2020 жылы Internews Kazakhstan ұсынған продакшен-грант жеңімпаздарының бірі – “Ата-ана сағаты” (Ata-ana sagaty) подкаст жобасы. Бұл жоба бала тәрбиесі, баланың дамуы мен денсаулығы, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, түрлі таптаурын түсініктер мен фобияларды, жалпы айтқанда, бала өміріне қатысты түрлі тақырыптарды ата-ана, кәсіби сала мамандарымен талқылайды. АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асқан “Ата-ана сағаты” подкастінің авторы Бақытгүл Салыхова жобаның ерекшелігі, аудиториясы, подкаст/видеподкаст жасау қиындығы мен қызығы туралы айтып, тәжірибесін баяндады.
“Ата-ана сағаты” подкасті 7 жасқа толмаған баласы бар ата-ана және кәсіби сала мамандарының басын қосып, баланың дамуы мен қалыптасуындағы ерекшеліктер, ата-ананың қиялы мен үміті, бала өміріне қатысты қорқыныштарын және тағы басқа мәселелерді ашық талқылауды мақсат етіпті.
– 7 жасқа толмаған балалардың дамуына байланысты туындайтын сұрақтар барлық ата-ананы толғандырса керек. Осындай мәселелерді онлайн талқылап, кәсіби маманмен бірге жауабын іздеу – өте маңызды. Бүгінгі буынды олардың қызығушылығы мен талабына сай тәрбиелеп, ата-ана мен бала байланысын үзіп алмай, нығайту үшін ата-аналарға қолжетімді қосымша ақпарат ұсынуға тырыстық. Бала тәрбиесінде дәстүр, жеке тәжірибе не туған-туыс, дос-жаранның ақыл-кеңесі, «бізді де солай өсірген» деген түсінік жеткіліксіз. Бұл жобаның негізгі миссиясы: ата-ана сұрақтарына кәсіби мамандармен (психолог, педагог, заңгер, тәрбиеші) және көпбалалы ата-ана, ата-әже және тағы басқа бірлесе, ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, кәсіби кеңес алу, жауабын білу болды,-дейді Бақытгүл Салыхова.
Грант талабына сай, “Ата-ана сағаты” подкастінде барлығы 25 эпизод жариялануы тиіс екен. Әр эпизод ұзақтығы кемі 40 минут болуы керек. Автор барлығы 26 эпизод шығарыпты.
– Подкаст форматы әлемде соңғы жылдары кең таралып, жер-жерде қолданысқа енді. Осы форматты таңдау арқылы қазақ тілінде подкаст жасау және тыңдау мәдениетін де насихаттағымыз келді. Өкініштісі, қазақша подкаст форматының көпшілікке жетуі, санының көбеюі, танымал подкастерлердің шығуы баяу жүріп жатыр. Сондықтан қоғамда подкаст жасау, тыңдау, сол арқылы сұрақтарына жауап табу мәдениетін қалыптастыру да маңызды,-дейді автор.
“Ата-ана сағаты” подкастінің бір ерекшелігі – әр шығарылымының видеонұсқасы, яғни видеоподкаст те бар. Осылайша аудиал аудиториядан бөлек, видеоны жақсы көретін қауымды да қамтыды.
– Питчингтегі талқылауда видео нұсқасын түсіру туралы ұсыныс айтылды. Ұсынысты қолдадық, бірақ видеоподкаст түсіру оңай шаруа емес екенін уақыт көрсетті. Жоба басталарда коронавирус пандемиясы қатар келіп, біраз қиындық туындады. Ең басты қиыншылық — адам ресурсы. Карантин шектеулері, жобаға қатысушылардың ауырып қалуы біраз нәрсені өзгертіп, бастапқы жоспарымызды сол қалпында жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Балабақша, мектептерде ата-аналармен кездесу өткізуге, қосымша насихаттауға және талқылауға мүмкіндік болмады. Әйтсе де карантин шектеулері тығырықтан шығар жол іздеп, ойлануға, шешімдерді өзгертіп, мәселеге басқа қырынан қарап, барынша сабырлы болуға үйретті. “Бәрі жақсы болатынына” сенуге күш-жігер берді,-дейді Бақытгүл Салыхова.
“Ата-ана сағаты” подкастінің негізгі аудиториясы – 7 жасқа толмаған балалары бар ата-ана, бастауыш сынып мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, педагогикалық бағыттағы ЖОО мен колледж оқытушылары, студенттері екен. Бала психологиясы, бала құқығы мәселесімен айналысатын мамандар да негізгі аудиториясына жатады. Жас ерекшелігіне келсек, 18-50 жас аралығындағы адамдар. Қамту аймағына күллі Қазақстан және шетелдегі қандастар да кіреді.
– Кәсіби мамандардың қатысуымен қазақша сапалы подкастілеріміз жастарды, жас ата-аналарды, жалпы көпшілікті қызықтыруын ойладық. “Сұрақтарына жауап тауып, пікірталас жасап, қоғамда балаларға қатысты қиын мәселелерді шешуге үн қосып, ұтымды шешімдер қабылдауға атсалысады” деп күттік. Аудитория тарапынан қызығушылық болды, алайда жүз мыңдаған аудиторияға жете алмады. Мұны біздегі подкаст форматының енді дамуымен де байланыстырамын. Подкаст эпизодтарында қозғаған тақырыптарымыз алдағы біраз жылда да өзекті болады. Подкаст аудиториясы да ұлғаяды. Сол кезде біз айтқан тақырыптарға ой қосатын, эпизодтарымызды тыңдайтын аудитория тағы көбейеді. Подкастімізді тыңдаған ата-ана тақырыпқа қатысты ойын айтып, кері байланысқа шығады, пікірлерін әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларымызда жариялап, талқылайды. Instagram әлеуметтік желісінде парақша да жүргізіп жатырмыз,-дейді Бақытгүл Салыхова.
Подкаст жасау қиын ба? Неден бастау керек? Бақытгүл Салыхова әркім де подкастерлердің кәсіби кеңесін интернет сайттарынан тауып алатынын айтады.
— Басты айтарым — не үшін подкаст жасайтыныңызды, идеясы мен қандай нәтижеге жететініңізді нақтылап алыңыз. Өзіңізді дамытқыңыз келе ме? Танымал болғыңыз келе ме? Адамдарға пайдалы ақпарат бөлісіп, білім таратуды қалайсыз ба? Тез ақша табуды көздейсіз бе? Міне, осы сауалдарға жауап беріңіз. Менің ойымша, Қазақстанда подкаст жасап, ақша табу мүмкін емес. Білетін-танитын подкастерлердің көбі өз қызығушылығы үшін жеке қаржысы мен уақытын жұмсап, подкаст жасайды. Түрлі мекемелердің, компаниялардың жүйелі жүргізетін подкастілері де бар,-деді жоба авторы.
Бақытгүл Салыхованың айтқанындай, подкастер болу үшін:
|
“Ата-ана сағаты” подкаст жобасын сәтті орындаған Бақытгүл Салыхованың медиа мамандарға кеңесі қысқа да нұсқа. “Біреудің жолын екінші адам қайталамасы анық. Демек басқа адамның тәжірибесі де басқаша болады. Басқаның кеңесі кейде өз нәтижесін бермейді” дей келе, бірнеше кеңес айтты.
|
Айтпақшы, “Ата-ана сағаты” жобасы жалғасады. Енді тек подкаст форматында шығады екен.
— Ата-аналармен әлі талқылайтын, пікір алмасып, ой-тәжірибе бөлісетін тақырыбымыз баршылық,-дейді Бақытгүл Салыхова.
«Ата-ана сағаты» подкастін мына платформаларда тыңдай аласыз:
Автордың Bilimpaz.kz сайтында
Apple Podcasts платформасында
Google Podcasts платформасында
Anchor.fm платформасында
CastBox платформасында
Бұған дейін 2020 жылғы продакшен-грант жеңімпаздарының бірі — Айсұлтан Жақыповтың «Сүйрік» жобасы туралы мақаламыз шықты.