталық Азияның ақпарат тұтастығын дамытуға ықпал ету (CAIIA)» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Шағын және ірі грант — 2024» контент-грант байқауына ұсынып, шағын грант жеңіп алып, дайындады.

Есенгүл Кәпқызы, Minber.kz сайтының бас редакторы, «Тасадағы өмір» медиажобасының жетекшісі / фото кейіпкердің Facebook-тегі парақшасынан алынған

— Бұл жоба негізінен Алматы облысының әлеуметтік проблемаларына арналған. Өйткені мемлекеттік медиа облыс тұрғындарының проблемаларына көз жұмып, өткізіп жібереді. Ал Алматы қаласының іргесінде тұрса да проблемасы шаш-етектен ауылдар өсіп келеді. Ауылдарды жойылып кетуден сақтап қалу үшін тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажет жағдай жасау керек. Біз «Тасадағы өмір» жобасында осыған мән бердік. Ауылдардың проблемасын медиада жариялап, проблеманы шешуге әсер етіп, осылайша ауылдарды сақтап қалуға назар аудартқымыз келеді, — деді жоба жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.

Minber.kz редакциясы бастапқыда жоспар бойынша Алматы облысына қарасты 5 ауданның (Талғар, Жамбыл, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ) ауылдарына баруы керек болған екен. Дегенмен, жобаны жасап жатқан кезде Іле және Қарасай ауданының халқы редакцияға хабарласып, ауылындағы проблемаларды айтқан. Содан кейін осы екі ауданға да барып, ауылдың медиада аз айтылып, елеусіз қалып отырған, бірақ адам өміріне тікелей әсер ететін көп мәселесін жарыққа шығарыпты. Осылайша, «Тасадағы өмір» жобасы барлығы 7 ауданды қамтыды.

— Журналистикада «еңбектің жемісі» дегеніміз — журналист жазған, айтқан, көрсеткен мәселенің оң шешім табуы. Бір мысал айтайын. Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы маңындағы саяжай тұрғындары балаларын үйдің іргесіндегі мектепке бере алмай отырғанын айтып шағымданды. Олар мектеп жасындағы балаларын Есік қаласындағы Тоқатаев мектебіне беруге мәжбүр боп отыр екен. Minber редакциясы сондай саяжайлардың бірі — «Рахат» ауылдық округіне барып, № 4 саяжай тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап қайтты. Содан кейін Алматы облыстық білім басқармасы 4-саяжайдағы 1-11 сынып оқушыларын саяжайға жақын Әлихан Бөкейхан мектебіне ауыстыратынын хабарлады. Бұл мәселе оң шешім тапқанына редакция боп қуандық, — деді жоба жетекшісі.

Мінберліктер «Тасадағы ауыл» жобасына кірісіп, ауылдарды аралағанда қордаланған мәселенің тым көп әрі бәрі бірдей маңызды екенін байқайды.

— Мәселен, ең әуелі Талғар ауданына бардық. Жоба бойынша Талғар ауданынан 1 видео мен 1 мақала дайындауды жоспарлаған едік. Бірақ айтатын, жазатын, көрсететін мәселе көп. Сондықтан 2 видео мен 2 мақала жарияладық. Талғардың Жалқамыс ауылында электр қуатының күші жетпей, жарық жиі сөнеді, электр сымдары жерде жатыр, газ құбырлары ашық қалған, жауын-шашын болса, жол батпақтап, тіпті балалар мектепке бара алмай қалады екен. Бір ауылдың бірнеше мәселесін қамтып, «Электр бағандары қауіпті: Жалқамыс тұрғындары неге алаңдайды?» деген мақала және «“Жаңбыр жауса балаларымыз мектепке бара алмайды”. Жалқамыс ауылын шаршатқан жол мәселесі» деген видео жарияладық, — деді Е.Кәпқызы.

Minber редакциясының Талғар ауданынан дайындаған екінші мақаласы мен видеосы — баланың болашағына тікелей әсер ететін мәселені қамтиды. Бұл — мектеп жетіспеушілігі мен ауыл мектептеріндегі білім сапасы.

«Осы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында үш ауысымды мектеп мәселесі күйіп тұр екен. Әл-Фараби атындағы № 31 Тұздыбастау бастауыш мектебінде балалар үш ауысыммен оқиды. Мектеп ғимараты да ескі. 1930 жылы салынған. Елімізде мектептерде 5 күндік оқу аптасы болса, мұнда сенбі күні де сабақ болады. Сабақ таңғы сағат 8-де басталып, кешке 7-де аяқталады. Мектепте орын жетпеген соң оқу бағдарламасын да қысқартқан. Ауыл тұрғындары мұның барлығы баланың білім сапасына теріс әсер етіп жатқанына алаңдайды. Бұл туралы «Үш ауысымды мектептер білім сапасына қалай әсер етеді?» деген мақала жазып, видео түсірдік. Мақалада қала мен ауыл арасындағы білім алу теңсіздігі туралы да айтамыз. Ата-аналар «қаланың іргесінде тұрған соң баламызды қаладағы мектепке апарып оқытқымыз келеді, өйткені ауылдағы мектептің сапасы нашар» деп айтты».

«Тасадағы өмір» медиажобасы ауылдардың көбіне ортақ тағы бір мәселе — сапалы медицинаға қол жеткізе алмау мен салалық дәрігерлердің жоғына назар аударды.

«Жамбыл ауданында 3716 мүгедектігі бар тұрғын тұрады. Оның 714-і бала. Алайда аудан ауруханасына гемотолог мамандар жетіспейді. Әсел деген ана 3 жыл бұрын осы себепті де ауданнан көшіп кеткен. Ал аудан тұрғындары жағдай өзгеріссіз екенін айтты. Біз бұл мәселені тақырыпқа арқау етіп, «Мүгедектігі бар балалар мәселесі. Жамбыл ауданында гематологтар тапшы» деген видео және «»Қазақстан халқына“ қоры: ауыр дертке шалдыққан науқастар препараттарды қалай ала алады?» деген түсіндірмелі мақала жарияладық».

«Тасадағы өмір» жобасы аудан-ауылды аралап, сондағы мәселені жазып, жария ете бастағанын көріп-білген ауыл тұрғындары редакцияға хабарласыпты. Олардың бірі — Қарасай ауданының Тұрар ауылының тұрғындары.

— Ауылдардың мәселесін сайтта және әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жарияладық. Тұрар ауылының тұрғындары Инстаграмдағы парақшамыздан жоба аясында шыққан посттарды көріп, бізге хабарласты. Ауылда екі үлкен мәселе бар екен. Біріншісі, тұрғындар ауыл іргесіндегі су қоймасынан су ала алмай отыр. Егістік пен жасыл-желек қурап, мал сусырап жатыр. Су қоймасынан су тартатын лоток өтетін жер — жеке кәсіпкерге тиесілі жер. Екінші мәселе — ауылдың 5 мыңнан астам тұрғыны бірнеше жылдан бері ауыз сусыз отыр. Бұған ауылда электр қуаты жетіспейтінін қосыңыз. Алматы қаласынан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан ауылдың жағдайы осы. Біз Тұрар ауылының екі мәселесін жазып, екі видео жарияладық. Қарасай ауданының әкімдігі лоток өтетін жердің мәселесі бойынша соттасып жатқанын айтты, — деді Есенгүл Кәпқызы.

Жоба аясындағы контент оқырмандарға пайдалы боп, оң əсер етіп жатыр.

«Себебі мақала, видео жариялаған сайын шалғайдағы ауылдармен тығыз байланыс орнап жатыр. Тұрар ауылының мәселесін шығарғаннан кейін ауылдың тұрғындары бізге тағы өздері хабарласып, партия өкілдері мен Алматы облысының басшылығы Қонаев қаласында кездесуге келетінін хабарлады. Ауыл тұрғындары Minber командасын осы кездесуге ұзақ уақыт бойы шешімін таппай жатқан мəселені көтеруге шақырды. Біздің жоспарымыз бойынша ендігі сапар Кеген ауданына болса да, жоспардан тыс, өз ресурстарымызды пайдаланып, уақыт пен мүмкіндік тауып, Қонаев қаласына барып, «Алматы облысының шенділері Тұрар ауылының мәселесін шешуге уәде берді» деген видео түсіріп, жарияладық. Бір қуантқаны — осы мəселелерге партиялар мен мемлекеттік органдар назар аударғаны болды. Кездесу барысында олардың мəселеге қатысты ой-пікірін тыңдап, шешу жолдарына қатысты жауап алдық. Сол кездесуден бір ай өткен соң, ауыз суды тегін тартып беретіні жөнінде хабар жетті. Мұны әлі де жазамыз. Тағы бір айтатын нәрсе — барлық барған жерімізде біз әкімдіктерден комментарий алып, баланс сақтауға тырыстық. Әкімдіктерден міндетті түрде жауап алдық және әкімдіктегілер: «біз ескереміз», «бұл мәселелерді алда қарастырамыз» не «соттасып жатырмыз» деген сияқты жауап берді».

Minber ұжымы Алматы облысының шалғай аудандарының бірі — Кеген ауданына барып, Ақтасты, Сарыкөл, Ереуілтөбе, Тасашы ауылдарын аралап, «Болашағы бұлыңғыр ауылдар: Сарыкөл мен Ереуілтөбедегі халық ауыл болашағынан әлі үмітті» деген көлемді мақала жазды.

— Мақала тақырыбын да «Болашағы бұлыңғыр ауылдар …» деп бастағанымыз бекер емес. Мектептегі бала саны 10-ға жетпейді. Бала жетіспей, мектептер жабылып жатыр. Ауылдарда адам қалмай барады. Жұмыс жоқ, жол жоқ, ауыз су жоқ, мобайл байланыс та, интернет те жоқ, қыста қатынау қиын. Жастар жаппай қалаға кетіп, ауылда егде жастағы адамдар қалған. Ресми статистика бойынша, соңғы үш жылда Қазақстанның 21 ауылынан барлық тұрғын көшіп кеткен. ҚР-ның ауылдық аумағын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған концепциясы авторларының пікірінше, 2028 жылға дейін 2,4 мың алыс ауылдарды да осы тағдыр күтіп тұр. Адамдар ауылдан кетіп жатыр. Мұның барлығы алаңдатады, — деді Есенгүл Кәпқызы.

Мінберліктер осылайша Кеген ауданының болашағы бұлыңғыр ауылдарын негізге ала отырып, Қазақстандағы жалпы ауылдардың мәселесіне үңілді. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен сұхбаттасты. Және мұнымен шектелмей, шешімдер журналистикасының сипаты байқалатын «Ақтасты, Сарыкөл, Тасашы, Ереуілтөбе ауылдары туристік мекенге айналғысы келеді» деген видео шығарды.

«Халық ауылдың болашағынан әлі де үміттеніп отыр. Ауданның табиғаты әсем, тарихы бар. Мал шаруашылығына қолайлы. Тұрғындардың айтатыны — туризмге көңіл бөлінсе, бұл ауданның болашағы жақсы болар еді. Жайылым жер жоғына назар аударып, аудан әкімімен сұхбаттасып, жайылымды халықта қайтаруға уәде бергеніне де назар аудардық».

«Тасадағы өмір» жобасының авторлары байқаған бір мәселе — ауыл тұрғындары ешқайда көшпей, туған жерде түтінін түтетіп, төрт түлігін төлдетіп отыруды қалайды. Соған ұмтылады. Бар сұрайтыны — ауылда шаруашылықпен айналысуға жағдай жасап берсе болғаны.

— Ұйғыр ауданының Шошанай ауылына бардық. Ауылдың негізгі тірлік көзі — мал мен егін. Негізгі мәселесі — ағын су. Ауыл тұрғындары басын таудан алатын Шошанай өзенінің арқырап ағып жатқанынан пайда жоқ екенін, өйткені су далаға ағып жатқанын айтты. Ауыл диқандары осы суды бөгеп, шағын болса да қойма жасап, ауыл игілігіне жаратса деген өтініш айтып, кірмеген әкім, қақпаған есіктері қалмаған. Әкім қаралар уәдені үйіп-төккен. Алайда уәде уәде күйінде қалып отыр. Аудандық мәслихат биылғы бюджетті бекіткенде де дәл осы Шошанай ауылы тізімнен сызылып қалыпты. Бұдан бөлек, салынып жатқан спорт комплексінің қирау себебін, аудандағы үш адамның өлімі жылы жабылып қалғаны секілді мәселелерді көтеріп, «Егін егейік десек су жоқ, мал бағайық десек шөп жоқ» деген арнайы репортаж түсірдік. Ютубта шықты, — деді жоба жетекшісі.

Minber редакциясы сайт пен YouTube-те шектелмей, барған ауылдардан Instagram желісіне де бейімдеп пост жариялап отырды. Мәселен, Мем айдарында «Егін егейік десек су жоқ, мал бағайын десек шөп жоқ» деген мем-пост жасап, сайттағы «Шошанай орта мектебінде неге асхана жоқ?» деген мақалаға әткеншек аңдатпа-пост жариялады.

Іле ауданының тұрғындары Minber редакциясына хабарласып, Қараой және Тілендиев ауылдары маңындағы сібір жарасының көміндісі бар жердің мәселесін жеткізген.

«Іле ауданының прокуратурасы Қараой және Тілендиев ауылдары маңында сібір жарасының көміндісі бар деп жерді мемлекетке қайтармақ. Осыған орай 26 шілде күні Қараой ауылында жиын болды. Екі ауылдың тұрғындары аймақта қауіпті аурудың ошағы бар-жоғын біле алмай отыр. Біз ауылға барып, жиынға қатысып, «Сібір жарасының көміндісіне қатысты Қараой ауылында жиналыс өтті» деген репортаж түсірдік».

«Тасадағы өмір» жобасының авторлары барған әзірге соңғы нүкте — Еңбекшіқазақ ауданы боп тұр. Бұл ауданның Қаражота ауылдық округіне қарасты Ақтоған және Сарыбұлақ ауылдарында мектеп мәселесі тұрғындардың талай жылдан бері уайымына айналған.

«Бұл екі ауылда әлі күнге дейін типтік мектеп жоқ. Мәселен, Ақтоған ауылындағы мектеп 1983 жылы, ал Сарыбұлақтағы мектеп 1931 жылы салынған. Типтік мектеп болмаған соң не спорт залы, не асханасы жоқ. Ғимараты әбден тозған. Сөйте тұра көршілес Қаражота ауылында «Жайлы мектеп» салынып жатыр екен. Тұрғындар Қаражота ауылында типтік мектеп бар бола тұра «Жайлы мектеп» салынып жатқанына наразы. Мемлекет басшысына үндеу де жолдады. Біз осы ауылдарға барып, «»Жайлы мектеп“ типтік мектебі жоқ ауылға неге салынбайды?» және «Сарыбұлақ ауылының оқушылары 1931 жылы салынған ғимаратта оқып жатыр» деген екі мақала жазып, «Өскелі тұрған ауылды өшірді. Қарыз дауы шешіле ме?, Апатты жағдайдағы мектептерде неге оқиды?» деген видеорепортаж түсіріп жарияладық. Апатты жағдайда тұрған мектеп мәселесінен бөлек, жарыққа қатысты дауды көрсетіп, жауапты басшыларға шығып, мәселенің шешімін іздедік».

Minber медиасының «Тасадағы өмір» медиажобасын жүзеге асырған командада бас-аяғы 8 адам: жоба жетекшісі — Есенгүл Кәпқызы; мультимедиа редакторы әрі продюсер — Дина Айтбекова; SMM-маман — Амина Темірхан, контент редакторлар — Данагүл Науқанова; Әмина Кемелбай, Әдемі Ғазизова; операторлар — Санжар Узканов пен Альбина Булатова және монтажер болған. Әр түсірілімге командадан 5 адам бірге шығып жүрген.

«Тасадағы өмір» жобасы Minber-дің танылуына әсер етіп, салмағын арттыра түсті. Ауылдарға барғанда аудан әкімдері тік тұрып, «журналистер келді» деп қарсы алды. Біз бұрын Internews Қазақстан ұйымының «Азаматтық журналистер» жобасына қатысқан кезде өңірдегі азаматтық журналистермен онлайн жұмыс істесек, бұл жолы команда боп, түсірілім алаңына бірге шықтық. Бұл қызық әрі өте пайдалы тәжірибе болды. Команда боп жұмыс істеуді басқаша жолға қойдық. Бұрын көбіне онлайн жұмыс істеп, біреу жалғыз барып жазып келетін. Бұл жолы бір жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс істедік.
Ең маңыздысы — әр барған ауылымыздан қатты әсер алып қайттық. Яғни, ауылда тұратын адамдардың көп жағдайда көмекке зәру, шешілмей жатқан мәселесі өте көп екенін, жүйесіздік жайлағанын, сосын жалпы бір ауылдағы мәселенің басқа бір ауылға тән екенін, жүйесіз урбанизация боп жатқанын көрдік. Қазір осы жөнінде мақалалар жазып жатырмын. Урбанизацияның жүйесіздігі, әлі күнге дейін ауыл мен қала арасындағы теңсіздік мәселесін реттеу бойынша ешқандай әрекет жоғы басқаша әсер етті. Ауылдарда ауыз су мен ағын су, жайылым жер, мектеп, жол, электр жарығы, маман жетіспеушілігі мен жұмыссыздық сияқты мәселелер күйіп тұр. Және бұл мәселенің барлығы да Қазақстандағы ауылдардың көбіне ортақ мәселе екен
».

Қазір Minber.kz сайтының «Тасадағы өмір» айдарында әзірге барлығы 18 мақала жарияланған. YouTube-тағы Minber KZ арнасында жобаға қатысты 10 видеорепортаж, Instagram, Facebook пен TikTok-тағы парақшасында түрлі форматта ондаған пост бар. «Әзірге» деп отырғанымыз жоба жетекшісі Есенгүл Кәпқызы грант бойынша жобаны аяқтаса да қозғаған мәселелерді ұмыт қалдырмай, жалғастырып жатыр.

— Біз жобаны грант бойынша аяқтадық. Енді өзім сараптамалық материалдар жазамын. Үш-төрт материал жазып, сосын сұрақтар дайындап, Алматы облысынан сайланған депутаттарға жіберейін деп отырмын. Қалай жауап береді екен? Президент әкімшілігіне, Оқу-ағарту министріне, Алматы облысының әкіміне және Алматы облысы білім басқармасына E-өтініш арқылы Еңбекшіқазақ ауданының Сарыбұлақ және Ақтоған ауылдарының мектеп мәселесі жөнінде сауал жолдадық. Жауаптар келді. Күні кеше сайтта «Сарыбұлақ ауылындағы мектеп мәселесі: Үкімет ауылда халықтың қалмауына мүдделі секілді» деген мақала шықты.
Енді мектеп, егістікке су, ауыз су, емхана, электр желілері, жолдар туралы сараптама материал жазу жоспарым бар. Осылай жазып, бір нәтиже шығаруым керек. Бұл істі атқаруға атсалысатын адамдарды жұмыс істеуге тегін тарту да қиын. Жобаны жалғастыру үшін басқа да грант жобаларға тапсырып көремін,
— деді Есенгүл Кәпқызы.


Биыл «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының құрылғанына 15 жыл толды. Minber редакциясы — журналистерге түрлі кәсіби трениң ұйымдастырып, журналистика мамандығында оқитын студенттерді баулып, машығын жетілдіріп, әрі ақпарат агенттігі ретінде сапалы контент шығарады. Бұған дейін АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Азаматтық журналистер» жобасына қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен азаматтық журналистер желісін құрды. Бұл туралы «Азаматтық журналистер» жобасы «Мінбер» сайтын өңірлерге танытты — Есенгүл Кәпқызы» деген мақаладан оқуға болады.


Бұл «Тасадағы өмір» жобасы Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы берген көмегінің арқасында мүмкін болды. Оның мазмұнына Minber.kz ақпарат агенттігі жауапты және ол USAID-тің не АҚШ Үкіметінің ұстанымын білдірмеуі мүмкін. 

USAID – әлемдегі маңдайалды халықаралық даму агенттігі және дамыту саласында нәтижелерге жетудің катализаторы. 

Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia 

Жәнібек Нұрыш

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи