«Ақ Жайық» апталық газетінің (azh.kz) журналисі Фархат Әбілов Қазақстандағы Internews өкілдігінің «Шағын грант. Қысқы маусым-2021» байқауына қатысып, контент жасауға шәкіртақы жеңіп алды. «Темір тордағы ақжаулық» деген жоба жасап, мақала және деректі фильм жариялады. АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жасалған жобасы туралы айтып берді.
Жоба мақсаты — Қазақстанның батысында орналасқан əйелдер түрмесіндегі жазасын өтеушілер өмірін, сотталған əйелдердің де құқықтары бар екенін қоғамға көрсету, олардың əлеуметтік, медициналық құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету екен.
— Бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі əйелдердің өмірі қоғамға қызық болғанымен, олардың тұрмысы мен құқықтарының қорғалуы — қоғамның өзекті тақырыбы болып қала бермек. Сол себепті осы жоба арқылы олардың жағдайына назар аударып, қоғам назарын аудару қажет, — дейді Фархат Әбілов.
Ол контент өндірісіне берілетін грант байқауы басталғанын әріптестерінен естіпті.
«Әріптестерім бұған дейін де Internews гранттарына өтініш жіберген екен. Байқауға өтініш қабылдау басталғанын естіп, Facebook әлеуметтік желісіндегі Internews in Kazakhstan парақшасын тауып, парақшада жарияланған ақпаратты оқып, ұйым сайтына өтіп, қажет мағлұматты біліп, өтініш жіберуге шешім қабылдадым. Түрмедегі жазасын өтеуші қыз-келіншектер тақырыбы маған таныс. Өйткені жұмыс барысымен осыған дейін бірнеше рет Атырау облысындағы түрмелерде болдым. Сол кезде сотталған әйелдер туралы жоба жасау идеясы туындаған еді. Бірақ жүзеге асыруға мүмкіндік болмады. Содан байқауға өтініш жібердім. Екінші кезеңге өттім. Питчинг-сессияда қазылар алқасы жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларын ашуды ұсынды. Деректі фильмнің мазмұны жөнінде ұсыныстар айтты. Осылайша шәкіртақы жеңіп, идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым».
Фархат «Қылмыспен өрілген тағдыр» деген мақала және «Темір тордағы ақжаулық» атты деректі фильм түсіріпті. Жұмыс барысында туындаған қиындық — кейіпкердің фильмге түсу келісімін алу болыпты.
— Жоба барысында үлкен қиыншылық болмады. Түрмеге кіру рұқсатын алу үшін хат жіберіп, жауабын ұзақ күтіп қалдық. Түрмедегі жазасын өтеуші әйелдердің көбі өмірбаянын айтқысы келмеді. Осы жоба арқылы көмек қолын созып, әлеуметтік-құқықтық көмек бере алатынымызды айтқаннан кейін бір әйел келісті. Әңгімелесе келе фильмге түсуге де келісім берді. Мақаламызда кейіпкердің ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазасын өтеу мерзімін азайтуды сұрап хат жазғанын, алайда өтініші қанағаттандырылмағанын айттық. Мақала мен фильм шыққаннан кейін оның тағы да өтініш жазуына тегін көмектесетін адвокаттар табылды. Ұлын екі жылдан бері көрмеген екен. Түрме әкімшілігі соған рұқсат беретін болды, — деді Фархат Әбілов.
Айтуынша, бұл жоба оның кейіпкеріне көмек етуден бөлек, өзінің кәсіби тұрғыдан өсуіне оң әсер еткен.
«Жоба мені режиссер өте жақсы дамытты. Деректі фильм түсірерде сценарийі, кадрлары, мәтіні қалай болатынын ойластырдым. Деректі фильм түсіру тәжірибемді молайтты. Тек Атырау облысы ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрғындардың қызығушылығын тудырды. Әріптестерім хабарласып, деректі фильм туралы, түрмеге қалай кіргенімімді сұрап, көп сұрақ қойды. Қазақстандағы Internews өкілдігінің контент өндірісіне гранттар байқауына қатысқаныма және жақсы тәжірибе алғаныма қуаныштымын. Бұл жобаны жалғастырамын. Internews ұйымдастыратын грант байқауларына тағы да қатысып, осындай жобалар жасағым келеді».
***
Айтпақшы, алдағы қараша-желтоқсан айларында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «Ірі грант» байқауына өтініштер қабылданады. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.