ОқиғаларАлматыда I Медиасауат халықаралық конференциясы басталды

Алматыда I Медиасауат халықаралық конференциясы басталды

9 маусым күні Алматыда I Медиасауат халықаралық конференциясы басталды. Екі күнге жалғасатын офлайн іс-шарада Орталық Азия мен басқа да елдерден 60 медиасауат сарапшы жиналды. Олар аймақтағы медиа және ақпарат сауаттылығын ілгерілету мәселесін талқылап жатыр.

Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда медиа және ақпарат сауатын танытып-таратуды қолдауға бағытталған көптеген инновациялық жобалар: үстел ойындары мен мобайл ойындар, театр қойылымдары, комикстер және тағы басқа жүзеге асырылып жатыр. Алайда бұл бастамалардың басым бөлігін үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар жүзеге асырып жатыр. Аймақтағы елдер медиасауат дамытудың ұлттық стратегияларын кәдеге жарата алады. Бұл стратегиялар барлық мүдделі тарапты қамтиды. Конференция мақсаты — жергілікті және халықаралық тәжірибеге сүйеніп, осындай стратегиялар әзірлеуге концептуалды негіз бен ұсыныстар дайындау.

Марат Бигалиев. Фотоны Алексей Ли түсірген

Конференция ашылуында Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің басшысы және Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасының жетекшісі Марат Бигалиев сөз сөйлеп, конференцияға аймақ елдерінің білім саласына қатысты министрліктері мен мемлекеттік мекеме өкілдері де қатысып жатқанын хабарлады.

— Біз өмір сүріп жатқан ақпарат заманында медиасауат машықтары өте қажет екеніне жыл өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Егер азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар мен үкімет бір-бірінің қызметін қолдаса, онда еңбегіміз жанып, ісіміз алға тезірек басады. MediaCAMP медиасауат халықаралық конференциясы болашақ ынтымақтастықтың негізін қалайтынынан үміттіміз. Бүгінгі іс-шарамыз ерекше. Сарапшылардың басын қосып, медиа және ақпарат сауатын дамыту туралы әңгімелесіп, жетістіктерімізді бөлісіп, мәселелерді атап, дамуды айқындайтын осындай платформа құруды жоспарлаған едік, — деді Марат Бигалиев.

Лоуренс Харди II. Фотоны Алексей Ли түсірген.

— Медиасауат дегеніміз — идеология да, саясат та емес. Бұл хабарламаны түсіне білу мен ақпаратты сыни пайым тұрғысынан қабылдау қабілеті. Сыни пайым — барлық адам, жастар да, ересектер де демократиялық қоғамның белсенді қатысушысы ретінде білуі керек негізгі өмірлік машықтардың бірі. Бұл тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп, әлеуметтік поляризацияны болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ, азаматтардың үкіметпен жұмыс істеуіне, ашықтық пен есептілікті талап етуіне жол ашады, — деді USAID-тің Орталық Азиядағы аймақтық миссиясының директоры Лоуренс Харди II.

Рухшона Нажмидинова. Фотоны Алексей Ли түсірген.

— Бүгінгі әлемде медиасауатты болу қаншалықты маңызды екенін бір оқиғадан бастайын. Кішкентай қызыма анам мен әжем туралы үнемі айтып отырамын. Бір күні ол әжемнің кішкентай кезінде электр жарығы болмағанын естіп, “Сонда ол планшетін де қуаттай алмаған ба” деп сұрады. Қазіргі балалар гаджеттер мен жоғары технологиялары жоқ әлемнің қандай екенін мүлдем елестете алмайды. Біз ақпарат ағынының ортасында өмір сүріп жатырмыз, бұрын мұның бірі де жоқ еді. Қазіргі балалар бетпе-бет келетін ақпарат ағыны біздің бала күнімізде болмады. Бүгінгі медиасауат дегеніміз жай айтыла салатын сөз емес, бұл халықтың жалпы сауатымен бірдей сауат. Адамдар білімді болуы керек екені еш күмән тудырмайтын факт. Бір кездері оқу мен жазу тек жоғарғы таптың артықшылығы еді. Қоғам неғұрлым білімді болса, соғұрлым жақсы, — дейді Тәжікстандағы Internews өкілдігінің директоры Рухшона Нажмидинова.

Қатысушылар медиасауат ілгерілету тенденцияларын, атап айтқанда, пәнаралық әдіс-амал, геймификация, мобайл технологиялар мен перформатив өнерді тарту сияқты трендтерді талқылайды. Конференцияның тағы бір маңызды тақырыбы — қоғамның дағдарыс кезінде таралатын жалған ақпаратқа иммунитеті.  Бірнеше сессия Орталық Азияда осыған байланысты кездесетін нақты мәселелерге және соны шешу жолдарына арналады. 

Конференцияға аймақ елдерінің білім саласына қатысты министрліктері мен мемлекеттік мекеме өкілдері де қатысады. Оларға Орталық Азия және басқа да елдердің шығармашылық мазмұндағы озық тәжірибесі таныстырылады. Мысалы, іс-шарада аймақтық MediaCAMP Эдьютон 2022 финалисі, қазақстандық жас автор Әннас Бағдаттың медиасауат бойынша мюзиклінің премьерасы болады. 

Фотоны Алексей Ли түсірген.

9-10 маусымда YouTube-тегі Internews арнасында ашық сессиялардан тікелей трансляция болады. Медиасауат мәселесіне қызығатын кез келген адам қатыса алады. Финляндияның медиасауаттылықты ілгерілетудің ұлттық стратегиясы, медиасауат бойынша білім берудің жаңа стандарттары мен аймақтағы жалған ақпаратқа байланысты түйткілдер деген тақырып талқыланады. Ашық сессиялар кестесін мына сілтемеге өтіп, көре аласыз. Бірінші сессияның жазбасы сақтаулы. 

Бұл  жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. 

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи