ОқиғаларБірнеше қадам алға, бірнеше қадам артқа. Құқық қорғау ұйымдары сөз бостандығы жайында...

Бірнеше қадам алға, бірнеше қадам артқа. Құқық қорғау ұйымдары сөз бостандығы жайында…

3 мамырда Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні аталып өтеді. Орталық Азияда журналист құқықтарының сақталуы мен сөз бостандығының жайы қалай? Internews елдегі журналистер қандай қиындықтарға ұшырайтыны, аймақтағы жағдайды жақсартатын қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіну үшін Қазақстандағы медиа саласында жұмыс істейтін үш құқық қорғау ұйымының өкілдерімен әңгімелесті. 

Гүлмира Біржанова, Құқықтық медиа орталық заңгері 

Сөз бостандығына келсек, жағымды және жағымсыз жағдайлар бар. Дұрыс жағы: қазір жала жабу бойынша қылмыстық жауапкершілік жоқ, бұл — әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. 2015 жылы Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданды. Бұл да алға жылжу. Сот процесстері азайды. Соңғы жылдары интернеттің ықпалы күшейіп, цифрлы құқықты қорғау көбейді. “Бізге журналистер ғана емес, блогерлер де көмек сұрап, жүгінеді. Оларды бөліп-жарып қарамаймыз, сөз бостандығы бұзылса, онда көмектесеміз”-деді Құқықтық медиа орталық заңгері Гүлмира Біржанова.

Құқықтық медиа орталық қоғамдық ұйымы медиа саласында жұмыс істейді, журналистерді оқытып, оларға заң көмегін ұсынады. 

Әйтсе де келеңсіз, жағымсыз тұстар да баршылық. Мәселен, қазір журналистерге жала жабудың орнына Қылмыстық кодекстің тағы басқа ауыр баптары: экстремизм, көрінеу жалған ақпарат тарату, діни, ұлттық, әлеуметтік алауыздықты қоздыру айыптары тағылып жатыр. 

Халықаралық ұйымдардың рейтингіне сәйкес, соңғы уақытта Қазақстанда интернеттегі сөз және баспасөз бостандығының жағдайы қиын. “Қазір БАҚ туралы жаңа заң қабылдау жайы талқыланып жатыр. Министрліктің тұжырымдамасы да бар. Журналистердің құқықтарын қорғауға көмектесетін біз сияқты ұйымдардың осы процеске қатысуына рұқсат беріледі деп күтеміз. ”

“Біздің миссиямыз — журналистерді кешенді оқыту және медиақауымдастықтардың мүддесін таныту арқылы Қазақстанда сапалы әрі кәсіби баспасөзді дамыту”,-дейді Гүлмира. 

2004 жылы Қостанайда Диана Окремовамен бірге Құқықтық медиа орталық құрдық. Қызмет ауқымын кеңейту үшін ұйымымызды 2008 жылы астанаға көшірдік. Бүгінді Құқықтық медиа орталық — Нұр-Сұлтанда журналистермен және БАҚ-пен жұмыс істейтін жалғыз медиа қоғамдық ұйым. 

Қазақстанда медиазаңгер аз. Бүкіл ел аумағында бірнеше адам ғана медиа саласынан құқықтық кеңес береді. “Қазір Internews Network қолдауымен жас заңгерлерге медиа-құқық заңнамаларының негіздерін оқытып жатырмыз. Үшінші жыл қатарынан Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің БАҚ редакцияларындағы заңгерлерге арналған жобамызды жүргіземіз. Таяуда медиа-құқық бойынша онлайн-сабақтарымызды жариялаймыз. Жоғарғы сотпен бірлесіп, судьяларды да оқытамыз. 

Құқықтық медиа орталық қызметі USAID қаржыландыруымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасының қолдауына ие. 

Игор Братцев, MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры

2020 және 2021 жылдары бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап келдік. Қазақстан тұрақсыздық жағдайында: COVID-19 пандемиясы, қазіргі және болжанған экономикалық-әлеуметтік қиындықтар мемлекеттің жедел әрі тиімді шешімдер қабылдауына мәжбүр етті. Бұл азаматтық құқықтар мен саяси бостандығының қорғалуына, бәрінен де бұрын сөз бостандығы мен пікір білдіру құқықтарына, әділ сот ісіне, жүріп-тұру еркіндігі мен жеке өміріне әсер етті. Ақпаратқа қол жеткізу барысында, әсіресе журналистердің мемлекеттік органдардан ыңғайсыз ақпарат сұратқанда қиындықтар туындады.

“Мұндайда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі ақпарат шығып, таралады”,-дейді  MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Игорь Братцев. 

“Аудитория контент тұтыну және тарату кезінде сыни пайымды шет қалдырады. Қисынға салмай, эмоционалды түрде әсерленіп, бұрмаланған немесе жалған ақпаратты қабылдап, өңін өзгертіп тарата түседі. Бұл жауапкершілікті күшейтіп, бақылауды қатаңдатып, пікір білдіру құқығы мен ақпарат алу еркіндігін шектейді”, деп толықтырды Игорь. 

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы тәуелсіз және объективті ұйымдардың әлеуетін нығайту, сыни пайым мен дұрыс медиа тұтынуды қалыптастыру, медиасауаттылықты дамыту, жалған ақпаратқа қарсы тұру арқылы  Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі азаматтық қоғамды қолдайды, 

Қазіргі негізгі жобаларымыз — Медиа мектеп (1700-ден астам түлектеріміз бар), медиасауат бойынша жобалар, Factcheck.kz жобасы және Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі азаматтық қоғам сарапшыларының қатысуымен жария талқылаулар өтетін Expert Public Space онлайн-алаңшасы. 2020 жылы инфодемия басталғанда үлкен аудиторияға арналған медиа және ақпараттық сауат туралы Media ME! курсымыз ашылды. 

USAID қаржыландыруымен жүзеге асатын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы MediaNet ұйымының жоғары сынып оқушыларына арналған медиа және цифрлы сауат бойынша оқулық даярлау жобасын қолдайды. Бұл оқулық Қазақстан мектептерінде медиасауаттылықты оқытатын тұңғыш жергілікті оқулық болғалы отыр. 

Бақтыгүл Бурбаева, KazMediaNetwork атқарушы директоры

KazMediaNetwork – 2021 жылы ақпанда Алматыда (Қазақстан) тіркелген жаңа қоғамдық бірлестік. “Біздің миссиямыз — қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері мен міндеттерін талқылайтын бірыңғай алаңша құру, журналистік қызметтің этикалық қырын даярлау”-дейді KazMediaNetwork атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаева.

“Ұйым Қазақстандағы медиа саласының өзін-өзі реттеуіне арналған Медианың негізгі принциптерін дайындау бастамасынаан құрылған.

“Кәсіби журналистика еліміздің барлық саласында сапалы өзгерістердің бастауы әрі негізі бола алатынына сенеміз. Болашақ журналистерді оқыту бағдарламасына енгізетін ұсыныстар дайындаймыз, әлеуметтік желілердегі парақшамызда сарапшылармен бірге медиа саласының проблемаларын талқылаймыз, өзіміз де сөйлейміз. Журналистер құқығы әрдайым қорғауға мұқтаж”-дейді Бақтыгүл. 

2021 жылы 3 бағытта жұмыс істеуді жоспарладық. Біріншісі — Қазақстандағы медианың өзін-өзін реттеу Қоғамдық комитетін құру. Бұл БАҚ пен медианың кәсіби деңгейін көтеріп,  басы артық сот процестерінің алдын алады. Екіншісі — Қазақстаның оқу орындарындағы журналистика факультеттеріне арналған бірыңғай оқу-әдістемелік бағдарлама дайындау. Үшіншісі — Қазақстан журналистеріне этикалық нормалар мен стандарттарды таныту. 

“Біздің маңызды жұмысымызға USAID қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында Internews Network қолдау көрсетіп келеді. Таяуда басқа да халықаралық ұйымдарға шығамыз, өйткені медианың өзін-өзі реттеу органын құру — бастамашыл топтан мықты жұмысты талап етеді. Алда көптеген кездесулеріміз бар, медиада ақпарат таратамыз, сұхбаттар жариялаймыз”,-дейді Бақтыгүл. 

2020 жылы медиасарапшылар тобы Қазақстан медиасының негізгі принциптері жобасын дайындауға кірісті. Жоба Қазақстан Медиа-альянсы өкілдерінің, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері — Қанат Сахария, Арманжан Байтасов және бақилық болған Михаил Дорофеевтің қатысуымен жүзеге асты. Михаил Дорофеев “Қазақстандағы медианың негізгі принциптерін” дамытуға үлкен үлес қосты. “Біз оның қазақстандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесін әрдайым ризашылықпен еске аламыз”-дейді Бақтыгүл. 

БАҚ құқықтарын қорғайтын ұйымдардың атқарар жұмысы көп. Десе де Орталық Азияда сөз бостандығын қорғау бойынша түрлі іс-әрекет жасалып жатқаны шабыт сыйлайды әрі көңілге қуаныш ұялатады.

Ең бастысы — журналистер ғана емес, жалпы жұртшылықты ақпаратқа қол жеткізу, проблемаларды айта алу мүмкіндігі алаңдатады. Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні бұған дейінгі жетістіктерімізді танып, саралап, алда атқаратын жұмыстарды назарда ұстауға мүмкіндік болмақ. 

Тәжікстан мен Өзбекстандағы жағдай туралы да оқыңыз. 

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи